Перейти к содержимому
Главная страница » Білім бәйгесінде топ жарды

Білім бәйгесінде топ жарды

Қазақстандық оқушылар Еуропадан тарихи жеңіспен оралды. Еуропалық география олимпиадасына елімізден ұттық құрама құрамында 9 оқушы қатысып, барлығы да топ жарды. Үздіктердің ішінде А.Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Айдос Серікбай да бар.

Болгарияның Варна қаласында өткен European Geography Olympiad-қа 13 елден 100 оқушы қатысқан. 2015 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл олимпиада ағылшын тілінде өтеді. Қатысушылар жазбаша тестілеу, мультимедиялық тест және ауқымды дала зерттеулері сынды үш кезеңде физикалық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық география бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, картографиялық материалдар мен географиялық деректерді талдау дағдыларын көрсетіп, білімдерін сарапқа салды. Қазақстаннан барған 9 оқушы да аталған кезеңдерден сүрінбей өтіп, ел қоржынын 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальмен толықтырды. Бүгінде бұл жеңіс еліміздің Еуропалық география олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже болып тіркеліп отыр.
Осынау тарихи жеңіске өз үлесін қосып, күміс медаль иегері атанған Есік қаласындағы А.Мәлкеев атындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Айдос Серікбай – болашағынан зор үміт күттіретін білімді жас. Оның ұстазы, олимпиадаларға дайындап, жетекшілік еткен география пәнінің мұғалімі, «Олимпиада профессоры» атанған Тамара Жеткербайқызы туралы газетімізде бұған дейін мақала жарияланған еді. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, міне, бүгін Тамара апайдың шәкірті Айдос Серікбайды оқырманға таныстырудың реті келіп отыр.
«А.Мәлкеев атындағы Есік білім-инновация лицейінде жақсы бір үрдіс бар. Мектеп табал­дырығын аттаған күннен бастап оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына қарай мұғалімдер оларды пән олимпиадаларына дайындайды. Мен география пәнін таңдап, 7-сыныптан бері географиядан түрлі олимпиадаларға қатысып келемін. Жетекшім Тамара Жеткербайқызы – жан-жақты білімді, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын үлгілі ұстаз. Олимпиадаға дайындалғанда бастапқыда ақпаратты тек қазақ тіліндегі кітаптардан алсам, одан кейін орыс, ағылшын тілдеріндегі кітаптар, мақалалар мен ғылыми еңбектерді де көп оқитын болдым. Осы бес жыл ішінде қатысқан олимпиадаларымнан жиырма шақты алтын медаль мен тек бір қола медаль алған екенмін. Енді, міне, алғашқы күмісімді Еуропалық география олимпиадасынан алдым», – дейді Айдос Серікбай.
Бұл – тынымсыз еңбек, ұзақ ізденіс, сүйікті пәніне деген үлкен қызығушылық пен ерік-жігердің нәтижесі. География пәнін, әлемнің әр түкпірін, табиғатын, халқын, экономикалық және саяси ерекшеліктерін танып-білуге, зерттеуге деген шынайы қызығушылықпен жанары жанып тұрған жас географ болашақта ұстаз болуды армандайды.
«Болашақта мұғалім болғым келеді. Себебі білімді шәкірт тәрбиелеу арқылы қоғамға өз үлесімді қоса аламын. Бар білгенімді балаларға үйретіп, оларға әлемнің кереметтеріне жол ашқым келеді», – деген Айдос географиядан бөлек, саясатқа да қатты қызығады. Бос уақытында футбол ойнап, гитара мен домбыра шертуді жақсы көреді.
«Ел болашағы жастардың қолында» дейміз. Ал жарқын болашақ Айдос сияқты жан-жақты қабілетті, білімді жастардың қолында екені сөзсіз. Халықаралық аренада қазақ жастары жоғары білім деңгейімен ерекшеленіп, қарым-қабілетімен Қазақстанның мерейін асқақтата береріне кәміл сенеміз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы