Перейти к содержимому
Главная страница » Талғарда өрт сөндіру бөлімі ашылды

Талғарда өрт сөндіру бөлімі ашылды

Елімізде халықтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қай кезде де маңызды басымдықтардың қатарында. Әсіресе шілденің 40 градустан асатын шіліңгір ыстығында бұл өте өзекті. Осы тұрғыда Талғар қаласында жаңа өрт сөндіру депосының салтанатты ашылуы тұрғындар үшін жайдарман жаңалық болды. Енді аудан орталығында тұратын 70 мыңға жуық адамның ұйқысы тыныш, көңілі жай болады деуге негіз бар. Заманауи нысан тіпті Алматыдай алып мегаполистің де біраз аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарлы.

Аудан орталығында орналасқан №17 өрт сөндіру депосының ашылуына орай, су жаңа ғимараттың айналасы түрлі түсті шарлармен әсем безендірілді. Кеше ғана төселген асфальтқа әлі көлік ізі де түспеген, айнала тап-таза. Ғимарат алдындағы алаңда өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамы сапта тұр. Олар шараға қатысқан ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық ТЖ департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, аудан ақсақалдарының алдынан дәстүрлі шерумен өтті.
Салтанатты шараны ашқан ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңа нысанның Талғар өңірінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын айрықша атап өтті.
– Бүгін біз жай ғана жаңа өрт сөндіру нысанын ашып отырған жоқпыз, біз жаңа депоның дер кезінде және қажетті сәтте жұмыс бастағанына куә болып отырмыз. Себебі қараусыз қалған ескі ғимарат қала халқының күрт көбеюіне байланысты қажетсіз нысанға айналған еді. Мұнда Бесағаш сияқты елдімекендерді аудан орталығымен байланыстыратын жолдардың ұзындығы және орасан қашықтық сияқты факторлар үлкен рөл атқарды. Оның үстіне Талғар халқының саны жыл сайын өсіп келеді, бүгінде оның саны 70 мыңға жуық адамды құрайды және қала жақсы, сапалы жабдықталған өрт сөндіру депосына мұқтаж еді.
Бұл депоның ашылуы өрт сөндіру жасақтарының оқиға орнына келу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – өте маңызды фактор, өйткені отпен күресте әр секунд есепте тұр. Бұдан басқа, тұрғын үй алаптарына да, инфрақұрылым нысандарына да қызмет көрсетудің оңтайлы радиусын қамтамасыз ету үшін депоның орналасу орнын сарапшылар мұқият ойластырды. Жаңа депо 100 күнде салынды, бұл – 3,5 ай. Жобаның жалпы құны шамамен 350 млн теңгені құрады. Бас мердігер «ДДК-К» ЖШҚ сапалы құрылыс компаниясы болды. Құрылыс республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Міне осылай, «Қазселденқорғаудың» ескі ғимаратының орнында заманауи үлгіде салынған жаңа ғимарат бой көтерді.
Жаңа депо Мемлекет басшысының тапсырмасы, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасы және Алматы облысы әкімінің қолдауымен салынды. Жақында осындай нысан Кеген ауданында ашылды, жоспар бойынша енді Шелек ауылында іске қосылмақ. Осындай жаңа нысандарды ашу бойынша мәселелерді біз алдағы уақытта Қарасай, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында кезең-кезеңмен шешетін боламыз.
– Жаңа депоның тағы бір ерекшелігі – мұнда қызмет ететін 4 қызметкердің пәтерлері ғимаратқа іргелес орналасқан. Сондай-ақ жаңа нысан Талғар қаласы және жақын маңдағы елдімекендердің өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Өрт сөндіру бөлімі әлеуметтік нысандар ғана емес, халықтың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын болады, – деді Министр.
Министр депо құрылысына еңбек сіңірген қызметкерлерге марапаттар тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан «Alatau Public Utilites», «Алатау жарық» компанияларының мамандары марапатталды. Сондай-ақ, «Toyota Hilux» және «Камаз» АЦ-5-40 жаңа автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Ең қуаныштысы – Шыңғыс Әрінов №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Бекәділ Қамалбековке, Жарас Хасенге, Аркен Әлімғожаевқа, Азамат Солтанғалиге пәтер кілттерін берді. Ал жаңа депоның кілтін аға лейтенант Ришат Рахимов салтанатты түрде қабылдап алды.
Талғар тұрғындарын салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те құттықтады.
– Құрметті өрт сөндірушілер, құрметті тұрғындар! Барлығыңызды Талғарда №17 өрт сөндіру бөлімінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл заманауи депо өрт сөндірушілердің еңбек жағдайын жақсартып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашады. Бұл – өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын айғағы. Нысанның стратегиялық маңызы өте зор. Осыған байланысты республикалық бюджеттен бөлінген 345 миллион теңгеге салынған жаңа бөлімше Талғар қаласының қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Жаңа бөлімнің жұмысы кез келген төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және тұрғындардың өмірі мен мүлкін тілсіз жаудан уақытылы қорғауға мүмкіндік береді. Шұғыл көмек қызметі – мемлекетіміздің мықты қалқаны, ал құтқарушылар – еліміздің бейбіт күндегі нағыз батырлары. Өрт сөндіруші мамандығы тек кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар үлкен ерлікті және Отанға шексіз адалдықты талап етеді, – деді Марат Елеусізұлы.
Облыс әкімі өртке қарсы ведомствоның ең үздік қызметкерлеріне көлік кілттері мен Алғыс хаттарды табыс етті. Шара кезінде сөз алған Кеңдала ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Көлбаев ақ батасын берді.
Осылай, жаңа өрт сөндіру депосы салтанатты түрде ашылып, тәулік бойы үзілмейтін төтенше қызметіне кірісті. Ұлттық дәстүрімізге сай, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Шара соңында мәртебелі меймандар мен барлық қатысушы депоны толық экскурсиялап, естелік үшін суретке түсті.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы