Алматы облысында шина сақтайтын SAN Baiserke қоймасы іске қосылды. Бұл – ТМД-дағы теңдесі жоқ ең ірі кешен. Жобаны аталған саладағы жетекші SAN tyres компаниясы іске асыруда. Мұнда жылына 3,5 миллионға дейін шина қабылдап, сақтап және жөнелуге болады. Енді Алматы облысынан еліміздің түкпір-түкпіріне, Орта Азия елдері мен алыс-жақын шетелдерге автокөлік шинасы үздіксіз жіберіледі.
Логистикалық хабтың жалпы аумағы – 22,6 гектар. Мұнда заманауи қоймалармен қатар қайта өңдеу зауыты, кеңселер, шина сату және сервис орталығы салынды. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Қойманың жанында 180 орынды жатақхана, асхана, демалыс бөлмелері, кітапхана мен спорт алаңы бар. Жұмысшылардың денсаулығы мен жайлы демалысы үшін 12 мың шаршы метр аумақта саябақ та қарастырылған. Болашақта қызметкерлер мен олардың отбасына арналған SAN Village тұрғын үй кешені салынып, балабақша ашу көзделіп отыр.
SAN tyres компаниясы Қазақстан нарығында 20 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 14,5 миллионнан астам шина сатқан. Жыл сайын мемлекет бюджетіне 10 млрд теңгеден астам салық төлейді.
Жаңа логистикалық орталықтың іске қосылуы Қазақстанның көлік-логистика саласындағы мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді. Өнімді жеткізу мерзімін қысқартып, сауда байланысын нығайта түседі. Сондай-ақ инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің логистикалық инфрақұрылымын жақсартуға зор ықпал етеді.



