Тұрақты мемлекеттің негізінде заң әрбір азаматты қорғайтын, ал қоғам оны сақтау үшін өзінің жауапкершілігін сезінетін мызғымас теңгерім жатыр. Құқық үстемдігі мен әлеуметтік келісім елдің бейбіт өмірін, әділдік пен гүлденуді қамтамасыз ете отырып, қоғамның сенімді даму іргетасын қалайды. Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында Алматы облысының «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ бастамасымен өткен кездесу қатысушылары осы мәселелер төңірегінде ой қозғады. «Заң мен тәртіп» жобасы шеңберінде өткен шараның басты тақырыбы «Заң мен келісім – орнықты қоғам негіздері» деп аталды.
Іс-шараны облыстық «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергенова ашып, елімізде Жаңа Конституция өз күшіне енген тұста өтіп жатқан бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті.
– Қазіргі кезде «Заң және тәртіп» қағидаты – Қазақстанның даму стратегиясының басым бағыттарының бірі. Бұл қағидат азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және елдің орнықты дамуы үшін берік негіз құруға бағытталған. Құқықтық қоғамның іргетасы заңның үстемдігі және оның алдында бәрі тең деген базалық қағидатқа негізделген. Мұндай қоғамда заң жай ғана жазалау тәртіптерінің жиынтығы емес, құқықтар мен бостандықтардың әмбебап кепілі, – деді ол.
Оның айтуынша, кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын сақтаудың мәнін түсіндіру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылау.
Шарада спикерлер «Заң және тәртіп» қағидатының мәнін ашып, кеңінен түсіндірді.
Талғар аудандық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары, полиция капитаны Мақсат Зейнол «Заң талаптарын сақтау – қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында ауқымды баяндама жасаса, одан кейін сөз алған облыстық талдау және болжау орталығы басшысының орынбасары Марлен Борашев қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық мәдениетті нығайтудың қазіргі үрдістері жайлы әңгімеледі. Ол ақпараттық технологиялардың қарқынды даму дәуірінде қоғамдық процестердің тұрақты мониторингі, кешенді талдау және әлеуетті тәуекелдерді ерте болжау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, талдау және болжау орталығы әлеуметтік-саяси ахуалды тұрақты мониторингілеу, әлеуметтік үрдістерді зерделеу, қоғамдық пікірдің өзгеру динамикасын бағалау және өңірдегі тұрақтылыққа ықпал ететін факторларды анықтау бойынша жүйелі түрде жұмыс істейді. Жүргізілген зерттеулер мен ақпараттық кеңістікті талдау нәтижелері әлеуметтік тұрақтылық халықтың мемлекеттік органдар мен институттарға деген сенімі, билік тармақтары мен қоғам арасындағы тиімді диалог, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейіне тығыз байланысты екенін көрсеткен.
«Элефтерия» гректер қоғамы» ҚБ басшысы Наталья Тифанциди дауларды бейбіт жолмен шешудегі және қоғамдық келісімді нығайтудағы медиацияның рөлі туралы ойларын ортаға салды. Спикер түрлі сипаттағы – тұрмыстық, азаматтық және қоғамдық дауларды медиация арқылы, яғни жанжалдарды сотқа дейін қалай реттеу керектігі жөнінде нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, медиация – дауларды шешудің жай ғана тәсілі емес, ол – құрмет, өзара түсіністік пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас мәдениеті. «Медиация бірін-бірі дауласу арқылы жеңуге емес, өзара бірігуге бастайтын шешімдерді табуға үйретеді», – деп түйіндеді ол.
Шара соңында барлық қатысушылар айтылған ұсыныс-тілектер мен келтірілген деректерді саралай отырып, тұрақтылық пен өркендеу тек заң мен тәртіп қағидаттары сақталатын қоғамда ғана қамтамасыз етіледі деген қорытындыға келді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы


