Перейти к содержимому
Главная страница » Қызыл дипломмен – шекараға…

Қызыл дипломмен – шекараға…

Биыл ҰҚК Шекара академиясын бітірген 10-ға жуық жас лейтенант жолдамамен ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне келді. Солардың бірі шекарашылар білім ұстаханасын үздік бағаға бітіргені үшін бірден «аға лейтенант» атағын иеленіпті. Жалпы мұндай соны үрдіс биыл ғана қолға алынғаны белгілі. Сондықтан, қатарымызға жаңадан қосылған жас офицерлердің бірі, аға лейтенант Айбын Алтынбекпен арнайы кездесіп, сұхбаттасуды жөн көрдік.  

… «Айбын?.. Неге Айбын?» Шекара академиясының жас түлегімен алғашқы сауалымыз осылай басталған. Жас офицер күлімсіреді. Сосын:

– Ерекше есім екенін білемін. Негізі, менің атымды Айбын деп әжем қойыпты. «Айбынды, батыл болсын» дегені болар. Ал шекарашы офицер мамандығын таңдауыма, ең алдымен өзім туып-өскен өңірдегі шекарашылар түрткі болды десеп, сенесіз бе?, – деген менің жас сұхбаттасым әңгімесін баппен жалғастырған. Мен Панфилов ауданының Еңбекші деген ауылынанмын. Бізге «Алмалысу», «Басқұншы» шекара бөлімшелері жақын болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімізде осы бөлімшелерге жиі барып, шекарашылардың қызметімен танысатынбыз. Сондай кездері мен офицерлердің киім-кешегіне, жүріс-тұрысына қызыға қарайтынмын. Солар бізді – ұлдарды қару-жараққа үйірсек қылып тәрбиеледі. Калашников автоматын қас-қағымда бұзып тастап, қайтадан жинай қоятынбыз.

– Айналып келгенде шекаралық өңірде, шекарашыларға жақын болғаның үшін мектептен кейін Шекара академиясын таңдадың!.. Ал бұған сенің ата-анаң қалай қарады?, — деп сұрадым.

– Ата-анам менің таңдауыма түсіністікпен қарады. Анам Лаура Әбенғазықызының: «Ұлым, осы мамандықты өзің таңдадың, енді оқуыңды жақсы оқып, абыроймен бітір!» — деген сөзі маған қанат бітіргендей болды. Бірінші курстан бастап, жақсы оқуға тырыстым. Бұл үшін мен қазақ халқының намысты ұлы Бауыржан Момышұлына қарап бой түзедім. Қолбасшының барлық кітабын оқып тауыстым. Әсіресе, батырдың «Арпалысын» қайталап оқудан жалықпаймын…

Осы жерде сәл шегініс. Александр Бектің «Арпалыс» атты аңыз кітабы… Әскери тілшімен ағынан жарыла сұқбаттасқан жас офицер тілге тиек еткен «Алпалыс» кітабын шекарашылар білім ұстаханасының басшылығы жыл сайын төртнші курс курсанттарына сыйға тартуды берік дәстүрге айналдырғанына оншақты жылдың жүзі болып барады. Бұл – Айбын секілді болашағын ел шебімен байланыстыруды шешкен болашақ офицерлерді «Бауыржандай намысұлы болсын!» деген игі ниеттен туғаны хақ! Енді міне, бүгін анасының бір ауыз сөзі үшін оқуын үздікке бітіріп, «аға лейтенант» шенін кезектен тыс алған он курсанттың бірі атанған Айбын әңгіме арасында ер Баукең жайлы жазылған «Арпалысты» қадірлейтінін ерекше леппен жеткізген.

… Жас офицермен әрі қарай әңгімеміз курсант кезінде ерекше оқиғаларға қарай ойысқан.

– Шынымды айтсам, менің академия қабырғасында өткен әрбір күнім ерекше дер едім. Дегенмен, мен сізге мына оқиғаны айтып бергім бар. Мен бір жолы тәжірибе айлығын Абай облысы бойынша департаментінің Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының «Арқалы» шекара бөлімшесінде өткізетін болдым. Ал бөлімше бастығы аға лейтенант Дарын Қаженов 2022 жылы біздің академияны үздікке бітірген екен. Осы офицер бізді күтіп алған сәттен бастап, курсанттарды өзінің назарынан тыс қалдырған жоқ. Өзімен бірге қызметке алып шығып, шекараны күзетудің қыры мен сырын, әдіс-тәсілдерін үйретумен болды. Осындай офицердің қол астында тәжірибе жинау мен үшін мақтаныш. Артынан Дарын ағам ел шебіндегі қызметімен дараланып, «капитан» шенін кезектен тыс алғанын естіп, қуанышымда шек болған жоқ.

– Шекарадағы жайсаңдардың тобында болған жас офицердің жаман болуға хақысы жоқ. Демек, алда өзіңді күтіп тұрған қызметіңе толық дайынсың ғой, Солай емес, аға лейтенант мырза?, – дедік қулана.

Ал офицер болса, біздің әзілімізге: «Дәл солай, дайынмын!», – деп әскери тәртіппен жауап берген…

Кейіннен біз ҰҚК Шекара академиясын үздікке бітіргені үшін қызыл дипломды ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-майор Е.Алдажұмановтың қолынан алған аға лейтенант А.Алтынбек өзінің алғашқы қызметін қайда бастайтынынан құлағдар болдық. Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының қызметі күрделі саналатын шекара бөлімшелерінің бірінде. Олай болса, жас офицердің серігі – сәттілік болсын!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,  

ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаменті.