Қонаев қаласының орталық алаңында республикалық «Шахмат керуенінің» келуіне байланысты салтанатты шара өтті.
Шараның мақсаты – барлық өңірде осы зияткерлік спорт түрін насихаттай жүріп, ел тұрғындарын шахмат ойынына қызықтыру. Қазақстан шахмат федерациясының бас демеушісі Freedom Broker компаниясының қолдауымен жасақталған сауда-саттық пен халықтардың мәдени және спорттық мұраларын алып келген керуен Қонаев қаласына дейін 3 мың шақырымдай жол жүріп, еліміздің қалалаларын аралап шықты. Арнайы логотипі бар автобустармен келген керуеннің аясында қаланың орталық алаңында жылдам шахмат турнирі өткізілді. Сайыс өтетін зал ретінде мобильді киіз үй орнатылып, фестивальдің жартылай финалдық кезеңі ұйымдастырылды. Оған аудандағы іріктеуден іркілмей өткен 20 шаршы тақта шебері қатысып, бақ сынады. Жартылай финалдық бәсекенің салтанатты ашылу рәсімі қатысушылар мен жанкүйерлердің «Шахмат керуені» туралы бейнебаянды тамашалауымен басталды. Байрақты бәсекеге қатысушыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым құттықтап, сәттілік тіледі.
– Бүгін біз «Шахмат керуені» эстафетасын қабылдадық. Оның бастамашыларымен бірге спорттың дамуына жаңа серпін беруге тырысамыз. Бұл тек бір күндік жоба емес. Зияткерлік ұлт қалыптастыруда шахмат ойыны үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы тарапынан ең асыл ойынның дамуына үлкен көңіл бөлінеді. Бұған дейін бұл керуен Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Семей, Өскемен және Талдықорған қалаларында болды. Қонаев – керуен жолындағы тоғызыншы қала. Біздің өңірге шахмат керуенімен келгендердің барлығына ерекше алғыс айтамыз, – деді Нұрлан Ерғалиұлы.
Швейцария жүйесі бойынша 11 турдан тұрған шахмат фестивалінің жартылай финалдық кезеңінің қорытындысында Әрсен Есентай бірінші орынды жеңіп алды. Сәрсен Жанқуатов екінші орынды иеленсе, үздік үштікті Тайыр Айдынәлі түйіндеді. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге демеушілер тарапынан әзірленген сыйлық сертификаттары табысталды. Жүлдегер 10 қарашада Түркістан қаласында өтетін ақтық сында облыс намысын қорғайтын болады. Оның жүлде қоры 5 млн теңгені құрайды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы