Су шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы қарапайым көрінгенімен, халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп, оның әр тамшысы зая кетпес үшін атқарылатын еңбек пен төгілетін тер аз емес. Жер ғаламшары беткі бөлігінің шамамен 71 пайызын су алып жатыр. Бұл – адамзат үшін өте қымбат ресурс. Осы баға жетпес байлықты ысырап етпей, тиімді жұмсауда сала мамандары көп күш салуда. Бүгінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК, Алматы облысы бойынша «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қызметкерлері үлкен жүктемемен жұмыс атқаруда.
Мекеме тарихының тамыры тереңде
Өткенге көз жүгіртсек, Үлкен Алматы каналын салуға ұлт мақтанышы Дінмұхамед Қонаев орасан зор еңбек сіңірді. 1963 жылы Гидрожобалау институтында Қазақстанды сумен қамтамасыз етудің негізгі жүйесі жасалды. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Д.Қонаев басшылық еткен бұл жұмыстың мақсаты Бартоғай су қоймасы мен су бөлу арналарын салу болған. Дінмұхамед Ахметұлы Мәскеу арқылы рұқсат алып, 270 миллион сом қаржы бөлгізген. Сөйтіп, 1964 жылы Бартоғай су қоймасының құрылысы басталып кетті. Ерекше бақылаумен жүзеге асқан бастамаға білікті құрылыс мамандары жұмылдырылды. ҮАК құрылысы 1983 жылы аяқталып, пайдалануға берілді. 1996 жылы Үлкен Алматы каналына Д.Қонаевтың есімі берілді.
Қазір филиал теңгерімінде барлығы 115 нысан бар. Оған Бартоғай, Күрті су қоймалары, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының Бас сағасы, Шелек су торабы, Тасқұтан су көтеру бөгеті, 110 арна, яғни 6 магистралды арна, 50 шаруашылықаралық, 54 ішкі шаруааралық арна және 10 коллектор кіреді. Осы күнге дейін Алматы облысындағы жеміс-жидек, дәнді дақылдар және астық өндірумен айналысып отырған шаруа қожалықтарын сумен қамтып отырған кешеннің экономикалық маңызы зор. Аймақты құрғақшылықтан сақтайтын нысан тәулік бойы жұмыс істейді. 149 шақырымға созылып жатқан алып арна Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасынан басталып, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандарын қамтиды. Ауылшаруашылық жерлерін суаруға арналған ресурс ауызсуға жатпайды.
Салаға қолдау зор
Су ресурстары және ирригация министрлігі бөлек құрылғалы бері саланы жандандыруға, жұмыс сапасына көп көңіл бөлінуде. Ведомство су шаруашылығының экономикалық маңызын ескере отырып, филиалды жан-жақты қамтамасыз етуді өз міндетіне алған.
Соңғы бір жыл ішінде біздің мекемеде бірқатар өзгеріс орын алды. Заман талабына сай, Биллинг жүйесі енгізіліп, сол бойынша келісімшарттар жасалды. Яғни шаруалардың жеке мәліметтер базасы арқылы олардың меншігінде қанша ауылшаруашылық жері бар, соның ішінде қаншасы суармалы алқапқа жатады, оған керекті су мөлшері назарда болады. Ашық мәліметпен айқын жұмыс жүріп жатыр. «Д.Қонаев атындағы ҮАК» филиалы бойынша 40 379 га аумаққа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 2588 келісімшарт жасалған, керекті су көлемі – 355,002 млн м3. Осы шаруа қожалықтарын сумен қамту 6 өндірістік учаске арқылы жүзеге асады. Олардың жұмысын жандандыру үшін 8 компьютер және көпфункциялы 3 құрылғы қойылды. Вегетация уақытында мамандар филиалға тиесілі әр нысанды жіті қадағалап отыр.
2025 жылы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК «Д.Қонаев атындағы ҮАК» филиалы объектілерін қайта құру және жаңғырту бойынша 2026-2031 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленді. Онда су жолы мен суару жүйелерін қайта жаңғыртуды көздейтін 37 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта жол картасы аясында Күрті су қоймасы, Үлкен Алматы каналы, Бас саға, Тасқұтан су көтеру бөгеті, Шелек су торабы және Малайсары дренаждық жүйесі нысандарына жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырылуда.
1983 жылдан бері жөндеу көрмеген Бартоғай су қоймасына қаржы бөлініп, «Казгипроводхоз» ЖШС жобалық-сметалық құжатнамасын дайындап жатыр. Шілде айында мемлекеттік сараптамаға ұсынылуы тиіс. Жоба қолдау тапса, нысан толығымен жаңартылмақ.
Жаңа жоба – жарқын бастама
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылындағы Киікбай суару каналының реконструкциясына Ислам даму банкінен қаржы бөлініп, жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары басталды. Одан бөлек, 4 жобаға жобалау сметалық құжаттама дайындалып, екеуі сараптамадан өтті, екеуі сараптамадан өтуде. Атап айтқанда, Іле ауданы Күрті Сол жағалау магистралды арнасын, Еңбекшіқазақ ауданындағы Қорам магистралды арнасын, Іле ауданы Күрті өзеніндегі Оң жағалау магистралды арнасын және Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасының құрылыстарын қайта жаңарту және жаңғырту көзделген. Сонымен қатар филиал теңгеріміндегі магистралдық Үлкен Алматы каналының түбіндегі сүзілуді жою мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы ұзындығы 1,5 км құрайды, жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Мердігер мекеме «Толағай-2050» ЖШС жұмысты толығымен еңсерді. Қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 26 сәуірде бетондау аяқталып, тазалық жұмысы жүргізілуде. Сол сияқты «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2 бағдарламасы (ПУИД-2)» жұмыс жобасы бойынша 5 мың гектар алқапта 68,533 шақырым каналға құрылыс-монтаж жұмыстарын «СапаҚұрылыс-2007» ЖШС жүрізіп жатыр. Ол биыл толығымен аяқталмақ.
Таза арна – мөлдір су
ҮАК теңгеріміндегі арналарды механикалық тазалау жұмыстарының көлемі де жыл санап ұлғайып келеді. 2025 жылы арнаның 168 шақырымын механикалық жолмен тазалаған болсақ, биыл 240 км аумақты тазалау міндеттелген. Бүгінгі күні 102 км арна тазаланды. Осындай ірі көлемдегі жұмысты атқару үшін бізге министрлік тарапынан 29 жаңа техника бөлінді. Атап айтсақ, мекемеге бір жыл ішінде жаңа 4 жүк көлігі, 1 жеңіл машина, 9 құрылыс, 9 арнайы және 5 қосалқы техника берілді. Оған қоса 20 мотоцикл бөлінді. Бұл жұмыс сапасын арттыруға үлкен септігін тигізіп отыр. Жалпы алғанда, каналдарды механикалық тазалау жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ол вегетациялық кезеңде ағын суды тұрақты, әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Аталмыш қызмет суару маусымында да тоқтатылмай, су беру кестесіне кедергі келтірмейтін тәртіппен жүзеге асырылуда.
Жайлы жағдай – сапалы жұмыс кепілі
Министрлік сушылардың ауыр жұмысын ескере отырып, оларға жағдай жасауды басты назарда ұстап отыр. Өткен жылдан бері еңбеккерлердің жалақылары екі мәрте көбейді. 2025 жылы 1 шілдеде кеңсе қызметкерлерінің айлығы 7%-дан 13%-ға дейін артқан болса, ал басқа су саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы орта 35%-дан 96%-ға дейін көтерілді. Биыл 1 сәуірде жалпы жалақы 15%-ға тағы өсті. Соның ішінде ауыр техника айдайтын механизатордың айлығына үстеме қосылды. Тракторшының айлығы 38%, машинисттің нәпақасы 54%-ға көбейді. Жыл сайын жұмысшылар арнайы қыстық және жаздық киімдермен толық қамтамасыз етілуде.
Еңбегі елге өнеге
Су шаруашылығына еңбегі сіңген, өмірінің көп бөлігін осы жұмысқа арнаған білікті мамандармен бірге қызмет ету – біз үшін үлкен мақтаныш. Әріптестеріміз олардан үлгі-өнеге алып, үнемі тәжірибе алмасып отырады. Майталмандардың қажырлы қайраты, сан жыл бойы төккен терлері ескеріліп, елеулі марапаттарға ие болды. Әріптестеріміз Таусүгір өндіріс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рахымберді Төлепбергенов, Бартоғай өндірістік бөлімінің басшысы Әмина Қарабекова, Бартоғай су қоймасының инженер-гидрометрі Қайратхан Құтбанова «Құрмет» орденін алса, инженер-гидротехник Айкүл Ысқақова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жас мамандардың олардан әлі де болса үйренері көп.
«Жас келсе, іске!»
Біз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мамырда филиал басшылығы су инженері мамандығын таңдаған бітірушілерімен кездесіп, түлектердің мекемеге жұмысқа орналасуы туралы келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде 2 инженер қызметке келетіні нақтыланды. Еңбек етуге ниетті, ІТ технология мен сандық жүйені меңгерген тағы басқа жас мамандар болса, есігіміз айқара ашық. Сонымен қатар студенттердің филиалда шаруашылық нысандарында тәжірибеден өтуін қамтамасыз еттік. Дуалды білім беру әдістемесі бойынша, яғни университетте теорияны меңгерсе, тәжірибе сабақтары біздің мекемеден өтетін болып келістік. ЖОО ғалымдарының студенттермен бірге жасаған электронды су өлшегіш құралдарын ҮАК-қа орнатып, сараптамадан өткізіп жатырмыз. Қондырғы тиімділігін көрсетсе, болашақта сертификат алып, қажетті құжаттарын рәсімдеп, оны көбейтуге университет тарапынан әрекет жасалып жатыр. Оларда спутниктік байланыс арқылы каналдардың жай-күйін, яғни арнаның бүлінген, су қашып жатқан бөліктерін анықтап бере алатын бағдарлама бар. Болашақта осыны қолға алу жоспарланып отыр.
Өзіңнен баста!
Соңғы кезде ғаламдық жылынудың салдарынан климат өзгерді, мұздықтар еріп, жауын-шашын мөлшері азайды. Қазір дүниежүзі ғалымдарын алаңдатқан бүкіләлемдік су тапшылығы мәселесі соның салдары. Осы проблеманың алдын алу үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Бұлақ көрсең, көзін аш» қағидатын жүзеге асыру мақсатында министрліктің бастамасымен республика көлемінде «Мөлдір Бұлақ» акциясы жүзеге асырылуда. Осы орайда ҮАК филиалында едәуір ауқымды шаралар өтті. Науқан барысында жас ұрпақ сабақ алу үшін солармен бірге арнайы сенбілік ұйымдастырып, ұжым мүшелері алты бұлақтың көзін аштық. Су тапшылығы Жер ғаламшарының өзекті тақырыбына айналды. Болашақта бұл ресурс алтыннан да қымбат болуы мүмкін деген болжам бар. Су үнемдеуді өзіңнен баста деген ұстаныммен республика көлемінде іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оған біз де өз тарапымыздан үлес қостық. Негізгі ресурсты үнемдеуге үндейтін арнайы бейнеүзінділерді әлеуметтік желі арқылы таратуға және постерлерді қоғамдық орындар мен тұрғынүйлерге ілуге филиал еңбеккерлері бір кісідей атсалысты.
Түйіндей келе айтар болсақ, ауыл шаруашылығы – ұлттық экономиканың күретамыры десек, су ресурсы соның ішіндегі қан іспеттес. Негізгі тіршіліктің нәрін тиімді пайданалып, оны келер ұрпаққа сақтап қалу үшін еңбек етіп жүрген әріптестерімді Су шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Толағай табыс пен сарқылмас күш-қуат тілеймін!
Қайрат Бисембаев,
«Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы»
филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері


