Астана күніне орай, Бақанас ауылындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы саябақта «Ақ ордам, алтын ордам – бас қалам!» атты мерекелік жиын ұйымдастырылды.Салтанатты шараға Балқаш ауданы әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаров қатысып, саябақтағы Д. Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараның шымылдығын түрген аудан әкімі Азат Үкітайұлы өз сөзінде ең әуелі Астана қаласының тарихына тоқталды. – 1997 жылы 20 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен еліміздің астанасы – Астана қаласы болып аталды, – деген аудан басшысы елордамыздың тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы, халқымыздың бірлігі мен жасампаз рухының, жаңару мен өркендеудің символына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ бас қаланың ел дамуының, тұрақтылық пен татулықтың жарқын көрінісі екеніне тоқталып, оның тарихын қастерлеу – келер ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңірудің маңызды кепілі екенін баса айтты. Бұдан кейін мерекелік шара барысында аудан жастары атынан Нұржан Өтешбай сөз алып, елордамыздың бүгінгі жас ұрпақ үшін білімге, жаңашылдыққа және үлкен болашаққа жол ашатынын тілге тиек етті. – Біз жастар еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға әрдайым дайынбыз. Астанамыздың мерейі үстем болып, еліміздің абыройы асқақтай берсін! Өздеріңіз білесіздер, күні кеше жаңа Конституциямыз күшіне енді. Бұл еліміздің құқықтық дамуы мен демократияның жаңғыруындағы маңызды қадам. Аталмыш өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып, әділетті қоғам құруға бағытталған. Біз жастар Конституцияны мемлекетіміздің басты заңы ретінде құрметтейміз және оның қағидаларын сақтауды әр азаматтың міндеті деп білеміз. Білімді, белсенді әрі жауапты жас буын Қазақстанның өркендеуіне өз үлесімізді қосып, Конституцияда бекітілген қағидаларды өмірде жүзеге асыруға атсалысуға дайынбыз, – деді ол. Мерекелік кеш барысында аудан өнерпаздары, атап айтсақ, Ботагөз Сапарова, Меруерт Балабекова, Талант Төлеубеков, Саят Нарботаев, Алмат Имаділдә, Айбын Батырбаев, Алмабек Садықов, Нұрдәулет Мейрамбек Астана туралы әндерді нақышына келтіре орындап, патриоттық әндер мен әсем әуендер, күмбірлеген күйлер арқылы көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарлама аудан тұрғындарының елордаға деген мақтаныш сезімін арттырып, шара соңы балқаштықтарға арналған би кешімен жалғасын тапты. Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Ажары кіріп, айбыны асқақтаған Астана қаласы бүгінгі күні біздің бойтұмарымызға айналды.Бұл мереке – әрбір қазақстандық үшін Отанымыздың жетістіктерін мақтан тұтып, ел игілігі жолындағы ортақ мақсаттарды айқындайтын ерекше күн.Осылайша Астана күніне арналған мерекелік іс-шара елорданың ел өміріндегі айрықша орны мен тарихи маңызын айшықтап, жұртшылықтың патриоттық рухын нығайта түсті.
Алтынай СЕЙІТКЕН
Балқаш ауданы





