Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, өткен 2025 жылы елде адамдар зардап шеккен 36,1 мың жол апаты тіркелген екен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп, ал 2015 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары. Материалдық шығынның шаш етектен екені айтпаса да түсінікті бұл жағдайда. Көлік апатының дені жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруынан болып жатады.
Осындай апатты жағдайдың алдын алу мақсатында Ұйғыр ауданында ұдайы профилақтикалық шаралар өтіп тұрады. Сондай түсіндіру жұмыстарының бірі Ұйғыр ауданы прокуратурасының үйлестіруімен өтті. Полиция қызметкерлерімен бірлікте өткен «Жылдамдықты азайт – өміріңді сақта» акциясы аясында аудан аумағында жылдамдықты арттырған жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Олардың осындай бір сәттік асығыстық пен жылдам жүруге деген қызығушылығы қаншама қайғылы оқиғаларға алып келіп жатқаны түсіндірілді. Жылына мыңдаған жан осындай салғырттық салдарынан жапа шегетіні де айтылды.
Рейд жұмыстары барысында тек жылдамдық арттырған жүргізушілермен ғана емес, жол ережесін бұзған темір тұлпар тізгінін ұстаушылар да назардан тыс қалмады. Олар кейбіріне хаттама толтырылса, бұған дейін ереже бұзу дерегі жоқ жүргізушілерге ескертпе беріліп, ереже бұзудың қандай айыппұлдарға алып келетіні түсіндірілді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу. Көлік жүргізушілердің құқықтық мәдениетін арттыру мақсатындағы мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
