Перейти к содержимому
Главная страница » Ұйым жұмысында – ұлттық құндылықтар

Ұйым жұмысында – ұлттық құндылықтар

Қарасай аудандық ардагерлер ұйымы ел саясатын берік ұстанымға айналдырып, әрқашан өздерінің өткізіп келе жатқан басқосулары мен алқалы жиындарында күн тәртібінен түсірмей келеді. Оған көпшіліктің алдына көлденең тартар жанды мысалдар да жетерлік. Аталған ұйымның соңғы өткен басқосу жиынында да мәні бар маңызды мәселелер қаралды.

Қарасай ауданының орталық кітапханасында кеңейтілген жағдайда өткен бұл басқосуда Қаскелең қаласы мен аудан, ауыл ұйымдарының төрағалары болды. Бұдан бөлек, шараға Қарасай аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігі мен «Алатау жастары» ұйымдарының жетекшілері шақырылды. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» реформаларын жүзеге асыру аясындағы Республикалық ардагерлер орталық кеңесінің тапсырмалары мен нұсқауларына сәйкес туындаған мәселелер тілге тиек етілді.
Жиында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» деген тақырыпта Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов бірінші болып баяндама жасады. Сағат Ұлтарақұлы ұрпақ сабақтастығы ұғымына, ұлт мұрасын сақтауға, оның мәні мен мазмұнына салиқалы түрде сараптама жасап, кеңінен түсініктеме берді. Сондай-ақ, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар беріп, баяндама барысын егжей-тегжейлі жеткізді. Осы тақырып аясында сөйлеген ұйым төрағалары да оралымды ойларын ортаға салды. Бұдан кейін Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» жөніндегі шаралар туралы Жарлығына байланысты кеңінен әңгіме қозғалды.
«Кітаппен – келешекке», «Кітап оқиық, ағайын», «Кітап оқуды қуана құптаймыз!» сынды тақырыптарды кеңінен қамтыған Қарасай аудандық орталық кітапхана қызметкерлері іс-шараны ұтымды ұйымдастыра білді. Орталық кітапхананың кітапханашысы Ақырыс Елубаева бүгінде көп оқылып жатқан әдеби кітаптарды таразы талқысына салды. Бұл бағытта сөйлеушілер де өз ойымен бөлісіп, тың ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мәселен, Шамалған ауылдық ақсақалдар алқасының заңгері Қайыржан Шәкімов жастар жағын кітап оқуға жұмылдырудың тиімді жолдарына ерекше тоқталып өтті. Сол сияқты отбасы құндылықтары, дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік, жастар бойына адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыру секілді көкейкесті мәселелер көпшілік талқысына ұсынылды. Басқа да сөйлеушілер тұжырымды да түйінді пікірлерін бүгіп қалмай, кітап оқу мәдениетін арттыру бағытындағы тың бастамаларымен таныстырды.

Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қарасай ауданы