Перейти к содержимому
Главная страница » Жас сарбаздарант қабылдады

Жас сарбаздарант қабылдады

Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы, қонақтар, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Жауынгерлік Ту салтанатты түрде сап түзеген сарбаздардың ортасына әкелініп, Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін ант қабылдау рәсімі басталды. Біркелкі форма киіп, түп-түзу сап түзеген Қызылорда, Жамбыл, Жетісу облыстарынан әскер қатарына алынған 89 жас сарбаз кезегімен келіп, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға, әскери борышын абыроймен орындауға ант берді.
Салтанатты рәсімнен кейін әскери бөлім командирі Әлем Тасмағамбетов Отан алдындағы борышын ресми түрде өтеуге кіріскен жас сарбаздарды құттықтады. Әскери ант қабылдаудың Қазақстан Қарулы Күштері қызметкерлері үшін құрметті де жауапты міндет саналатынын баса айтты. Отанға деген адалдықтың, жауапкершілік пен тәртіптің айқын көрінісі саналатынын тілге тиек еткен әскери бөлім бастығы жас сарбаздардың Ұлттық Ұлан сапында ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқаруына тілектестігін білдірді.
Келесі кезекте Алатау қалалық ішкі саясат бөлімнің басшысы Ардагер Өркенұлы мен сала ардагері Бекзат Махатов сарбаздарды өмірінде ерекше есте қалар сәтінің бірінен саналатын рәсімнің асқақ рухтың, ел мен жерге деген адалдықтың айғағы екенін айта келе, патриоттық рух беретін жалынды сөздерін арнады. Сонымен бірге ата-аналар атынан сөз алған Дәулет Әлімбаев перзентінің өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге келгенін жеткізді. Өзінің де мерзімді әскери қызмет атқарғанын, осы орайда әрбір ата-ана баласының патриоттық сезімін оятып, әскери борышын өтеуге дайындау маңызды екеніне баршаның назарын аударды.
Ант қабылдаушылар атынан Қызылорда облысы Байқоңыр қаласынан келген қатардағы жауынгер Азамат Қайратұлы есімді сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, жарғыға сәйкес тапсырмаларды бұлжытпай орындап, әскери антына адал болатынына сарбаздар атынан уәде берді.
Сарбаздардың әскери өнерді қалай меңгеріп жатқанын паш еткен көріністері салтанатты шараның ең бір елеулі де есте қаларлық сәті болды десек, артық айтқандық болмас. Көпшілік назарына ұсынылған жауынгерлердің қоян-қолтық ұрыс әдістері және саптық қару-жарақпен түрлі жаттығуларынан олардың әскери өнерді әжептәуір меңгеріп қалғандығын анық аңғартты.
Әскери бөлім басшылығы перзенттерінің жүрегінде мәңгі сақталатын тарихи сәттің куәсі болу ниетімен жиналған ата-аналармен жүздесіп, сарбаздардың меңгеретін мамандық түрлері мен атқаратын қызметтері жөнінде мағлұмат берді. Сонымен бірге әскери бөлімнің ішкі тәртіп ережесінен де мол мағлұмат алды. Ата-аналар сарбаздардың асханасын көріп, ас мәзірлерімен танысты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Алатау қаласы