Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен бірге мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Сол өзгерістердің бірі – Құрылтай институтының қалыптасуы және оның депутаттарын алғаш рет халықтың қатысуымен сайлау.
Құрылтай – қоғамның пікірін, азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларын мемлекеттік деңгейде тоғыстыратын маңызды алаң. Сондықтан алдағы сайлау тек депутаттарды анықтау рәсімі ғана емес, жаңа конституциялық нормалардың іс жүзінде жүзеге асуының алғашқы қадамы болып табылады.
Әрбір азаматтың таңдауы елдің ертеңіне әсер етеді. Бүгін қабылданған шешімдер келешек ұрпақ өмір сүретін қоғамның негізін қалайды. Осы тұрғыдан алғанда сайлауға қатысу – заң алдындағы ғана емес, ар-ождан мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Азаматтық белсенділік – демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі. Өз таңдауы арқылы әр адам елдің дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және әділетті қоғам құруға үлес қоса алады.
Жаңа Конституция азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану. Құрылтай депутаттарын сайлау – әрбір қазақстандықтың өз ұстанымын білдіріп, елдің даму бағытын айқындауға қатысуына берілген маңызды мүмкіндік.
Бүгінгі белсенділік – ертеңгі тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан әрбір тұрғын сайлауға бейжай қарамай, өз азаматтық парызын орындауы маңызды. Себебі Қазақстанның болашағы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.


