Перейти к содержимому
Главная страница » Ұзынағашта ерекше кітапдүкені бар

Ұзынағашта ерекше кітапдүкені бар

Жамбыл ауданындағы Қайназар ауылының тұрғыны Мақпал Сембай Ұзынағаштан ерекше кітап дүкенін ашты. Онда түрлі жанрдағы және тақырыптағы әдеби кітаптар жинақталған. Оқырман сұранысына ие ақын-жазушылардың көркем туындыларымен қатар танымдық дүниелер сөреге жүйелеп қойылған.

– Арнайы кітап дүкенін ашамын деген ой бастапқыда менде болмаған еді. Бәрі де балаларыма кітап оқытамын деген ниеттен басталды. Үйіме кітап жиып, балаларымды да кітапқа жақын етіп жүріп, ақыры шағын кітап дүкенін ашып алдым, – дейді Мақпал Сембай.
Оның айтуынша, балалары кітапқа 1-сыныптан бастап қызығыпты. Қазір қызы 5, ал ұлы 2-сыныпты аяқтады. Олардың артынан тағы үш бала ерді. Олар әлі кішкентай. Көпбалалы ана Мақпалдың үйінде кітап көп жиналады. Соларды неге сатпасқа деген оймен Мақпал 2023 жылдың күзінен бастап кітапты үйінен онлайн сата бастайды. Ал 2025 жылдың ақпанынан бастап аптасына екі күн түстен кейін екі-үш сағатқа Ұзынағаштың жайма базарына кітаптарын алып шығып жүріпті.
– Сататын кітаптарды шабаданыма салып алып, базарға таксимен әкелемін. Сонда халықтың кітапқа деген сұранысы бар екенін байқадым. Әрі Ұзынағашта арнайы кітап дүкені жоқ екенін білдім. Содан бір сауда нүктесін ашуды ойластырып, жаңа базардан кітап дүкенімді былтыр қараша айында ресми түрде аштым. Сөреге қазақ және ағылшын тіліндегі кітаптарды қойдым. Неше түрлі тақырып, жанрды қамтуға тырысамын. Мұнда оқулық, діни кітап жоқ, – дейді ол.
Ол Ұзынағаш ауылында кітапқа жастың да, кәрінің де қызығушылығы бар екенін айтады. Соған қуанады. Әсіресе оқитын жастар көп. Дүкеніндегі кітаптар түрлі баспадан шыққан. Оның ішінде шетел классиктерінің шығармаларынан аудармалар, қазақтың өткен ғасырдағы көрнекті жазушыларының және қазіргі жас қаламгерлердің туындылары жинақталған. Түрлі жанрдағы және тақырып­тағы кітаптардың барлығы тек әдеби шығарма. Арасында кәсіпке қатысты, балаларға арналған кітаптар да бар. Көпшілік сұранысына ие ақын-жазушылардың көркем туындылары мен танымдық дүниелер шағын дүкеннің екі жағындағы сөреге ұқыптап қойылған.
Мақпалдан кітап алушы тұрақты оқыр­ман көп. Кітаптың арқасында жақсы таныс болып кеткендерге қарызға да беретін көрінеді. Осылайша ұсынушы мен тұтынушы арасында бір-біріне деген берік сенім орнаған. Мақпалдың әке-шешесі мұғалім болған. Ата-анасының жиған біраз кітабы да осыннан орын тауыпты. Оның көпшілігі баспадан қайта басылып шықпаған, 1960-70-80 жылдарда жарық көргендер. Көне кітаптарды үйге оқуға бір айға береді. Келушілердің дүкенде отырып оқуына да жағдай қарастырылған. Дүкеннен табылмаған кітапқа тапсырыс қабылдайды. Тапсырысты тауып әкеліп беруге тырысады. Әкелген кітапты ауыл-ауылға поштамен жөнелтеді, көлікпен де жібереді. Кейде оқырман өзі алып кетеді. Кітап дүкеніне ата-аналар балаларын жиі ертіп келеді. Оқушыларымен келетін ұстаздар да бар, олар демалыста оқитын керекті кітапты оқушыларына осы жерден ұсынады.
Мақпалдың өзі филолог, жоғары оқу орнын қазақ және қытай тілдері мамандығы бойынша бітірген. Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында туып-өсіп, кейін Жамбыл ауданының Қайназар ауылына тұрмысқа шыққан. Бес жылдай мектепте мұғалім болып жұмыс істепті. Кейінгі он жылдай бала күтімімен үйде. Кітапты әлеуметтік желіде насихаттайды.
– Мемлекет басшысының оқитын ұлт туралы көтерген бастамасын қуана қолдаймын. Кітап оқу мәдениетін дамыту – өркениетті қоғамның белгісі. Білім мен тәрбие жүйесінде кітаптың рөлін күшейту өте маңызды. Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі биылғы Жарлығында кітап оқитын қоғамдық кеңістіктер құру туралы да айтылды. Менің жеке кәсібім шағын ғана болғанымен, оқитын ұлт туралы мемлекеттік деңгейде айқындалып отырған бағытқа сай келеді деп есептеймін. Өйткені балалар мен жастар арасында кітап оқуға тұрақты қызығушылық қалыптастыруға менің де қосар өз үлесім бар, – дейді Мақпал Сембай.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы