Перейти к содержимому
Главная страница » КІТАПХАНА ӨКІЛДЕРІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСТЕ

КІТАПХАНА ӨКІЛДЕРІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСТЕ

Корея Республикасының Пусан қаласында.әлем кітапханашыларының басын қосқан IFLA WLIC – 2026 халықаралық конгресі өтуде. Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясы жыл сайын ұйымдастыратын дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі кітапхана мамандарына халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және саланың болашағын талқылауға мүмкіндік береді.
Биылғы IFLA WLIC тақырыбы – «Libraries Powering Transformation» («Кітапханалар – трансформацияның қозғаушы күші»). Пусан төріндегі халықаралық конгреске еліміздің әр өңіріндегі кітапхана басшылары мен сала мамандарынан жасақталған 38 делегат қатысуда. Бұл – кітапханашыларының басын қосатын айтулы кәсіби диалог алаңына барған ТМД елдері арасындағы ең ірі делегацияның бірі.
IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресін Пусан қаласында өткізу туралы шешімді 2025 жылы қабылдаған. Мұндай WLIC 2006 жылы осы елдің астанасы Сеул қаласында өткен болатын. 20 жылдан кейін Оңтүстік Кореяға қайта оралған конгрестің тақырыбы қазіргі кітапханалардың қоғамдағы өзгерістерге бейімделуімен қатар, сол өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуын көрсетеді.
Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын және оқырманға әдебиет ұсынатын орын емес. Ол – цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ақпараттық сауаттылық, білім беру, мәдениет және қоғамның интеллектуалдық дамуы тоғысатын заманауи кеңістік. Сондықтан конгресс аясында кітапханалардың цифрлық трансформациясы, жаңа технологияларды пайдалану, ақпаратқа қолжетімділік, кәсіби даму, инновациялар және кітапханалардың қоғамдағы рөлі секілді өзекті мәселелер талқылануда.
Қазақстан үшін биылғы конгресс ерекше маңызға ие. Себебі 2025 жылы IFLA WLIC Астана қаласында өткен болатын. Еліміздің Орталық Азияда алғаш рет әлемдік кітапхана конгресін қабылдауы кітапхана саласының халықаралық кәсіби кеңістіктегі орнын айқындай түскен еді. Биыл қазақстандық делегацияның Пусан конгресіне белсенді қатысуы еліміздегі кітапхана саласының халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
Алматы облысы кітапхана саласының өкілдері үшін IFLA WLIC-2026 – әлемдік кітапхана ісіндегі жаңа бағыттарды зерделеп, озық тәжірибелермен танысуға және кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Халықаралық ауқымды шара барысында алынған жаңа білім мен тәжірибені өңір кітапханаларының қызметіне енгізу, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту, оқырманға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және кітапханаларды заманауи мәдени-ағартушылық орталық ретінде дамытуға бағыттау – басты міндеттердің бірі.
Қазақстандық 38 делегаттың белсенді қатысуы еліміздің кітапхана саласының халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Алматы облысының кітапхана өкілдері де осы маңызды кәсіби үдеріске белсене қатысып, әлемдік тәжірибені өңір кітапханаларының дамуына бағыттауға өз үлесін қосуда.

Айдана БАҚЫТҚЫЗЫ,
Алматы облыстық орталық
әмбебеп кітапханасының кітапханашысы