Перейти к содержимому
Главная страница » Сыныптастар сыйы

Сыныптастар сыйы

Адамның кіндік қаны тамған жері, түпқазығы – туған жері кімге болсын ыстық! Туған жердің әрбір сүйемі, тау-тасы, орман-тоғайы, топырағы, көлшігіне дейін қымбат. Бауырында еңбектеп, тәй-тәйлап қадам басқан Балқаш ауданының осы өңірден түлеп ұшқан әр түлектің өмірінде алар орны орасан зор.

Бүгінде айрандай ұйып, ауыз­біршілігімен көпке үлгі бола білген балқаштық түлектердің туған жерге тартуынан-ақ олардың өскен мекеніне деген сүйіспеншілігін бірден аңғаруға болады. Сірә, «Туған жерге туыңды тік!» деген қанатты сөз осыған байланысты айтылса керек-ті. Туған жерге туыңды тігу, тек оны сүюмен шектелмейді, онымен қоса өңірдің көркеюіне қосылған айрықша үлеспен таразыланатыны сөзсіз.
Туған ауылға, ауданға қолдау көрсету үрдісі бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Ер жетіп, есейіп, ел ағасы атанған шақта өздері түлеп ұшқан ауданның гүлденуі үшін азғантай болса да үлесін қосуды парыз санайтындар – бүгінде алтын ұяларынан түлеп ұшқанына 40 жыл толған Балқаш ауданының 1989 жылғы түлектері. Олар туған жерге тағзым ету мақсатында «Бақанас – Қонаев» тас жолында орналасқан «Қыран бүркіт» тас мүсініне жаңғырту жұмысын жүргізген болатын. Сонымен қоса мүсін айналасын қоршап, онда жолда жүрген ағайынның бір мезгіл отырып, тынығуы үшін шатыр астында үстел мен орындықтар орнатты. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін баспалдақ та жасаған. Міне, осынау нысанның жаңғырту жұмысы толығымен аяқталып, салтанатты түрде лентасы қиылды.
Игі шараға Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-ұйым басшылары, сонымен қоса өңірдің 40 жылдық түлектері қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған аудан басшысы Азат Үкітайұлы Отанға деген сүйіспеншіліктің әуелі туған жерге тағзым етуден басталатынын тілге тиек ете келе, Балқаш өңірінің гүлденуіне, көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын айтты. Сондай-ақ туған жердің түлеуі жолында осындай игі бастамасымен аудан жұртшылығына үлгі көрсеткен 40 жылдық түлектерге аудан тұрғын­дары атынан ризашылығын білдірді.
«Өлі разы болмай, тірі байы­майды» демекші, мұнан кейін 40 жылдық түлектер бала кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен, бірақ тағдырдың жазуымен өмірден өткен сыныптастарының рухына Құран бағыштады.
Түлектердің туған жерге деген тартуы – жас буынға үлгі-өнеге боларлық іс. Осындай игі бастамадан өскелең ұрпақ үлгі ала отырып, келешекте мұны жалғайтыны сөзсіз.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы