Бүгін еліміздің оңтүстік астанасындағы 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алау басы қарбаласқа толы. Шекарашылардың жасыл беретін киген біздің кішкентай шекарашылардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанады. Мұның себебі де жоқ емес. Қаладағы мектептерде ашылған әскери-патриоттық клубтардың мүшелеріне Жеңістің 81 жылдығына орай, алып мегаполисте өткен түрлі патриоттық шараларға белсене атсалысқан кадеттер «Мәңгілік алау» медалімен марапатталады. … Сәуір айының ортасынан бастап, Мәңгілік алау басында Құрмет қарауылына тұрған оқушыларды қала тұрғындарымен бірге шетелдік қонақтар да тамашалаған. Біз бұл туралы аз жазған жоқпыз. Болашақ шекарашылар мен полицейлер, өздерін төтенше оқиғалардың ортасынан көріп, кез келген сәтте көмекке келгісі келетін жас құтқарушылар, десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің қатарында қызмет атқаруды мектеп қабырғасынан шешіп қойған кадеттерді күннің ыстығы, төпелеген жаңбыр да тоқтата алмаған… Біз мұны да өз көзімізбен көріп, суретке түсіргенше асыққанбыз… Осы жерде сәл үзіліс жасасақ. Бүгін әскери-патриоттық клубтарының мүшелері салтанатты сапқа тұрған саябақтағы Мәңгілік алау 1975 жылы, Жеңістің 30 жылдығына орай ашылған болатын. Содан бері арадан туралы 51 жыл өтті. Мектеп оқушылары, курсанттар Құрмет қарауылының міндетін атқарып келеді. Қазақстанда «Естелік вахтасы» деп аталған бұл қозғалыс әсіресе 70-ші жылдардың екінші жартысынан бастап кеңінен тарады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де дәстүр үзілген жоқ. 2023 жылы ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан ашылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшелері де осынау игі шараға белсене атсалысып келеді. …Бүгін салтанатты сапқа тұрған кішкентай патриоттардың бойлары әртүрлі болғанымен, ойлары бір, кеуделеріндегі кішкентай жүректері бірге соғады. Бірге қуанады. Департаменттің Сержанттар құрамын даярлау бөлімі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Бимановтың қолынан «Мәңгілік алау» медалін алу үшін саптан шығып, офицердің алдына әскери тәртіппен келген кадеттердің жүздері де бізге етене таныс болып кеткелі қашан… Өйткені, біз оларды осындай шараларда ғана емес, Үлкен Алматы көлінің маңайынан кездестіреміз. Мұнда олар тау дайындығымен айналысады. Тіпті бір жолы олар буырқана аққан судың үстімен арқан арқылы өткенін көріп, қайсарлықтарына тәнті болғанбыз. Тауға шыққан сайын сондағы шекара бөлімшелеріне ат басын тіреп, шекарашы ағаларының қызметімен танысуды да өздерінің міндетіне балайтын ізбасарларымыз енді міне бүгін қайтадан сапқа тұрды. «Мәңгілік алау» медалін алу үшін. Осындай құрметке лайық болғаны үшін. Иә, соңы салтанатты шеруге ұласқан шара – кадеттердің алған марапаттары оларға батырларымыздың ерлігін мәңгілік есте сақтау, Отанымызға адал болу және абыроймен қызмет ету қаншалықты маңызды екенін еске салып тұрады. Сонысымен де ерекше!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы


