Перейти к содержимому
Главная страница » Күн тәртібінде – әйелдер құқығы

Күн тәртібінде – әйелдер құқығы

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төраға­лығымен әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бас­қосуға комиссия мүшелері, тиісті басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Анархан Оразахуноваға берілді.
– Соңғы жылдары кең таралған құқықбұзушылықтың бірі – сталкинг. Ол үнемі телефон шалу, хабарлама жіберу, әлеуметтік желілер арқылы мазалау, адамның жүрген жерін аңду, жұмыс орны немесе үйінің маңында күтіп жүру, жеке өміріне заңсыз араласу сияқты әрекеттерден көрінуі мүмкін. Адамның психологиялық жағдайына кері әсер етіп, қауіпсіздігіне қауіп төндіретін мұндай құқықбұзушылық үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген. Биыл 6 айда облыс аумағында халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған 34 кездесу, 54 дәріс және 15 ақпараттық-профилактикалық акция өткізілді. Аталған мерзімде сталкинг бойынша 8 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 6 қылмыстық іс сотқа жолданды, – деген Анархан Аутахунқызы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкингтің алдын алу бүкіл қоғамның міндеті екеніне баршаның назарын аударды.
Мінберге шыққан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаева өңірдегі әйелдер кәсіп­керлігін қолдау шаралары туралы баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, биыл 5 айда облыс аумағында 134,1 мың жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Әйелдер басқаратын кәсіпорындар 54%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен асып түсіп, аймақтағы әйелдердің жоғары кәсіпкерлік белсенділігін байқатқан. «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы аясында биыл 1,2 млрд теңгеге 111 несие берілсе, оның 356,0 млн теңгесін 42 кәсіпкер әйел алған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жаңа кәсіпкерлерге кеңес беру, бухгалтерлік, маркетингтік және заңгерлік көмек көрсетеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдауды үш негізгі құрал арқылы көрсетуді жалғастыруда. Былтырдан бері әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту облыстық кәсіпкерлік басқармасы арқылы жүзеге асырылып жатқанын айтқан Айгүл Жұмаханқызы былтыр 20 кәсіпкер әйелге қолдау көрсетілгенін, биыл бұл бағытқа 200 млн теңге қаражат бөлінгенін хабардар етті. Сонымен қатар 400 АЕК көлемінде грант беру тетігі іске асырылып жатқанын, был­тыр 260 гранттың 205-і кәсіпкер әйелдерге берілгенін, биыл 950 грант беру жоспарда бар екенін айтты.
Келесі кезекте Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықовтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау және олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында құқықтық және психологиялық кеңес берілген. «111» сенім телефоны арқылы келіп түскен хабарламалар бойынша дер кезінде психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетілген. Бүгінде 20 отбасы әлеуметтік сүйемелдеуге алынған. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 1 157 әйел тұрақты жұмысқа орналасқан. 64 жас маман «Жастар практикасымен» және егде жастағы 50 әйел «Күміс жас» жобасымен қамтылған.
Ауданда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында атқарылып жатқан ілкімді істерге кеңінен тоқталған Асқар Жұмаханұлы сөзінің соңында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдауды арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және отбасы институтын нығайту жұмысы жалғасын таба беретінін жеткізді.
Сөз кезегін алған Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов өмірлік қиындықтарға тап болған отбасыларға көмек көрсету, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту, гендерлік теңдікті сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы сөз қозғады.
Келелі жиынды қорытындылаған Ғани Майлыбаев күн тәрбінде қаралған мәселелер тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға және әйелдердің құқықтарын қорғау­ға бағытталған маңызды міндеттер саналатынын айтты. Сондай-ақ заңды күшіне енген жаңа Конституцияда неке мен отбасының мемлекет қорғауында екені, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу қағидаттары конституциялық деңгейде бекітілгенін қаперге салды. Сонымен қатар облыстық полиция департаментіне, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларына, аудан мен қала әкімдіктеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Комиссия мүшелеріне барлық мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, аталған бағыттағы жұмыстарды бақылауға алып, белсенді жүргізуге атсалысуды сұрады.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ