Перейти к содержимому
Главная страница » Дәстүр мен креатив тоғысқан жәрмеңке

Дәстүр мен креатив тоғысқан жәрмеңке

8 тамыз күні Астана төріндегі QAZAQ CREATIVE HUB алаңында Алматы облысының «Дәстүр мен креатив» атты креативті аймақ жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдени мұра мен заманауи шығармашылықты сабақтастырған жәрмеңкеде Алматы облысының жергілікті брендтері кеңінен таныстырылды.

Көрермендер назарына музейлердің құнды жәдігерлері мен көрмелері, қолөнердің бірегей туындылары, қылқалам шеберлерінің шығармалары ұсынылды. Шара барысында ұлттық өнердің озық үлгілері заманауи креативті индустрияның жаңа бағыттарымен үндестік тапты. Қатысушылар үшін түрлі шеберлік сабақтары өткізіліп, келушілерге шығармашылық қабілетін сынауға мүмкіндік беретін интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің мерекелік бағдарламасы «Алатау әуендері» концерттік ұжымының әсерлі өнерімен сабақтасты. Ұлттық әуез бен заманауи шығармашылықты үйлестірген өнерпаздар көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Іс-шара аясында Алматы облысының креативті индустрияны дамытуға үлес қосып жүрген үздік креаторлары Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Каналиев Ерлан Ермекұлының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өңірдің шығармашылық әлеуетін танытқан «Дәстүр мен креатив» жәрмеңкесі бүгін де өз жұмысын жалғастыруда. Елордалықтар мен қала қонақтары Алматы облысының мәдениетімен, өнерімен және жергілікті брендтерімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.

Алтынай СЕЙТКЕН