Тілін таба білсең, табиғаттың шертпейтін сыры, ашпайтын құпиясы жоқ. Мұны ақын Бауыржан Жақыптың «Қарауылтөбе» жыр жинағын оқығанда ерекше сезіне түстік. Сөзіміз дәлелді болуы үшін оның «Құс базарындағы» мына жолдарға зер салалық:
Қаптаған шер тарқатқан қоңыр үйрек,
Сүңгиді су бетіне салып ирек.
Қонады жұбын жазбай сарыала қаз,
Аққулар «Аққу көлде» тағы билеп.
Сары шымшық көк қамыстан қармақ салып,
Жүреді балықшы құс аулап балық.
Ақ күннен алтын моншақ күміс көлдің,
Төсіне төгіледі саулап барып.
Жеті шумақ өлең түгелдей осындай сұлу суретті оқырман көз алдына әкеліп, табиғатты, сол арқылы өмірді сүюге, бейбіт күнді бағалауға баулиды. Содан да болса керек, ақын табиғаттың әр құбылысын зор сүйіспеншілік сезіммен барынша шынайы, оқырманды ойлантып-толғантатындай өреде суреттеуге шебер. Мысалға, оның «Киіз үй» өлеңінде «күн шығады таңертең, саған сүйеп иегін» дей түсіп, «желп-желп еткен түндігі – кең даланың жүрегі» деген жолдармен бұрын-соңды әдебиетімізде кездеспеген тың теңеумен киіз үйдің жанды, сүйкімді бейнесін даралай сомдай білген Бауыржан Жақыптың суреткерлік шеберлігіне ерекше тәнті болдық.
Ақын «Бәйтерек» атты туындысында академик-жазушы Зейнолла Қабдолов бейнесін жасауда да өзінің суреткерлік шеберлігін көрсетеді. Алдын-ала айтарымыз, арнау өлең кім-кімге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Біріншіден, жағымпаздықтан, дәлелсіз бос лепірмеліктен аулақ болуды, екіншіден, кейіпкердің өзіне ғана тән қасиеттерін жинақтап, шынайы суреттеуді талап етеді. Мұны автор сергек сезімталдықпен, биік талғампаздықпен ескеріп, ұлы ұстаздың ешкімге ұқсамайтын болмыс-бітімін өз биігінде сомдай алған.
Ұшқын болып ұштың да,
Жалын болып лауладың.
Әуелеп бір ұшқанда,
Әуезовтен аумадың –
немесе:
Ұлы Абайдың өзінде,
Аулақтан ой ауладың, – деген жолдармен ұлағатты ұстаздың ешкімге ұқсамайтын ұнамды бейнесін даралай бейнелейді. Әсіресе:
«Өстік біздер, көктедік,
Зеңгір көкке шаншылып.
– Айналайын, – деп келіп,
Құштың бізді қауышып», – деу арқылы ата-ана мейірімін сездіргендей, ұстаздың қандай болуы керегі жөнінде өнегелі ой айтады.
Ақынның сүйіспеншілік тақырыбына арналған өлеңінің:
«Білем тірлік қиын екенін,
Зырлайды уақыт дөңгелектерше.
Өмірде сені сүйіп өтемін,
Көктегі басым жерге жеткенше», –деген шумақпен аяқталуы да оқырманды бейжай қалдырмауы да анық. Шығармада «өлем, күйем» деген тәрізді сөз жоқ. Оның орнына шынайы сезім бар. Сүйіктісінің түр-тұлғасы, іс-әрекеті, яғни бейнесі көрінбейді. Оны оқырман ойша елестетеді. Себебі ақынның суреткерлік шеберлігі арқасында лирикалық кейіпкердің күндей, айдай сұлу, аспандай биік парасат иесі екенін «өмірде сені сүйіп өтемін, көктегі басым жерге тигенше» деген антқа теңдес жолдар әйгілеп тұр.
Ақынның сөз қолданысы да көңіл көншітеді. Айталық, «аспанның аяғына жығылып», «сені аймалаған күннің сәулесінен, өзіңді өпкен айдың нұрынан сұрадым» деуін де – шын суреткерлік тапқырлық, бүгінгі мәдениетті поэзиямыздың шыққан белес-биігі, ақын шығармашылық ізденісінің жемісі дей аламыз.
Осы тұста керемет сұңқар ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың сүйгеніне арнаған өлеңіндегі «аспанда күн күлмесін, Гүлсім күлсін» деп махаббатты күннен де сұлу, күннен де құдіретті етіп жырлағанын еске алып, замандасымыз Бауыржан Жақыптың Мағжан жолын сәтті жалғастырып келе жатқанына ерекше сүйсінгенімізді атап айтқымыз келеді. Бұл пікірімізді ақынның «Ақ шағала» өлеңіндегі:
«Көз ілмеймін түндерде өзіңді ойлап,
Көкірегімде жатқандай сезім қайнап.
Мен кеткенде ауылыңа қарай-қарай,
Қалған еді-ау бір сәуле көзіңде ойнап», – деген шумақ та растай түскендей.
Бауыржан табиғаттың қайталанбас сұлу құбылыстарын суреткер көзімен ұмытылмастай, көңілге қонымды етіп бейнелеуде де өзіндік қолтаңбасы бар ақын екенін дәлелдеді. Бұл тұжырымымыздың шынайылығына көз жеткізу үшін түнгі жайлау бейнесін қалай суреттегеніне назар аударалық.
Қорасына отарын қойшы қамап,
Қыр астында құлағын қайшылады ат.
Ақбоз үйдің түрілген түндігінен,
Жұлдыз күліп, қарайды ай сығалап.
Балқұраққа балбұлақ билеп беріп,
Жайлау жатыр ғажайып күйді өткеріп.
Көрінеді құйрығы көк тазының,
Жаңа туған Айдай боп имектеліп.
Мойындауымыз керек, мойындамасқа лажымыз жоқ, жайлау түнінің осы жанды суреті сұлу сазды, әсем әндей жан дүниемізді өзіне еріксіз баурап алып, әсер-сезімімізді барынша байыта түседі. Ақын:
«Қойшы ұйқыда, бітірген жұмыс талай,
Қалғыған тау, үнсіз қыр, тыныш маңай», – деген жолдармен қойшының дамылдап жатқан сәтін қалғыған тау тұлғасымен астастыра бейнелеп, еңбек адамының ұнамды бейнесін өз биігінде кестелі тілімен келістіре жырлайды. Сөйтіп ақын кейіпкерін бейбіт тұрмыс тынысымен демалған сәтін де суреттеп, еңбек адамына деген оқырман құрметін арттыра түсумен бірге күні бойы мал соңында қажыған адамның түнде алаңсыз тыныстауы керек деген ойды астарлап жеткізеді. Мұнысы ұзақ шығармашылық ізденістен туған шешім дерліктей.
Ақын өлеңінің келесі шумағындағы «Күн-сәбиді өмірге әкелмек боп, көзін ілмей Түн-ана толғатады» тәрізді жолдар арқылы оқырманын бейбіт өмірдің қадір-қасиетін аялай білуге, еңбек адамын сүюге, оған «қалғыған тау, үнсіз қыр, тыныш маңайдай» қамқорлық танытуға баулып, бүкіл адамзат баласына ой салады.
Енді ақынның өзіндік қолтаңбасы қалай қалыптасты деген сауалға жауап іздеп көрсек. Кімге де болсын жұрттың ой-санасын, өмірге құштарлығын ояту оңай емес. Ол үшін шығармашылық нәзік сезімталдық, биік парасаттылық, толағай білім, тәжірибе керек. Онсыз оқырман жүрегін тебірентіп, рухани байытар озық дүние жасау мүмкін емес.
Табиғат көрінісін шебер суреттеп, жұртқа астарлы ой сыйлауда Бауыржан шашасына шаң жұқтырмас жүйріктің нақ өзі. Бұған дәлеліміз көп. Соның біразына көңіл бөлелік.
…Ай нұрына ақбоз үй шағылысқан,
Сені еске алып жыр жаздым сағыныштан.
Қарлығаштың мен де бір балапаны,
Ханжайлаудан қанатын қағып ұшқан, – деп өзінің ақындық болмыс ерекшілігін еріксіз мойындатады.
Тағы бір дәлел ретінде ақынның «Күз» деген туындысын бөлшектемей, тұтас күйінде оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ұрттап алып ақ жауын – шалабынан,
Сары күйге елітіп қалады маң.
Кең аспанды желге еріп кезеді кеп,
Ызғар шашып сұр бұлттар жанарынан.
Іздеп Күнді дөңестер мұң шағады,
Қалың тұман тауларды тұмшалады.
Түсіреді бір мезет көктемді еске,
Табиғаттың мәңгі жас шыршалары.
«Тәртіп керек, ізгілік, ізет керек!»
Деп тұрғандай күбірлеп, түз өкпелеп.
Жазға дейін қоштасып жайлауымен,
Шопан табан тіреді күзекке кеп.
Жәрмеңкесі құстардың жыртылды, әні,
Ауа дымқыл, жер дымқыл, дымқыл бәрі.
Күллі ағаш моншаға түсіп жатыр,
Шешіп тастап киімін сыртындағы.
Табиғат көріністерін дәл бұлай шебер суреттеуде Бауыржан хас жүйріктің нағыз өзі. Бұл пікірімізге тереңірек көз жеткізу мақсатымен оның «Майқараған» атты өлеңіне көңіл бөлелік.
Ауылдың шетінде өскен майқараған,
Тұтасып көзге түскен айдаладан.
Жанға ыстық туған жердің тікені де,
Ұмыту ұлы өлкені қайда маған.
Қараған өңген жерден құт тараған,
Ауылдан біледі өсіп шыққан адам.
Бала кез барушы едік жұмсағанда,
Қайтушы ек шауып алып түпқараған.
Өлеңде осы көріністерді суреттей келіп:
«Сыйладың сол тұлғаңмен ой да маған,
Төзімді сенен алмай қайдан алам», –
деген тамаша тұжырым жасайды.
Қалғиды тау қас қарая,
Дала ұйқыда, аспан ояу.
Айдың асыл сәулесіне,
Балқығандай тас та баяу.
Күлді бұлақ күміс маңдай,
Айдынынан нұр ұшқандай.
Қайың, терек сырласады,
Тамыры бір туыстардай.
Табиғаттың осы әсем көріністерін суреттеу арқылы ақын оқырманына берекелі бейбіт өмір қадір-қасиетін аялай, бағалай біліңдер дегендей ой салады. Мұны азырқағандай ақын «Ормандар» атты өлеңінде:
«Ормандар, асқақ ормандар,
Биікке ұшсам қорғаңдар», –
дей келіп:
«Ормандар, алып ормандар,
Сендермен биік еңсем де», – деп түйіндейді. Терең мән беріп, бағалай білсек, әр талапкер халық қолдаса ғана, халықты сүйіп, оның даналығынан үйренсе ғана ел ағасы атана алатынын, халық қолдамаған, одан ештеңе үйренбеген адам көптің санын көбейтумен ғана тынатынын ескертеді. Айбынды батыр Бауыржан Момышұлының: «Мен аспаннан түскен жоқпын, менің аспаным – халқым» деуінің мәні де, қасиеті де осы қолдауда болса керек.
Ақын Бауыржан Жақыптың «Биікке ұшсам қорғаңдар» деп орманға, яғни халқына тілек айтуы дұрыс па? Бұл жағдай баршамызды ойлантса керек. Әуелі әлгіндей тілек айтуға сен дайынсың ба, бәрінен бұрын оған лайықтысың ба, батылдығың жете ме деген сұраққа ақын: «Биікке ұшсам қорғаңдар. Сендермен биік еңсем де», – деп өзінің қандай сынға да дайын екенін, орманы қолдаса, ұша алатынын білдіргені қайратымызға қайрат, айбатымызға айбат қоса түскендей әсер етеді.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:
«Тауыма сүйенемін,
Жоқ болса сүйенерім,
Келеді тауымды да күйелегім», – деген үш жол өлеңімен-ақ халқым азаматын қолдауы, қорғауы керек, қолдамаса, қорғамаса ол қандай халық, ондай халықты күсталағым, жазғырғым келеді деген ой айтып, үлкен-кішіміздің сана-сезімімізге зіл батпан жүк артып, ойлануымызға мәжбүр еткені бар. Мұндай қасиет Бауыржан Жақыптың ақындық табиғатына да тән.
«Қарауылтөбеге» енген өлеңдердің бәрін мінсіз өлеңдер деуге боларлықтай. Әсіресе, ондағы балладаларды, поэмаларды бас көтермей, үлкен ләззат құшағында оқып шыққанымызды ризалық сезіммен айтқымыз келеді. Оларды арнайы уақыт бөліп зерттеу керек дер едік.
Бауыржан Жақып табиғат құбылыстарын ұлттық ұғымымызға сай жан сүйсінерліктей өреде суреттейді. Мұны «Әже ұршығы», «Алаша», «Үш тал үкі», «Бәйтерек», «Күн мен түн теромасы», «Семей», «Көгершін ұшқан көк белдер», «Қатар жатқан екі көл», тағы басқа да өлеңдерінен байқауға болады.
Сөз соңында айтарымыз, Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» туындысының көлемі бар-жоғы екі-ақ шумақ. Таңқаларлығы – ымырт қараңғылығы қаптаған сәттегі табиғат көрінісін ақырғы сапарға аттанып бара жатқан сырқат көңіл-күйімен байланыстыра суреттеп, оны «Тыншығарсың сен-дағы, сабыр етсең азырақ» деп жұбатуы керемет! Мұны еске алудағы мақсатымыз – Бауыржан Жақып шығармашылығы бүгінде кемеліне келіп жетіліп, толысқан шағы. Ендеше оның алдағы кезде де табиғат құбылыстарын суреттеу арқылы әлемдік ой айтудан танбайтынына, танбауына тілеулестігімізді білдіреміз.
Мамытбек Қалдыбайұлы
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

