Түрген шатқалындағы Қайрақ сарқырамасы соңғы жылдары туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Ол «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Сарқырамаға жету үшін Түрген шатқалы арқылы бірнеше шақырым жол жүруге тура келеді.
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің бас маманы Алмагүл Мұханның айтуынша, туристік маршруттың ұзындығы Батан шатқалындағы көпірден бастап 7 шақырымды құрайды. Экскурсиялық топ құрамы 10-15 адамнан аспауы тиіс. Сапар барысында таулы аймақтағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек.
Маршрут бойында келушілерді көркем табиғат көріністері қарсы алады. Тау шатқалдары мен биік жоталар көз тартса, жол бойында қайың мен қарағай, шыршаларға толы ормандар кездеседі. Бұл өңір өсімдіктер дүниесімен ғана емес, жануарлар әлемінің алуандығымен де ерекшеленеді.
– Мұнда ұсақ жыртқыштар мен кеміргіштерден бөлек, Тянь-Шань қоңыр аюы, борсық, марал және құстардың көптеген түрі мекендейді. Сондықтан бұл маршрут табиғатты зерттеуге қызығатын туристер үшін ерекше тартымды, – дейді Алмагүл.
Қайрақ сарқырамасына барып келген туристер де бұл бағыттың ерекше әсер сыйлайтынын айтады. Алматы тұрғыны Абылайдың сөзінше, сарқырамаға жету үшін көлікпен белгілі бір нүктеге дейін барып, әрі қарай жаяу жүруге тура келеді.
– Сарқырамаға жеткен кездегі әсер шаршағаныңды ұмыттырады. Алдыңнан ашылатын көрініс ерекше әрі таңғажайып. Табиғаттың сұлулығын тамашалап қана қоймай, сарқыраманың мұздай суына шомылып, сергіп алуға да мүмкіндік бар. Осындай орындар туған жердің табиғатын жаңа қырынан танытады, – дейді ол.
Қайрақ сарқырамасының басты ерекшелігі – оның қуатты су ағысы. Биіктігі 55 метрге дейін жетеді. Мұздықтар мен тау бұлақтарынан бастау алатын су биік жартастан төмен құлап, айналаны салқын самал мен су тамшыларына бөлейді. Әсіресе көктем мен жаз мезгілінде сарқыраманың көркі ерекше ашылады. Дегенмен маршрут жеңіл бағыттардың қатарына жатпайды. Жол бойында тік бұрылыстар, еңістер, жауын-шашыннан кейін шайылған соқпақтар, ірі тастар мен жарқабақтар кездеседі.
– Бағыттан жаңылмау үшін арнайы сызбалар, жол белгілері және бағыттаушы көрсеткіштер орнатылған. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды, – деп атап өтті маман.
Қайрақ сарқырамасына аптасына шамамен 200-ге тарта турист келеді. Бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан, келушілерге қоршаған ортаға ұқыпты қарау талап етіледі. Мамандар табиғат аясында қоқыс қалдырмауды, өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмеуді және белгіленген соқпақтардан шықпауды ескертеді.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
Еңбекшіқазақ ауданы


