Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік мұрасына арналған «Тарландар туған топырақ» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты – аудан тарихымен таныстыру, ел арасында сақталған тарихи деректерді ғылыми негізде дәлелдеп, болашақта зерттеулер жүргізу, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау.
Айтулы шараға Түрксой Халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбеталиев, Райымбек ауданы әкімі Дастан Құдабаев, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, аудан тұрғындары қатысты.
Конференцияны ақын Ержан Алаштуған ашып, жүргізіп отырды.

Шарада аудан әкімі Дастан Құдабаев ауданның тарихына, әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Жиын барысында Әнуар Үмбеталиев ауданның мәдени және рухани мұрасы туралы сөз қозғап, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің алғысын жеткізді.
Қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов, Ызғарбек Бектұрсынов, ақындар Бауыржан Жақып, Бақыт Жағыпарұлы, Түріксой Халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүл Қадырбайқызы Райымбек ауданы жайлы жаңашыл ой, тұшымды тұжырымдар жасады.

Конференция аясында ауданның 90 жылдығына көптеген құттықтаулар оқылып, бірқатар азаматтар және Райымбек аудандық кітапханасы, аудандық Мәдениет үйі, аудандық «Хантәңірі» газетіне Түріксой ұйымының алтын медалі мен Құрмет грамотасы табысталды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Рашид Оразов аудан тарихына тоқталып, әр ауылды бір-бір кітапқа арқау етіп, том-том қылып шығарса деген ұсынысын жеткізді.
Мұнан соң мінбеге ғалымдар Анарбай Сағиұлы, Меңдігүл Ноғайбаева, Түркия Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Үміт Шахиндер көтеріліп, Райымбек батыр ерлігі, ел мен жер тарихы жайлы әсерлі әңгіме айтты.
«Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов аудан тарихынан сыр шертетін жаңа кітапты таныстырып, оның мазмұнына тоқталды.
Сондай-ақ «Жетісудың жерұйығы – Нарынқол» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары осы күні анықталды. Маңғыстаулық Рахат Қосбармақтың Нарынқол жайлы өлеңі бас жүлдеге лайық деп танылып, жеңімпаз ақындарға қаржылай сыйлықтар табысталды. Мың данамен жарыққа шыққан «Аспантауым – атамекенім!» атты жаңа кітаптың тұсаукесері рәсімі өтіп, көпшілікке үлестірілді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы


