Азық-түлік қауіпсіздігі мал шаруашылығы өнімдерінің сапасына тікелей байланысты. Ал өңірде мал шаруашылығының дамуы қарқын алып, төрт түлік жұқпалы кеселден аман, шаруалар шығынсыз болуы ветеринария қызметіне тікелей байланысты. Осынау үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылында жаңа ветеринарлық пункт ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын ел экономикасының стратегиялық мәні айрықша саласы екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет дегенді тілге тиек еткен президент ветеринария саласындағы жағдайға да тоқталып, «Бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек» деген тапсырма берген-ді.
Тапсырмаға сәйкес жер-жерде ветеринария саласын ілгерілетіп, инфрақұрылымын кешенді түрде жаңарту, материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір айғағы – Балтабай ауылынан ашылған ветеринария пункті.
Нысанның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, облыстық ветеринария басқармасының басшылығы, аудан әкімдігі өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, инфрақұрылымын дамыту, ветеринария мамандарының еңбек жағдайын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында облыс әкімінің қолдауымен биыл облыс бойынша 47 ветерианрия пункті мен 26 мал қорымының құрылысына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың ішінде Еңбекшіқазақ ауданында салынып жатқан алғашқы жеті ветеринария пунктінің құрылысы аяқталды. Ветеринариялық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру, мемлекеттік ветеринариялық қызметтерге қолжетімділікті арттыру және ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған бұл жұмыстар өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек», – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Сонымен қатар салтанатты іс-шарада Балтабай ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Талғат Қыдымаұлы сөз сөйлеп, ақ батасын берді.
«Мал дәрігерлері төрт түлікті ауылдың әр шетінде ағаштарға байлап, екпе егіп, дәрілеуші еді. Енді, міне, ауылда ветеринарлық пункт те, қоршалған ауласы да бар» деп қуанышын білдірген ауыл тұрғындары алдағы уақытта жаңа ветеринарлық пункт заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мал ауруларының алдын алу, диагностикалау жұмыстарын да жүргізсе деген тілегін айтты.
Балтабай ауылдық округі ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Нұрберген Тоқтарбаевтың айтуынша, округте 8700 ірі қара, 6800 ұсақ мал, 850 бас жылқы мен 14 түйе бар. Соңғы жылдары ешқандай мал аурулары тіркелмеген, эпизоотикалық жағдай қолайлы. Ал ветеринарлық пункте меңгерушіден бөлек, 2 мал дәрігері және 3 фельдшер жұмыс істейді.
Еңбекшіқазақ ауданында биыл Балтабаймен қатар, Ават, Қырбалтабай, Түрген, Бөлек, Тескенсу, Қорам ауылдарында да модульды ветеринария пунктері салынып, ел игілігіне берілді.
Жалпы, ауданда 26 ветеринария пункті жұмыс істеп жатса, оның 10-ы арнайы ветеринария пунктінде, біреуі аудандық ветеринарлық бөлім ғимаратында отыр, ал қалғаны ауылдық округ әкімдіктері мен мәдениет үйлерінің ғимараттарында орналасқан.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


