Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған әрбір Үндеуі мен Жолдауы – еліміздің ертеңін айқындайтын, ұлтымызды ұлы мақсаттарға бастайтын темірқазық. Президентіміз «Әділетті Қазақстанды» құру жолында заң мен тәртіпті, еңбекқорлық пен білімді басты құндылық ретінде алға қойып отыр. Біз, аға буын өкілдері, Талғар аудандық ақсақалдар кеңесі атынан Мемлекет басшысының бұл бастамаларын толық қолдаймыз және баршаңызды осы игі істердің төңірегіне топтасуға шақырамыз.Біздің ең үлкен байлығымыз – елдің тыныштығы, ұлттың тұтастығы мен мызғымас бірлігі. Қазақ әлімсақтан үлкеннің сөзіне тоқтап, ақсақалдың батасымен іс бастаған. Сондықтан бүгінгі алмағайып заманда жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларды отансүйгіштікке, имандылыққа және адал еңбекке тәрбиелеу – біздің басты парымыз. Ел Президенті алға қойған реформалардың табысты болуы әрбір шаңырақтың берекесінен, әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады. Тәртіп бар жерде – береке бар, бірлік бар жерде – даму бар. Талғар өңірі – қасиетті, тарихи мекен. Ауданымызда оның дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан еңбекқор адамдар көп. Әрине, төрт құбыламыз түгел, ешқандай кемшілік жоқ, бәрі жеткілікті деу – ақиқаттан аттау болары анық. Дегенмен, оларды біріге шешіп, сын-қатерлерді бірлесе еңсерсек, ауданымыздың да, облысымыздың да, сондай-ақ тұтас мемлекетіміздің гүлденуіне де қомақты үлес қосатынымыз сөзсіз!Сондықтан бөлінуге емес, бірігуге үндейтін Президент саясатын қолдап, Әділетті Қазақстанның іргесін бірге бекітейік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Сын сағаттарда сыралғылық танытып, береке-бірлігімізді арттыра берейік! Еліміз іргелі, егемендігіміз мәңгілік, Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын!
Ахат СОЛТАНҚҰЛОВ,
Талғар аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы


