Елімізде Мұғалімдер күні биылдан бастап 5 қазанда мерекеленетін болды. Барлық мұғалімдердің, оқытушылар мен жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің төл мерекесінің құрметіне Қонаев қалалық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Балалар шығармашылық орталығы шәкірттерінің орындауындағы «Ұстазым» әнімен ашылған мерекелік жиында алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке берілді.
– Ұстаздың адамның жүрегінен алатын орны айрықша. Өскелең ұрпақтың тағдыры, ұлттың ертеңгі болмысы, елдің болашағы мұғалімнің қолында. Мұндай жауапкершілік жүгін қайсар мінезді, жүрегі жігерлі, табандылығы мықты, аса еңбекқор адам ғана арқалай алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұстаздардың арқасында тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады», – деп, лайықты баға берді. Ең бастысы, төл тарихымызда тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдер қауымының қоғамдағы ерекше рөлі айқындалды. «Педагог» мамандығын игеремін деген мектеп түлегіне талап артып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде кем дегенде 75 балл жинау міндеттелді. Мұның барлығы – мұғалімнің мансабын арттырып, мәртебесін көтеруге бағытталған қадамдар. Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ», – деген сөзі әрдайым өзектілігін жоғалтпайды. Бүгінгі ұстаз заман талабына сай жан-жақты, креативті болуы керек. Өңірдегі 35 мыңнан астам педагогтің барлығы осындай деп білемін, – деген облыс басшысы ұстаздардың сапалық құрамы жыл санап жақсарып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен бірге саланы қаржыландыру былтырғы жылмен салыстырғанда 78 млрд теңгеге артқанын, облыста 9 мектеп пайдалануға беріліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 53 мектеп бой көтеретінін, білім және тәрбие ғимараттарын салу күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті.
Сахна төрінде Марат Елеусізұлы облыстық «Жылдың үздік мұғалімі – 2023» байқауында бірінші орынды жеңіп алған Ұзынағаш ауылындағы №1 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Тақылбек Айтқажыны құттықтап, автокөліктің кілтін табыс етті. Сол секілді «Үздік сынып жетекші – 2023» байқауының бірінші орын иегері Қонаев қалалық орта мектепгимназиясының мұғалімі Мейрамгүл Тұрғанбаева мен «Үздік балабақша – 2023», «Ең үздік кәсіптік білім беру ұйымы – 2023» байқауында жеңімпаз атанған ұжым басшыларын марапаттап, сертификат табыстады.
Салтанатты шарада облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен облыстық дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылымитәжірибелік орталығының директоры Қайрат Берікболов республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының марапатын иеленіп, бірқатар ұстаз «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгілерін кеудесіне тақты. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату жолында еселі еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздар да Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
Мінберге көтерілген Еңбекшіқазақ ауданы Абай атындағы қазақ орта мектебінің ардагер ұстазы, 12 жылдық мектептің 8-сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығының авторы Ұмсынай Әбілқайырқызы әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Сіздердің алдарыңызда ХХІ ғасырдың жаңа буыны, болашаққа бағдар болар жас ұрпақ қалыптасып жатыр. Тамыры мен тарихын танып, ата-баба мұрасын қастерлейтін, бүгінді бүтіндеп, болашаққа қол соза алатын ұрпақ өсіру жолында еңбектеріңіз орасан. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтпақшы, мұғалімнің шәкіртке берер ойы мен айтар сөзі алтыннан қымбат. Қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап, білім көшін жылжытып келе жатқан жанашыр жандарға деген елдің құрметі күннен-күнге арта бермек. Ақ пейілді, пәк көңілді ұстаздардың тынымсыз еңбегін мемлекетіміз де әрдайым ескеріп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі басшылығының арқасында ұстаздар еңбегі ерекше бағалануда. Көркейіп жатқан елімізді көріп, гүлденген заманды тамашалап, зейнеткерлік демалысымызды ойдағыдай өткізіп жатырмыз. Осы орайда, білім басқармасына үлкен құрметпен алғыс білдіремін, – деді ардагер ұстаз.
Салтанатты жиын соңында облыстық «Жылдың үздік мұғалімі – 2023» байқауының жеңімпазы атанған Тақылбек Айтқажымен сыйға алған автокөлігінің жанында бірауыз тілдескен едік.
– Қиындығы мен қызығы мол мамандықты игергеніме 14 жылдың жүзі болды. Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған дәстүрлі байқауға қатысу әрбір ұстаздың арманы десем, артық айтқандық болмас. Байқауға қатысу менің де арманым болған. Бірінші рет бақ сынасам да бас жүлдеге ие болдым. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» демекші, сәттілік жолдас болып, жеңімпаз болу менің пешенеме жазылған екен. Әрине, ұстаз еңбегі шәкіртінің жетістігімен бағаланатыны белгілі. Осы орайда, шәкірттерімнің халықаралық, республикалық, облыстық білім бәйгелерінің жүлделі орындарын иеленіп жүргенін айта кеткен жөн, – деп ағынан жарылды облыстың үздік мұғалімі.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы