15 наурызда республикалық референдумда қабылданған, кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұратын азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту, цифрлық кеңістіктегі жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау және тағы да басқа маңызды мәселелер қамтылған Қазақстан Республикасының Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Соған орай 30 маусымда Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы өтті.
Тарихи басқосуда сегізінші шақырылым депутаттарының жұмысына баға берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алатау қаласының ерекше мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігін атап өтуі – шаһар тұрғындары үшін үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Президент Алатауды инновация, ғылым, жоғары технологиялар және инвестициялар шоғырланатын жаңа даму орталығы ретінде айқындады. Бұл – қаланың болашағына берілген нақты стратегиялық бағыт.
Аталған бастамалар жаңа шаһардың қарқынды дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның жақсаруына және халықтың әл-ауқатының артуына берік негіз болады деп сенемін. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру жолында әрбір тұрғын өзінің еңбегімен, жауапкершілігімен және белсенді азаматтық ұстанымымен үлес қосуы қажет. Жарқын болашақта Алатау қаласы еліміздің жаңа экономикалық және инновациялық орталығына айналатынына сенім мол.
Гүлбану НЕСІПБАЕВА,
Алатау қаласы әкімінің орынбасары


