Бүгінгі мақаламызда ұстаздар отбасында дүниеге келген Мира Сембайқызы туралы қалам тербемекпіз. Әкесі Сембай Мамытбайұлы орта мектепте география пәнінен оқушыларға сабақ берген әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. Анасы Әділетхан Нұрдинова – жоғары білімді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Әкесі де, анасы да өз пәндерін тартымды да қызықты өткізу арқылы шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген білікті ұстаздар еді. Сондай-ақ мектептің ғана емес, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласқан еліне елеулі, халқына қалаулы жандар болды.
Сембай ұстаз география пәнінің ұстазы ретінде оқушыларды өлкенің жер бедерімен таныстыру үшін жиі экскурсияға шығаратын. Ал анасы Әділетхан ағылшын тілінде түрлі қуыршақ театрын ұйымдастыратын. Оқушыларды пән олимпиадаларына дайындағанда, аудандық семинарда Абайдың әндерін ағылшын тіліне аударып, оқушыларға әнімен айтқызатын. М.Әуезовтің «Татьянаның қырдағы әні» шығармасын ағылшынша сахналайды. «Отбасында бес бала тәрбиелеген ата-анам газет-журналға көп жазылатын. Әкем қалаға не аудан орталығына барған сайын кітап сатып әкелетін. Ата-анамыздың кітапқұмарлығы бізге де үлгі болып, үйде кітаппен сусындап өстік», – дейді Мира балалық шағын еске алып.
Бес ағайынды балалардың бесеуі де мектепті үздік аяқтап, жоғары оқу орындарында білім алып, білікті маман болады. Мира 1991-2001 жылдары туған жері Тоғызбұлақтағы Қапез Байғабылұлы атындағы орта мектепте оқиды. Мектепте физика пәнінен олимпиадаларға қатысып, үнемі бірінші орынды иеленеді. Мектепті «Алтын белгіге» бітірген Мира Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. Мектепте жүргенде-ақ «Ұлан» газетіне, «Балдырған» журналына өлең, мақала, сурет жіберіп тұрған. Шығармашылыққа қызығушылығы бала кезден басталады. Анасы да өлең жазыпты. Мектептегі түрлі қойылымдардың сценарийін өзі құрастырып шығарады екен. «Университет қабырғасында бізге физика пәнінің мұғалімдігімен қатар техникалық аударманы үйретті, – дейді Мира. Ағылшыннан сабақ берген Меңсұлу Тұрашева апай менің таза ауылдан шыққан қазақ тіліме қызығып, көп аударма жасататын. Соның бәрі қазіргі таңдаған кәсібіме айналған мамандығымның іргетасы болған екен. Қазіргі уақытта фрилансер аудармашы ретінде жұмыс істеп, балаларға арнап шығармалар жазамын».
Алғаш «Жалғасы бар ертегі» деген шығармасы республикалық «Дарабоз» бәйгесінде ынталандыру жүлдесін алып, «Кәусар бұлақ» жинағына енген. Шығармалары «Алтын қалам», «Құлыншақ» жинақтарында кіргізілген. Бастауыш сынып оқулықтарына «Жұмыс іздеген құмырсқа», «Ұмыт қалған балауыз», «Тамшы» ертегілері, «Компьютер», «Интернет» деген өлеңдері де енген. Шығармалары республикалық «Балдырған», «Ұлан», «Айтшы, әжетай», «Алан kids», «Ақжелкен» басылымдарына шығып тұрады.
2025 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық кітапханасы ұйымдастырған бәйгеде «Айналам толы ғажайып» атты шығармасы үздіктер қатарынан табылып, «Таза бұлақ» жинағына енеді. «Арман ПВ» баспасынан «Батыл қарлығаш», «Alga Publishing» баспасынан «Мейірімді шаңсорғыш» деген кітабы жарық көрді. Бұл кітабының иллюстрациясын өзі салады. Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер ісі жөніндегі бөлімі мен «Steppe and World» баспасы ұйымдастырған ертегілер байқауында екі шығармасы үздік деп танылып, «Шұғылалы ертегілер» жинағына енді. «АйдаҺар мінген бала» атты шығармасы мажар тіліне аударылады.
Аудармашы ретіндегі жұмысын әуелі телеарналарда телехикаяларды, мультхикаяларды аударудан бастайды. Сөйтіп жүріп кітап аудармасына ауысады. «Бұл жұмысты қызығып, өзім шығарма жазып отырғандай ынтамен істеймін», – дейді Мира. Тағы да аудармашы қызымыз былай дейді: «Фолиант» баспасының тапсырысымен балалар әдебиетінің әлемдік символына айналған Швецияның аса танымал жазушысы Астрид Линдгреннің «Пиппи Ұзыншұлық» атты классикалық туындысын қазақ тіліне аудару бақыты бұйырды. Линдгрен ХХ ғасырдағы балалар әдебиетінің беталысын өзгерткен қаламгер, ЮНЕСКО-ның әлемдегі ең көп аударылған авторларының бірі. Оның Пиппи бейнесі – еркіндіктің, батылдық пен шексіз қиялдың көрінісі. Осы шығарманы қазақша сөйлету мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, сонымен бірге нағыз шығармашылық мектеп болды. Одан кейін қазіргі заманғы ең атақты мистик әрі хоррор жанрының «королі» атанған Стивен Кингтің бір емес, бірнеше әйгілі шығармаларын аударуға мүмкіндік туды. Солардың ішінде «Жасыл миль» мен «Рита Хейворт немесе Шоушенктен қашу» сияқты бүкіл әлемге танымал туындылары бар. «Жасыл миль» – жарық көрген кезден бастап-ақ адам тағдыры, әділет, мейірім секілді терең тақырыптарды қозғаған ерекше роман. Ал «Шоушенктен қашу» – қазіргі күні ең үздік фильмдердің бірі ретінде әлемдік киноматография тарихында қалған оқиға. Мұндай эмоцианалды әрі күрделі шығармаларды аудару менің кәсіби тәжірибемді айтарлықтай тереңдетті. Қазіргі баспа ісінде тың серпінмен жұмыс істеп жүрген «Мазмұндама» баспасының тапсырыстарымен де бірнеше маңызды еңбектерді тәржімаладым. Олардың қатарында «Оскар» сыйлығын жеңіп алған экрандалған нұсқасымен танылған Соломон Нортаптың «Құлдықта өткен 12 жыл» атты өмірбаяндық шығармасы да бар. Сондай-ақ, балалар әдебиетінің классикасына айналған Фрэнсис Борнеттің «Құпия бағы» әлемдік бестселлерлер қатарында тұрған Джеймс Уэлчтің мотивациялық туындысы «Жеңімпаз», Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері Малала Юсуфзайдың «Мен – Малаламын» кітабы, әлемге әйгілі тұлғалар туралы танымдық сериядан «Мари Кюри кім?», «Павло Пикассо кім?» еңбектері, заманауи академиялық бағыттағы Джей Хаинрихстің «Дәлелді сөйле» риторикалық еңбегі Морганың қаржы психологиясына арналған «Ақша психологиясы» кітабы және басқа да маңызды шығармалар бар. Әр кітап өз алдына бір әлем, жаңа білім мен жаңа көзқарас сыйлайтын жеке бір сапар».
Кейіпкеріміз «Alga Publishing» баспасының тапсырысымен Рейчел Холистің қазіргі әйелдерге өмірлік мотивация беретін «Әй, қыз, көзіңді аш» атты халықаралық бестселлерін аударады. Бұл шығарма оқырманға өзін қабылдау, өз мүмкіндігін тану және өмірін өзгертуге талпыну туралы шынайы әрі жігерлендіретін кеңестер береді. Мира Ұлттық аударма бюросының «100 кітап» бағдарламасы аясындағы жобаларға қатысу – кәсіби жолындағы белестердің бірі болғанын айтады. Аталған бағдарлама бойынша «Әдебиет антологиясының» және «Кино өнеріне кіріспе» еңбегінің қазақша аудармасына үлес қосқаны анық. Бұл жобалар әлемдік гуманитарлық білімнің қазақ тіліндегі қорын қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстар еді.
Мира Сембайқызы – «Алтын алқалы» көпбалалы ана. Үлкен қызы Гүлназ Қыздар педагогикалық университетінің шетел тілдері факультетінде ағылшын тілін меңгеруде. Болашақ ұстаз. Ол да білім алумен қатар аударма жұмысымен айналысады. Қазіргі уақытта 3-4 кітап аударып үлгерді. Екінші қызы Кәусар мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина факультетінде фармация мамандығында оқиды. Ұлы Әбдрахман 9-сыныпты жақсы аяқтап, Алматы политехникалық колледжінде «Радиоэлектроника, технология және байланыс» мамандығы бойынша білім алып жүр. Мектепте оқып жүрген балаларының бәрі оқу озаты. Пәндік олимпиадаларға, спорттық жарыстарға, ғылыми жобаларға қаттысып, мектеп ісіне белсене араласады. Үйдегі балалары көркем әдебиет оқиды. Өйткені Мира жастайынан балаларын кітап оқуға үйреткен. Қазіргі шығып жатқан жаңа кітаптарды сатып әпереді. Балаларға арналған басылымдарға жазылып, газет-журнал оқуға мұрындық болып жүр.
Қайын атасы жақсы адам. Мираның өмірлік серігі Алдан Ахметов өз отбасына үлгілі әке, еңбекқор жан. Мираның шығармашылықпен айналысуына үнемі қолдау көрсетіп отырады. Кейіпкердің өмірі ата-ана ықпалының үнсіз, бірақ ең қуатты мектеп екенін дәлелдейді. Үйдің бір бұрышында жиналған кітаптар, әкесінің жаңа кітаптар әкелгендегі қуанышы, анасының ағылшын тілін үйреткендегі сабырлы да жұмсақ дауысы бәрі оның болашағын ерте бастан бағыттап қойғандай. Сол үйдегі жылы орта, білімге құрмет пен еңбектің бағасын білу – бүгінгі жетістігінің берік іргетасы.
Бұл мақала – жақсы ата-ананың бір уақытта тәрбиеші, ұстаз және өмірлік бағдаршам бола алатынын көрсететін жүрекке жылы мысал. Мира Сембайқызы қазір Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылында тұрады.
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Еңбекшіқазақ ауданы

