Құқықтық мемлекет құру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қарасай аудандық филиалында «Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның қос қанаты» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Басқосу барысында қоғамдағы ең өзекті мәселелер – тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және жемқорлыққа қарсы күрес тақырыптары ашық талқыланды.
Іс-шара барысында үш негізгі бағыт бойынша пікірталас өрбіді. Алғашқы кезекте қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын қозғап, бұл бір отбасының мәселесі емес, бүкіл қоғамның қасіреті екенін алға тартты.
Келесі кезекте вандализммен күрес мәселесіне мән беріліп, коғамдық мүлікті бүлдіру, тарихи ескерткіштерді қорлау мәдениетсіздік қана емес, заңмен жазаланатын қылмыс екені баса айтылды. Ортақ үйімізді қорғау әр азаматтың міндеті екені алға тартылды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың мемлекет дамуына келтірер кедергісі туралы айтылып, пара бермеу де, пара алмау да әр адамның ішкі мәдениетіне айналуы тиіс деген қорытынды жасалды.Жиын соңында қатысушылар «Ашық микрофон» форматында өз ұсыныстарын білдіріп, пікірлерін айтты.
Шараға қатысушылардың бірі: «Құқықтық мәдениет тілді құрметтеуден басталып, заңды қастерлеумен ұштасады. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған жаңа заңдар – ана мен бала қауіпсіздігінің кепілі. Біз қоғам болып «жабулы қазан жабулы қалады» деген ескі түсініктен арылуымыз керек. Сондықтан бұл мәселені ашық талқылау – салауатты қоғам құрудың алғашқы баспалдағы», – деген ойын айтты. Енді бірі Вандализм мен көшедегі тәртіпсіздік – бұл ішкі мәдениеттің жоқтығы. Аялдамаларды қирату, ескерткіштерді бүлдіру секілді әрекеттерге жол бермеу керек. Әрбір жасөспірім өз әрекеті үшін заң алдында жауап беретінін ерте жастан сезініп өсуі тиіс екенін алға тартты.
«Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің ғана емес, біздің де басты міндетіміз. Білім алуда, жұмысқа орналасуда тек әділдік пен өз білімімізге сену мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет мектеп қабырғасынан, отбасынан бастап қалыптасса, біз шынымен де Әділетті Қазақстанды құра аламыз», – деген де пікір айтылды.
Шарадан түйген ең басты ой – Әділетті Қазақстанды құру әрқайсымыздың заңды құрметтеп, тәртіпті сақтауымыздан басталады. Сол арқылы біз өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да үлес қосамыз. Әр азамат заңға бағынуды өмірлік қағидаға айналдыруы керек.
Гүлнар Спандиярова,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Қарасай аудандық филиалының оқытушысы


