Перейти к содержимому
Главная страница » Райымбек ауданына — 90 жыл: «Хантәңірі қазынасы» этнофестивалі өтіп жатыр

Райымбек ауданына — 90 жыл: «Хантәңірі қазынасы» этнофестивалі өтіп жатыр

«Шәлкөде, ыстықсың, сен маған» — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, әйгілі Шәлкөде жайлауында «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі басталды. Сұлулығына көз тоймайтын, әсем табиғат аясында ұлттық құндылығымыз бүгінгі таңда қайта жаңғыруда. Райымбек ауданындағы Шәлкөде жайлауында мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жайлау төсі мереке шаттығына шомды.
Мақсаты- Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту және оның тарихи даму жолын насихаттау, аудан тұрғындары арасында патриоттық сезімді, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыру. Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрлерді, халықтық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеу, ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін таныстыру.
Этно-фестивалге 150-ден аса қазақ үй тігіліп, 25 мыңға жуық адам қатысты. Игі бастаманың мағынасы зор, мәні терең. Ұлт құндылығын насихаттау – ұлы мақсат. Берекелі мереке қалың жұрттың ұлттық рухын оятқандай.
Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді ақ жаулықты қыз-келіншектер қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды.
Ұлттық фестивальге көршілес қырғыз ағайындар, сондай-ақ Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Қарақалпақстан халқы да ортақтастып, қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетті.
Ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырған игі бастама жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеуді басты назарға ұстады.
Жиналған көпшіліктің назары ашық аспан астындағы сахнаға ауды. Қонақтар жайғасқан соң, «Жайлау көші» сахналық қойылымы қойылып, Шоған абыз ақ батасын берді. Ел қорғаған Райымбек батыр жайлы қойылым көпшілікке рух сыйлап, көңілді тебірентті.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:
-Бүгінгі басқосудың мәні ерекше.
Тау тұлғаларды қалыптастырған өлке биік болып қала береді. 90 жыл — бір дәуір. Нарынқолдың еңбеккер халқына алғыс білдіремін. Райымбек ауданы шекаралық аймақ. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, туризм саласы дамып келеді. Бүгінгі шара – Райымбек ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдениетін айшықтайтын шара. Осындай қасиетті өлкеде «Хантәңірі қазынасы» этнофестивалінің өтуі заңдылық, — дей келе, көпшілікті осынау қасиетті мекенді таза ұстауға шақырып, «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқталды.
Мерекеге арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жиналған көпшілікті құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
Бұл күні Райымбек ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Фестивальде отандық және халықаралық қолөнершілер мен этнодизайнерлердің көрмесі, Халықаралық Han Tengri Fashion Week этно-сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, халықаралық суретшілер пленэрінің қорытындысы шығарылып, қылқалам шеберлерінің үздік туындыларынан арнайы көрме ұсынылды. Фестивальде ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұсынылып, Тимур Сыпатаев бастаған «Алыптар сайысының» құрыш білекті жігіттері күш сайысын ұйымдастырды. Түйе палуан, 100 кг тас көтеру, бөрене көтеру, арба сүйреу және тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті.
Келі-келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ тігіп, алаша, басқұр, ши тоқып, құрақ құраған ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді.
Қырмызыдай құлпырған Шәлкөде жайлауында ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова, Диана Исмайыл, Ғазизхан Шекербек, Мөлдір Әуелбекова, Nurbullin сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы және дәстүрлі әншілер даланы думанға бөледі.
Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қалаларынан барлығы 20-дан аса спортшы қатысты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады.
Палуандар әрқайсысы 100 кг болатын екі тасты 60 метр қашықтыққа көтеріп апарса, 70 кг болатын кір тасын жоғары-төмен көтеруден, жүк тиелген арбаны сүйреуден сынаққа түсті. Жарысқа қатысқан басқа палуандарға түрлі дәрежеде ақшалай сыйлықтар мен кубоктар, дипломдар, алдағы кезеңдерге белгіленген жарыстардың жолдамалары тапсырылды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы