Перейти к содержимому
Главная страница » АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНЫНА 934 308 ТЕҢГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНЫНА 934 308 ТЕҢГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Алматы облысының тұрғыны Kaspi.kz платформасындағы интернет-дүкен арқылы құны 934 308 теңге болатын Z Fold маркалы смартфон сатып алған.Алайда тауарды пайдалану барысында бір айға жетпейтін уақыт ішінде смартфон экранында ақау пайда болып, экран матрицасы істен шыққан. Осыған байланысты тұтынушы сатушыға тауарды қайтару туралы өтінішпен жүгінген.Сатушы жүргізген тексеру нәтижесінде смартфондағы ақаудың зауыттық ақау екені анықталған. Соған қарамастан, тауарды ауыстыру немесе ақшаны қайтару орнына смартфон жөндеуден өткізіліп, тұтынушыға қайта берілген.Тұтынушы жөнделген смартфонды қабылдаудан бас тартып, тауарда зауыттық ақау анықталғандықтан жаңа смартфон беруді немесе тауар үшін төленген ақшалай қаражатты толық көлемде қайтаруды талап еткен. Алайда тараптар арасында ортақ келісімге қол жеткізілмеген.Өз құқықтарының бұзылғанын алға тартқан тұтынушы Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағыммен жүгінген.Департамент мамандары өтінішті жан-жақты қарап, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы талаптарына сәйкес түсіндіру және сотқа дейінгі реттеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Заңның 42-4-бабына сәйкес тұтынушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданды.​Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сатушы тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға келісім беріп, смартфон үшін төленген 934 308 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат толық көлемде қайтарылды.📌 Естеріңізге сала кетейік: егер тауардан өндірістік (зауыттық) ақау анықталса, тұтынушы өз құқықтарын қорғауға және заңнамада көзделген тәртіппен тауарды ауыстыруды, кемшіліктерді жоюды немесе төленген ақшалай қаражатты толық көлемде қайтаруды талап етуге құқылы.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша сауда жәнетұтынушылардың құқықтарын қорғаудепартаментінің бас маманы Қ.Дидаров