«Биенің сүті сары бал,» -деп Ақтамберді жырау жырлағандай, «Қымызмұрындық-2026» мерекесінде түстен кейін Қарқара атшабарындағы мың жылқының көрінісі жиналған көпшіліктің назарын өзіне ерекше аударды.
«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек»- демекші, үйірлі жылқының көрінісін көргенде көшпенді ата-бабаларымыздың, ат үстіндегі баһадүр батырларымыздың өмірі көз алдымызға келді. Көптен күткен сәт. Рух оянды. Әнеки, Қарқара жайлауынан ат дүбірі естілді.
Жер тарпыған жылқылар дүбірін естігенде, елең етпеген ел қалмады. Делебені қоздырып, көшпенді қазақтың «өшкені жанып», «өлгені тірілгендей» күйде болдық. Қамыс құлақ, апайтөс жылқылардың сұлулығына сүйсіндік. Келбеті келіскен, тай-құлыны тебіскен көріністі көргенде қазақ болғанымызға қуандық!
Осылайша, Қарқараның хан жайлауында алғаш рет мың жылқының дүбірі естіліп, дала тарихына еніп барады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
