Цифрлық технологияларды қолдану арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – бүгінгі күн талабы. Қарасай ауданының Алмалыбақ ауылында, Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҚазҒЗИ базасында өткен дәстүрлі «Дала күні» халықаралық семинарына қатысушылар бұл тұжырымды сөзбен емес, іс жүзінде дәлелдеді.
Бұл агроөнеркәсіптік сала жетістіктерімен бөлісіп, дамудың алдағы бағыттарын белгілеген жиын болды. Оған еліміздің әр өңірінен, өзге де мемлекеттерден ғалымдар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, бизнес-құрылымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Семинарға «Агроөндірістегі сандық технологиялар тұрақты даму негізі» тақырыбы арқау болды.
Шараға қатысушылар алдымен институттың түрлі бөлімдері мен зертханаларында болды. Олар жаңа сорттар мен будандар, суару мен тыңайтқыштарды енгізудің «ақылды» жүйелері қалай қолданылатыны туралы көптеген қызықты ақпарат алды. Егін шаруашылығының мүмкіндіктерімен танысып, ауыл шаруашылығы техникасын қалай пайдалануға болатынын іс жүзінде көріп білді.
Бірінші болып жүгері және арамшөп дақылдары зертханасының меңгерушісі Нұрсұлтан Мұсақожаев өз тәжірибесімен бөлісті. Ол осы дақылдардың жаңа сорты мен будандарын таныстырды. Сонымен қатар, дәнді дақылдар бөлімі, жемшөп дақылдары, қант қызылшасы және майлы дақылдар зертханаларының жұмыстары көрсетілді.
Семинар барысында суарудың және тыңайтқыштарды енгізудің «ақылды» технологияларын енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл туралы егіншілік бөлімінің меңгерушісі Рауан Жапаев баяндап берді. Оның айтуынша, институт бұл технологияны 2020 жылы енгізген. Ол өсімдіктердің жағдайын, ауаның температурасы мен ылғалдылығын қашықтықтан – смартфон немесе ноутбук арқылы бақылауға, сондай-ақ қашықтықтан қажетті режимді орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үш метеостанса мен бес ұңғыманың жұмыс істеуге үлкен көмек беретіні де атап өтілді.
Шарада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін, сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыштар мен техника өндіретін бірқатар институттар мен кәсіпорындар тауарларының көрмесі ұйымдастырылды.
Семинарды «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Бауыржан Асанов ашып, жүргізді. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Бақытұлы, Синьцзян-Ұйғыр автономиялық округінің ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының вице-президенті Әлифу Айэрси, сондай-ақ көптеген ғалымдар мен бірқатар кәсіпорындардың басшылары айтып берді.
Отырыстың пленарлық бөлігін «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева ашып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқарудағы заманауи агротехнологиялар мен цифрлық платформалар туралы әңгімеледі. Жиын барысында ҚХР-дан келген бірқатар ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинарға қатысушылар өзекті мәселелерді алға тартып, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Семинарда келтірілген тәжірибелік мысалдар арқылы АӨК болашағы жерді, суды тиімді пайдалануда және озық технологияларды қолдануда екені дәлелденді. Бұл істе ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар мен аграрийлердің бірлескен жұмысы маңызды.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы


