Перейти к содержимому
Главная страница » Бақыт деген осы…

Бақыт деген осы…

Бір әріптесіміздің «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласынан мына бір жолдарды оқып, еріксіз ойға қаласың. «…Сөйлете қалсаң, «Бізде керемет жерлер көп қой, әттең, өзіміз толық пайдалана алмаймыз», деп өкініш білдіріп тұрады. Ал бұл өңірге алғаш келген жанды көрсе, Тянь-Шаньның асқақ шыңдарына бір көз тастап қойып: «Хантәңірін көре алмайтын болдыңыз», – деп бұлт құшағындағы заңғар шыңды иегімен нұсқайды. Соның өзімен-ақ туған жеріне деген сүйіспеншілігін аңғартып қояды…»Бұл сөзбен келіспеу қиын. Өйткені оның астарында шындық жатыр. Біздің де Аспантау етегіндегі қасиетті өңірге жолымыз талай мәрте түсті. Әдетте журналистік іссапармен барамыз. Сондай сапарлардың бірінде ғана күнмен жарыса қызметке аттанған шекара нарядына ілесіп, Хантәңірінің қарлы шыңын көру бақыты бұйырған еді. Сол сәтте өз мамандығыңа деген мақтаныш сезімі бойыңды билейді. Себебі мұндай көріністі кез келген адамға көру бұйыра бермейді.Қазақ руханиятының алыптары – Мұқағали Мақатаев пен Бердібек Соқпақбаев дүниеге келген киелі Нарынқол өңірін шекарашылардың күзетіп келе жатқанына биыл 105 жыл толып отыр. Тарих деректеріне сүйенсек, «Нарынқол» шекара бөлімшесінің іргесі 1921 жылы қаланған.Алайда бүгінгі әңгімеміз ғасырлық тарих туралы емес. Біз сөз етпек болған кейіпкеріміз – «Нарынқол» шекара бөлімінің аға барлаушы-радиотелефоншысы, сержант Дастан Мұхажанов пен оның берекелі отбасы.Дастан мен өмірлік жары Дина бүгінде алты бірдей перзент тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Шаңырақтарының шаттығы болған балаларының есімдері де ерекше жарасым тапқан: Інжу, Ұлту, Зарина, Айбек, Мәншүк және кенжелері Хангелді.Бұл отбасымен біз екі рет жүздестік. Екі кездесудің де әсері ерекше. Алғашқы жолы ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Нарынқол» шекара бөлімінің бастығының міндетін атқарушы, майор Руслан Қыдырмолдаұлының ұсынысымен арнайы бардық.– Ұжымымызда қызметімен де, отбасылық өнегесімен де үлгі болып жүрген әскери қызметшілер бар. Осындай азаматтарды халық таныса деймін, – деген офицердің сөзінен кейін Дастанның шаңырағына ат басын бұрдық.Үйге кірген бетте көңілге жылылық ұялады. Үлкен қыздары Інжу мен Ұлту аналарына дастарқан әзірлеуге қолғабыс етіп жүрсе, қалған төрт бүлдіршін үй ішін думанға бөлеп қойған. Бізді көргенде бір сәтке тосылып қалғандары болмаса, көп ұзамай өздерінің балаң қылықтарына қайта басты. Сол сәттің өзі-ақ бұл шаңырақтағы мейірім мен шаттықтың белгісіндей көрінді.Әңгіме барысында тағы бір қырларына куә болдық. Аудандық мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесіне қатысатын Інжу мен Ұлту бізге күй орындап берді. Қос қарындастың домбыраны еркін меңгергені бірден байқалады. Ал ұлдарының үлкені Айбекті тақпақ айтуға көндіру үшін біраз әурелендік. Ақыры ата-анасының «балмұздақ алып береміз» деген уәдесінен кейін ұялғанынан жүзі бал-бұл жанып, жатқа білетін тақпағын айтып шықты. Біз де кішкентай өнерпазды шын көңілден мақтап, арқасынан қақтық.Сұхбат барысында Дастан мен Динаның отау құрғандарына биыл он екі жыл толғанын білдік. Дина дүние есігін Сарыбастау ауылында ашыпты. Бұл ауыл Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Матвей Меркулов атындағы шекара бөлімшесінен небәрі үш шақырым жерде орналасқан. Ал Дастанның өзі – Нарынқолдың төл перзенті.Ол әскери борышын 2008-2009 жылдары Қонаев қаласы маңындағы Десанттық-шабуылдаушы әскерлер бөлімінде өтеп, туған жеріне кіші сержант шенімен оралған. Арада он жыл өткен соң ғана тағдыр оны шекарашы мамандығына алып келді. Содан бері, яғни 2019 жылдан бастап, мемлекеттік шекараны күзету ісіне адал қызмет етіп келеді.Екінші рет бұл отбасымен Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта кездестік. Бұл жолы кенже ұлдары Хангелді біраз есейіп қалыпты. Бізді көргенде жүзі бал-бұл жайнап, балалық аңғалдығымен бірден баурап алды. Фотоаппаратқа қайта-қайта көз салып, қызығушылық танытқан бүлдіршіннің әр қимылын кадрға түсіруге асықтық. Оның сыңғырлаған күлкісі ауылдың мамыражай тыныштығымен үндесіп, шекарашы отбасының бақыты мен берекесін айшықтап тұрғандай әсер қалдырды.Расында, бақыт деген – осы шығар. Ал сол берекелі шаңырақтың иесі, сержант Дастан Мұхажановтың жүрек түбінен шыққан бір ауыз сөзі бүкіл әңгіменің түйінін түйіндеп тұрғандай.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы