Жамбыл аудандық кітапханасында «Қалам мен шабыт мекені» шығармашылық орталығы ашылды. Бұл – кітап пен қаламды қадірлейтін қауымның басын қосып, жас таланттардың шығармашылық әлеуетін шыңдайтын жаңа рухани кеңістік болмақ.
Салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, академик, профессор, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нағашыбек Қапалбекұлы, белгілі журналист, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстың Құрметті азаматы Күмісжан Байжан, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа орталықтың лентасын қиды. Ардагер-журналист, жазушы Жұмаш Арғымбайұлы игі іске бата берді. Сонымен қатар мұнда «Кітапхана TV» заманауи медиа алаңы да ашылды. Бұл алаң арқылы аудан қаламгерлерінің шығармашылығы кеңінен насихатталып, әдеби-мәдени іс-шаралар, сұхбат, таныстырылымдар жаңа форматта көпшілікке жол тартатын болады.
Одан кейін кітапхананың оқу залында ақын-жазушы, өнерсүйер жұртшылықтың қатысуымен «Жамбыл елі – жыр елі» атты кездесу өтіп, рухани құндылықтар мен әдебиет төңірегінде тағылымды ой қозғалды. Басқосуды Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізіп, аудан өміріндегі қуанышты оқиғаның маңызына тоқталды. Алғашқы сөзді алған Нұрлан Ертасұлы кітапхана ішінен ұлттық әдебиет пен мәдениетті дәріптейтін «Қалам мен шабыт мекені» шығармашылық орталығының ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде Мемлекет басшысының елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше мән бергенін, Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Оқитын ұлт» тұжырымдамасының басты мақсаты білімді, ой-өрісі кең, рухани бай ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті. Жаңа орталық жергілікті ақын-жазушылар, жалпы шығармашылық иелерінің басын қосып, тәжірибе алмасуына, жаңа туындыларды көпшілікке таныстыруына және жас қаламгерлерге бағыт-бағдар беруге мол мүмкіндік жасайтынына сенім білдірді.
– Бұл орталықтың кітапхана жанынан ашылуының өзіндік мәні зор. Өйткені кітапхана – білім мен мәдениеттің ғана емес, ой мен парасаттың, ұлттық руханияттың алтын ордасы. Енді бұл шаңырақ кездесу, әдеби кеш, тұсаукесер мен тағылымдық жобалардың тұрақты алаңына айналарына сенімдіміз. Бұл орын шығармашылықтың шамшырағына айналып, талай тың идеялар мен жарқын жобалардың бастауына ұлассын! Ақын-жазушылардың қаламы ұшталып, шабыттары арта берсін! «Кітапхана TV» медиа алаңының іске қосылуы да – заман талабына сай маңызды қадам. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін дамытуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосары сөзсіз, – деді аудан басшысы.
Автор мен оқырманды байланыстыратын жаңа орталықтың ашылуына орай сондай-ақ ардагер-журналист, жазушылар Күмісжан Байжан, Нұрманбет Қизатұлы, Нүсіпбай Әбдірахым, Исмаилжан Иминов, ақын Өмірбай Өмірзақұлы, күйші Дүйсебай Шаштайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек ақжарма тілек айтты. Кездесуде сөз алғандар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың биылғы 180 жылдығында аудан кітапханасында тың істің қолға алынғанына ризашылықтарын білдірді. «Шығармашылық орталық ауданның әдеби-мәдени өміріне тың серпін берсін! Мұнда болашақ ақын-жазушы, журналист, блогер, режиссер, медиа мамандары тәрбиеленіп шықсын! Кітапқа деген сүйіспеншілік артып, қаламның қасиеті әрдайым биіктей берсін!» деген тілектер айтылды. Қатысушылар шараны ұйымдастырған кітапханашылар мен кітапхананың жаңа басшысы Аяужан Сәдуақасованың жұмысына сәттілік тіледі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы


