2026 жылы Алматы облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл өңірдегі 376 шақырым республикалық жол жөндеумен қамтылып, бұл соңғы жылдардағы ең рекордтық көрсеткіштердің біріне айналды.
Облыстағы республикалық жолдардың жалпы ұзындығы 1 734 шақырымды құрайды. Көлік инфрақұрылымын дамыту және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында соңғы он жыл ішінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өңірдегі негізгі халықаралық көлік дәліздерін кезең-кезеңімен жаңғыртты.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде І санаттағы автомобиль жолдарының ұзындығы 800 шақырымнан асып, облыстағы республикалық жолдардың жалпы ұзындығының 46 пайызына жетті. Олардың қатарына мынадай негізгі халықаралық көлік дәліздері кіреді:
• «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі;
• «Орталық – Оңтүстік» бағыты (Алматы – Астана);
• «Оңтүстік – Шығыс» бағыты (Алматы – Өскемен).
Сонымен қатар, соңғы бес жылда халықаралық транзиттік дәліздерге кірмейтін, алайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды болып саналатын 250 шақырымнан астам автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл жөндеу жұмыстарының көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 376 шақырымы қамтылып отыр. Жобаларды іске асыруға 22 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыстар республикалық маңызы бар сегіз автомобиль жолында жүргізілуде.
Жол жөндеу маусымының басты ерекшеліктерінің бірі – заманауи технологияларды кеңінен қолдану. Әсіресе ресайклинг технологиясы ерекше маңызға ие.
Бұл технология қолданыстағы асфальтбетон жабынын қайта өңдеп, оған инертті материалдар мен цемент қосу арқылы жол негізін күшейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде берік негіз қалыптасып, оның үстіне жаңа асфальтбетон жабынының екі қабаты төселеді.
Қазіргі уақытта аталған технология келесі автомобиль жолдарының учаскелерінде қолданылуда:
• «Кеген – Нарынқол»;
• «Көкпек – Кеген – Түп»;
• «Алматы – Төнкеріс – Байсерке – Междуреченск».
Ресайклинг технологиясын пайдалану жаңа жол-құрылыс материалдарын дайындауға кететін шығындарды азайтып, қолданыстағы материалдарды қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, цемент қолдану арқылы жол негізінің беріктігі артып, жол жабынының деформациялануы мен мерзімінен бұрын бұзылу қаупі төмендейді.
Жол жабынының тегістігін қамтамасыз ету мақсатында жол төсеу және фрезерлеу жұмыстары кезінде MOVA, Multiplex және басқа да заманауи автоматтандырылған басқару жүйелері қолданылады. Ультрадыбыстық датчиктердің көмегімен бұл жүйелер төселетін қабаттың қалыңдығы мен тегістігін автоматты түрде бақылап, жол-құрылыс жұмыстарының жоғары сапада орындалуын қамтамасыз етеді.
Ауқымды жол жөндеу бағдарламасын іске асыру Алматы облысындағы республикалық автомобиль жолдарының жай-күйін едәуір жақсартып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және өңір тұрғындары мен транзиттік тасымалдаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ
Алматы облыстық филиалы


