Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және жоғары білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – шетелдік жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамына арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары.
Биыл мамыр айында Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан аймағындағы Нөкіс мемлекеттік техника университетінің «Механика инженериясы, еңбек және техника қауіпсіздігі» кафедрасының доценті Сатнияз Алланиязов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтында ұйымдастырылған «Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін есептеу және жобалау» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсынан өтті. 144 академиялық сағатты қамтыған бағдарлама өндірістік қауіпсіздік, еңбек қорғау, тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік жүйелерін жобалау және есептеу салаларындағы заманауи ғылыми-тәжірибелік тәсілдерді меңгеруге бағытталды. Бағдарлама аясында тыңдаушы тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасында кәсіби бағыт-бағдар алды.
Оқу барысында қатысушы теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларын жетілдіріп, қауіпсіздік инженериясы саласындағы заманауи әдістер мен технологияларды меңгерді. Дәрістер мен практикалық сабақтарда өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін жобалау, тәуекелдерді бағалау, заманауи оқыту технологияларын пайдалану, ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері кеңінен қарастырылды.
Бағдарлама аясында «Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару» білім беру бағдарламасының магистранттарымен кездесті. Кездесу барысында ол өзінің ғылыми-педагогикалық және өндірістік тәжірибесімен бөлісіп, магистранттардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен кәсіби дайындықтарына қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, өзін қызықтырған сұрақтарға да жауап алды. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына оң ықпал етеді. Сондай-ақ тыңдаушы университеттің ғылыми инфрақұрылымымен, электрондық кітапханасымен, халықаралық дерекқорларымен танысып, кәсіби қызметінде қолдануға қажетті оқу-әдістемелік және ғылыми материалдарды жинақтады. Зертханалық сабақтар барысында заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу тәжірибесін жетілдіріп, инженерлік қауіпсіздік саласындағы инновациялық шешімдермен танысты.
Қарақалпақстаннан келген әріптестің біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Орталық Азия университеттері арасындағы осындай байланыстар өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға және тұрақты дамуға бағытталған ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға қызмет етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық серіктестік аясындағы білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытып, Орталық Азия кеңістігінде жоғары білікті мамандар даярлауға және ғылыми қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қоса береді.
Айгүл Қожахан
ҚазҰУ тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты,
Нұргүл Бергенева
тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының
доценті, биология ғылымдарының кандидаты Лицензия № KZ89LAM00001798


