Перейти к содержимому
Главная страница » Еленген еңбек

Еленген еңбек

Балқаш ауданы Құйған ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінде 50 жылдан астам тұрғындардың денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Шырақбай Қарашүкеев пен Нұрила Қарашүкеева – елге сыйлы жандар.

Шырақбай Қарашүкеев 1950 жылы Құйған ауылында дүниеге келген. Жастайынан дәрігер болуды армандаған ол Алматы мемлекеттік медицина институтын аяқтап, интернатурадан соң 1975 жылы Құйған ауылдық ауруханасында терапевт болып еңбек жолын бастайды.
Нұрила Мықтыбекқызы 1951 жылы Бақанас ауылында туған. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойын­ша бітірген. Интернатурадан кейін Құйған ауылдық ауруханасында педиатр болып жұмысқа қабылданады. Содан бері толассыз қызмет етіп, зейнет демалысына шаққанымен, олардың үйіне жанына дауа іздеп баратын науқастар жетерлік. Еңбек ардагерлері көмек сұрап келген науқастарға әрдайым қолұшын беруге дайын.
Ақ халатты абзал жандар туралы әріптестерінен сұрап көргенімізде аудандық аурухананың директоры Бақыт Жәмеков олардың кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен көпке үлгі бола білгенін айтса, балалар дәрігері Күләш Жақанқызы интернатурадан өткен кезде ерлі-зайыптылардың еңбегін көзбен көріп, тәнті болғанын іркіп қалмады. Ал ауыл тұрғыны Хадиша Исағұлова:
– Нұрила Мықтыбекқызы мен Шырақбай Қарашүкеевке алғысымыз шек­сіз. Олар қашанда медициналық сапалы көмек көрсетуден аянбайды. Былтыр қазан айында жұбайым Ермек Исағұлов ишемиялық инсульт алып, есеңгіреп қалдық. Шырақбай аға келіп тексеріп, Жедел-жәрдем шақырып, аудандық орталық ауруханаға апаруға қолұшын берді. Ісіне адал жанның көрсеткен алғашқы дәрігерлік көмегінің арқасында жұбайым бүгінде ортамызда жүр. Отбасымыздың атынан ақ халатты абзал жанға ризашылығымызды білдіре­міз, – деп ағынан жарылды. Сонымен қатар құйғандық Қойшыбай Күнғосаев 76 жасқа келсе де адам жанына араша болып келе жатқан Шырақбай ата жайлы жылы лебізін білдірсе, тағы бір ауылдасы Олег Шумахер оған «дәрігер емес, нағыз емшісіз» деп қалжыңдайтынын жеткізді. Ауыл жұртшылығы оны «өзі хирург, өзі акушер-гинеколог әрі терапевт» деп те әзілдеп жатады. Бұл – Шырақбайдың еңбегіне берілген шынайы баға.
Халық алғысын арқалаған абзал жандардың көп жылғы адал еңбегі ескерусіз қалмады. Шырақбай Қарашүкеев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, Балқаш ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Нұрила Қарашүкеева «Шапағат» төсбелгісін кеудесіне тақты, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды. 2011 жылы Қазақстан әйелдерінің съезіне делегат болды.
Биыл Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ерлі-зайыптылар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» және облыс әкімінің «Аймаққа еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Аудан әкімі Азат Құтпанбетов Құрмет грамотасын табыс етіп, иықтарына зерлі шапан жапты.
Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жандардың өмір жолы көптеген жасқа үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы