Перейти к содержимому
Главная страница » Алтын түйме

Алтын түйме

Өрнек қорымындағы обаларға музей-қорық қызметкерлері қазба жұмыстарын жүргізу барысында қыш, металл бұйымдармен қатар алтыннан жасалған, б.з.д. V-IV ғасырларға тиесілі әшекейлер тапқан. Ондағы алтын түйменің диаметрі – 1-1,5 см, биіктігі – 0,1 см.

Технологиялық ерекшеліктеріне қарағанда түймелер жұқа алтын қаңылтырды қалыптау әдісі арқылы жасалған. Орталық дөңес бөлігінің болуы бұйымға сән беріп қана қоймай, оның механикалық беріктігін арттырған. Мұндай түймелер белдік, жең, балақ және бас киім бөліктерінің сәндік композициясына енгізілген. Ілмектердің дәнекерленуі Сақ-Үйсін зергерлерінің металл өңдеу техникасын жоғары деңгейде меңгергендігін дәлелдейді. Археологиялық аналогтары Есік, Шілікті және Елеке сазы қорымы материалдарынан да белгілі.
Ғалымдардың пікірінше, алғашқы түйме тәрізді бұйымдар б.з.д. III-II мыңжылдықтарда Таяу Шығыс пен Үнді өркениетінде пайда болған. Ежелгі Мохенджо-Даро және Хараппа мәдениеттерінен табылған сүйек, қабыршақ және тастан жасалған дөңгелек бұйымдар алғашқы сәндік түймелер қатарына жатады. Орта ғасырларда Еуропада түйме киім мәдениетінің маңызды элементіне айналды. XIII-XIV ғасырлардан бастап киім пішімінің күрделенуіне байла­нысты түймелер кеңінен таралды. Әсіресе металл, күміс және алтын түймелер ақсүйектер арасында әлеуметтік мәртебе белгісі ретінде қолда­нылды.
Өрнек қорымынан табылған алтын түйме­лер Сақ-Үйсін қоғамын­дағы әлеуметтік топ­тарды айқындайтын маңызды археологиялық материалдар қатарына жатады. Алтын бұйым­дардың қабірге қойылуы жерленген адамның тайпалық элита өкілі немесе әскери-әкімшілік мәртебесі жоғары тұлға болғанын білдіреді. Ежелгі қоғамда алтын тек әшекей материалы ғана емес, сонымен бірге билік пен мәртебенің символы ретінде қабылданған.

Эльмира Айтқұлова,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығының бас қор сақтаушысы