Қарасаздағы Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде жырсүйер қауым асыға күткен республикалық «Мұқағали оқулары» мәресіне жетті. Байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында Мұқағали Мақатаевтың әдеби мұрасын кеңінен дәріптеу, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдау.
Іс-шара Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері дайындаған «Мен нағыз махаббатты армандаймын…» атты қойылымымен басталды. Тағылымға толы шарада Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Айнұр Әмірханқызы, Алматы қаласынан арнайы келген асылдың сынығы Шолпан Мұқағалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл байқаудың жылдан-жылға маңызы артып, аясы кеңеюде. Еліміздің барлық өңірінде өткен аудандық және облыстық іріктеу кезеңдеріне жеті мыңға жуық оқушы қатысып, солардың арасынан суырылып шыққан жетпіс дарынды жас республикалық кезеңге жолдама алды. «Бұл – үлкен еңбек пен таланттың, табандылық пен талаптың жеңісі», – деген Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы Шолпан Мұқағалиқызына ыстық лебізін білдіріп, иығына шапан жапты.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ділдар Мамырбаева, ақын Роза Сейілхан, «Оразалы Досбосынов» атындағы шығармашылық орталығының директоры, ақын Айтуған Жетебаев, дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиев, айтыскер ақын Даубай Әбдісаев, дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжанов, Білім беру ісінің үздігі Нұрайша Бекеева, филология ғылымдарының кандидаты Бекзада Қожекеева болды.

Байқаудың «Айтып өткен ақында арман бар ма?» бағыты бойынша әрбір қатысушы ақын өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқыды. «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» бөлімінде жас ақындар өздерінің төл туындысын ұсынды. «Жыр эстафетасында» талапкерлер ақынның «Аққулар ұйықтағанда», «Алтай – Атырау» және «Райымбек, Райымбек!» поэмаларын бірінен соң бірі іліп әкетіп, жатқа оқыды. Биылғы республикалық байқауға «Дариға, домбырамды берші маған» атты төртінші бағыт қосылды. Яғни Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндердің бірін қатысушы жанды дауыста, кез келген аспапта орындады.
Сонымен, екі күнге созылған сайыс өз мәресіне келіп жетті. Байқау қорытындысына сәйкес, үшінші орынды 14 үміткер иеленді. Екінші орынды 9 қатысушы қанжығаласа, бірінші орынды Даниал Рахимов (Алматы облысы), Ұлпан Сүндет (Жамбыл облысы), Әли Ислам (Шымкент қаласы), Әлихан Ылайхат (Жамбыл облысы) алды. Көпшілік күткен бас жүлдені өлеңде қарсылас маңайлатпай, өнерімен оза шапқан Қобылан Қыдырәлі (Маңғыстау облысы), Бақыт Ерасыл (Алматы облысы), Ханкелді Бектенов (Алматы қаласы), Батырхан Байданов (Шымкент қаласы) жеңіп алды.
Жыр сайысының барлық номинациясы бойынша Райымбек ауданы әкімдігі арнайы Хасенәлі Саматыров, Бердібек Соқпақбаев, Еркін Ібітанов, Жұмаш Өтеев, Есенқұл Жақыпбеков, Оразалы Досбосынов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов атындағы жүлде тағайындағанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар төрт оқушы кәсіпкер Тасболат Қырғызбайұлы тағайындаған 50 000 теңгелік ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Ақын мұрасын ұлықтаған жыр сайысы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасып, жас таланттардың шыңдалуына жол ашары сөзсіз.
Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Райымбек ауданы

