Перейти к содержимому
Главная страница » Кәсіби мерекеде құрметке бөленді

Кәсіби мерекеде құрметке бөленді

Адам денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігі, төрт түліктің амандығы мен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы – бәрі де ветеринария саласының тынымсыз еңбегімен тығыз байланысты. Көзге көп көріне бермейтін осы жауапты қызметтің иелері жыл он екі ай ел игілігі үшін еңбек етеді. Осы орайда облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Ветеринария қызметкерлері күніне арнал­ған салтанатты жиын өтіп, сала мамандарының ерен еңбегі лайықты бағасын алды.

Мерекелік басқосуда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдегі мыңдаған маманның адал еңбегіне өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ветеринарияның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
– Ветеринария маманы болу терең білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы абыройлы кәсіпті адал атқарып, халыққа қауіпсіз өнімнің жетуіне қосып жүрген үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бақытнұр Бақытұлы бүгінде аймақтың ветеринария саласында 1386 маман еңбек ететінін тілге тиек етіп, олар мал саулығын қорғаумен қатар, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға өлшеусіз үлес қосып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы қызметкерлері­нің ІІ форумында ветеринария­лық инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. Президент тапсырмаларын орындау бағытында өңірімізде де ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
– Соңғы үш жылдың өзінде аймақта 21 ветеринариялық пункт пен 19 мал қорымы пайдалануға берілді. Ал 2026-2027 жылдары қосымша 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымын салуға жергілікті бюджеттен 4,1 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржы ветеринариялық нысандарға деген қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік береді. Материалдық-техни­калық базаны нығайту мақсатында салаға 100 қызметтік автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ аса қауіпті 12 жұқпалы ауруға қарсы эпизоотиялық іс-шараларды жүзеге асыру үшін 5 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 123 млн теңгеге 70 Сібір жарасы көміндісі ветеринариялық-санитариялық талап­тарға сәйкестендірілді, – деді.
Бұдан соң облыс әкімінің орын­басары өз ісіне адалдығымен, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, үздік мамандарға Қазақстан Республикасы Ауыл ша­руашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, министрліктің Құрмет грамотасы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алғыс хаты, сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасы табысталды.
Келесі болып сахнаға көтерілген облыстық ветеринария саласы кәсіподағының төрағасы Күмісбек Айпейісов бірқатар үздік маманның кеудесіне кәсіподақтың «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты.
Мерекелік жиын барысында сөз алған ветеринария саласының ардагері, осы бағыттың дамуына сүбелі үлес қосқан Самғат Сүндетбаев бүгінгі күні мемлекет тарапынан ветеринарияға көрсетіліп отырған қолдаудың ауқымы кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Ветеринария – азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін жауап­кер­шілігі жоғары сала. Сол себепті салаға мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. Жаңа ветеринариялық пункттер мен мал қорымдары салынып, қызметкерлердің жалақысы кезең-ке­зеңімен өсіп келеді. Мұның барлығы вете­ринария саласының айрықша ор­нын көрсетеді, – деді ардагер.
Келесі болып мінберге көтерілген Ветеринариялық бақылау және қада­ғалау комитетінің Қарасай аудан­дық аумақтық инспекциясының бас­шысы Марат Арынбаев та ветери­нария қызметкерлерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты міндетіне тоқталды.
– Ветеринария қоғамның дамуы мен мемлекетіміздің экономикалық әлеуетінде маңызды рөл атқарады. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында еліміздегі эпизоотиялық ахуал тұрақты сақталып отыр. Қауіпті аурулардың алдын алып, мал шаруашылығын дамыту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын! – деген ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік жиын ветеринария қызметінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте айқындап, төрт түліктің саулығын сақтап қана қоймай, тұтас халықтың денсаулығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қорғауда тынбай тер төккен жандарды төрге оздырды. Кәсіби мерекесінде құрметке бөленген, еңбегі еленген сала мамандары естелік суретке түсіп, бір-бірін құттықтап тарқасты.

Құралбек СӘБИТОВ