Перейти к содержимому
Главная страница » Сапалы қызмет – басты талап

Сапалы қызмет – басты талап

Кез келген елдің бірінші орында алаңдататын мәселесі – ха­лық­тың ден­саулығы. Өйткені дені сау адам – қоғамның бай­лығы. Сондықтан кез келген мем­лекетте азаматтарының ден­саулығы алдыңғы қатарда тұрады. Осы орайда 3 мыңнан астам дәрігер, 10 мыңнан аса орта буын қызметкері еңбек ететін облыстың денсаулық сақтау жүйесі тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн.

Өңірде 356 медициналық нысан ауыл мен қала тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді көмек көрсетуде. Облыс әкімдігі тарапынан орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қолдау шаралары қабылдануда. Тапшы мамандықтарға гранттар бөлініп, бүгінде 172 резидент білім алуда. 2025 жылы өңірге 183 жас маман келіп, қызметін бастады. Шалғай елдімекен тұрғындары үшін 9 жылжымалы кешен жұмыс істейді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт пайдалануға берілді.
Медицина саласын цифрландыру нәтижесінде науқастар үшін көптеген қызмет қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсті. Цифрлық медициналық сервистер арқылы тұрғындар дәрігер кеңесін қашықтан ала алады. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін бұл өте тиімді болып отыр. Мұндай қызметтерге сұраныс жылдан-жылға артып келеді.
Күрделі жөндеу жұмысы толық аяқталған Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына ангиографиялық жабдық орнатылды. Ангиограф және жылжымалы маммографпен жабдықталды. Есік қаласындағы облыстық перинаталдық орталық жаңартылып, пайдалануға берілді. Қарасай, Ұйғыр және Жамбыл аудандық ауруханаларында жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ал Нарынқол ауылында жаңа аудандық емхананың құрылысы аяқталуға жақын.
«Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында облыстық балалар ауруха­насына магниттік-резонанстық томограф орнатылды. Онкологиялық қызметті дамыту мақсатында 27 жоғары технологиялық құрылғы сатып алынды. Қонаев қаласындағы көпсалалы ауруханаға операциялық микроскоп жеткізілді. Қазіргі кезде медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейін арттыру көрсеткіші 93 пайызға жетті. Алдағы кезеңде жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды көбейту, «Жедел жәрдем» қызметін жаңарту және цифрлық жүйелерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Облыс дәрігерлері Ресей мен Беларусь елдерінің жетекші клини­каларында біліктілігін арттырып, халықаралық тәжірибе жинақтауда. Шетелде тәжірибеден өткен мамандар елдімекендерде мобильді медициналық топтар құрамында жұмыс істеуде. Мұның медициналық қызмет сапасын арттыруға және заманауи емдеу тәсілдерін енгізуге септігін тигізетіні анық.
Облыс халқының денсаулығын нығайту жолында еселі еңбек етіп жүрген барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еңбегі ерен, алақаны шипалы, жүрегі мейірімді ақ халатты абзал жандарға мұқалмас ерік-жігер, қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тілеймін.

Ержан СҮЛЕЙМЕНОВ,
облыстық денсаулық сақтау
басқармасының басшысы