Үш күнге созылған Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, ел Президентінің құттықтау хатын оқып берді. Әйгілі Шалкөде жайлауында жалауын желбіреткен салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет, өнер, білім, басқа да түрлі сала өкілдері мен өңір тұрғындары, зиялы қауым шақырылды.
Президент құттықтауында: «Райымбек ауданының 90 жылдық мерейлі белесі құтты болсын! Бұл – аудан жұртшылығы үшін аса маңызды оқиға. Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев және өзге де көрнекті қаламгерлер шоқтығы биік шығармалар жазып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық қасиеттерін сіңірді.
Қазір аудан халқы ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, туған жерін көркейтуге атсалысып келеді. Сондай-ақ олар ел тағдырына әсер ететін бастамаларды үнемі қолдап, ұйымшылдықтың озық үлгісін танытып жүр. Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, жаңа Конституцияны қолдауы соның айқын дәлелі. Осы орайда аймақты дамытуға зор үлес қосқан азаматтардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігі үшін еңбек ете бересіздер деп сенемін», – делінген.
Шалкөде жайлауында өткен «Хантәңірі қазынасы» этнофестиваліне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, аудан тұрғындарына ақ тілегін жеткізді.
-Бүгінгі басқосудың мәні ерекше.
Тау тұлғаларды қалыптастырған өлке биік болып қала береді. 90 жыл — бір дәуір. Нарынқолдың еңбеккер халқына алғыс білдіремін. Райымбек ауданы шекаралық аймақ. Соңғы жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, туризм саласы дамып келеді, – деді облыс әкімі.
Бұл күні Райымбек ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Фестивальде отандық және халықаралық қолөнершілер мен этнодизайнерлердің көрмесі, Халықаралық Han Tengri Fashion Week этно-сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, халықаралық суретшілер пленэрінің қорытындысы шығарылып, қылқалам шеберлерінің үздік туындыларынан арнайы көрме ұсынылды. Фестивальде ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұсынылып, Тимур Сыпатаев бастаған «Алыптар сайысының» құрыш білекті жігіттері күш сайысын ұйымдастырды. Түйе палуан, 100 кг тас көтеру, бөрене көтеру, арба сүйреу және тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар өтті.
Келі-келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ тігіп, алаша, басқұр, ши тоқып, құрақ құраған ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді.
Қырмызыдай құлпырған Шәлкөде жайлауында ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова, Диана Исмайыл, Ғазизхан Шекербек, Мөлдір Әуелбекова, Nurbullin сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы және дәстүрлі әншілер даланы думанға бөледі.
Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қалаларынан барлығы 20-дан аса спортшы қатысты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған балуандар жүлдесіз қайтпады.
Палуандар әрқайсысы 100 кг болатын екі тасты 60 метр қашықтыққа көтеріп апарса, 70 кг болатын кір тасын жоғары-төмен көтеруден, жүк тиелген арбаны сүйреуден сынаққа түсті. Жарысқа қатысқан басқа палуандарға түрлі дәрежеде ақшалай сыйлықтар мен кубоктар, дипломдар, алдағы кезеңдерге белгіленген жарыстардың жолдамалары тапсырылды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы


