Қазіргі қоғамда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдеткенімен, жаңа қауіптердің де пайда болуына жол ашты. Соның бірі – буллинг пен кибербуллинг. Мұндай қорлау әрекеттері бұрын ара-тұра мектеп қабырғасында ғана орын алса, бүгінде әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі интернет платформалары арқылы жалғасып, балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайына елеулі қауіп төндіруде. Бір қарағанда әзіл немесе қатарластар арасындағы келіспеушілік болып көрінетін жайт, уақыт өте келе, баланың өміріне, оқу үлгеріміне, денсаулығына және болашақта тұлға болып қалыптасуына ауыр зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан буллинг – тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр.
Буллинг сөзіне анықтама бере кетсек, ол – бір адамның немесе топтың басқа адамды әдейі, жүйелі түрде қорлауы, кемсітуі, қорқытуы немесе қысым көрсетуі. Оның басты ерекшелігі, мұндай әрекет бір рет емес, белгілі бір уақыт аралығында бірнеше рет қайталанып отырады. Әдетте жәбірленуші өзін қорғай алмайтын жағдайда болады. Буллинг физикалық күш көрсету, психологиялық қысым жасау, балағаттау, мазақ ету, лақап ат қою, сыныптан шеттету немесе жеке заттарын бүлдіру арқылы көрінуі мүмкін. Ал кибербуллинг – осы әрекеттердің интернет кеңістігіндегі жалғасы. Әлеуметтік желілерде қорлайтын пікірлер жазу, жалған ақпарат тарату, жеке фотосуреттер мен бейнематериалдарды рұқсатсыз жариялау, жалған аккаунттар ашу немесе қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберу – оның ең кең таралған түрлері. Егер бұрын мектептен шыққан бала қысымнан уақытша құтылатын болса, бүгінде кибербуллинг тәулік бойы жалғасып, баланың өзін еш жерде қауіпсіз сезінбеуіне себеп болады.
Бүгінде балалардың басым бөлігі смартфон мен әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Олар сабақ оқиды, достарымен сөйлеседі, түрлі ойын ойнайды, ақпарат алады. Алайда цифрлық кеңістік жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптерді де ала келді. Интернетке жарияланған қорлайтын жазба немесе бейнежазба санаулы минуттың ішінде жүздеген, тіпті мыңдаған адамға таралып кетуі мүмкін. Мұндай жағдай жәбірленушіге психологиялық тұрғыдан бірнеше есе ауыр соққы береді. Осы орайда Алматы қаласындағы №172 мектеп-гимназиясының психологы Әйгерім Есмұрза буллингтің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау және баламен сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығына тоқталды.
– Буллингке ұшыраған балалардың барлығы бірдей бұл туралы ашық айта бермейді. Көп жағдайда олар ұялады, қорқады немесе ешкім көмектесе алмайды деп ойлайды. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге ерекше мән беруі керек. Егер бала бұрынғыдай белсенді болмай, көп сөйлемесе, жалғыздықты қалай бастаса, сабаққа барғысы келмесе немесе оқу үлгерімі төмендесе, бұл оның психологиялық қысымға ұшырағанының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда баланы кінәламай, оған түсіністік танытып, сабырмен сөйлесу қажет. Ең бастысы – «бәрі жақсы болады» деп мәселені жоққа шығармай, баланың жан дүниесіне үңіліп, оны тыңдай білу, – дейді Әйгерім Асылбекқызы.
Маманның айтуынша, буллингтің алдын алуда тек жәбірленушімен емес, қорлаушы баламен де жүйелі психологиялық жұмыс жүргізілуі тиіс. Себебі агрессивті мінез-құлықтың астарында да түрлі психологиялық немесе әлеуметтік себептер жатуы мүмкін. Ауыр жағдайларда буллинг психологиялық жарақатқа, депрессияға, тіпті өзіне қол жұмсау туралы ойлардың пайда болуына дейін алып келуі мүмкін. Буллингтің зияны тек жәбірленушімен шектелмейді. Қорлаушы баланың өзі де агрессияны мәселе шешудің қалыпты тәсілі ретінде қабылдап өседі. Егер мұндай мінез-құлық дер кезінде тоқтатылмаса, оның кейінгі өмірінде де құқықбұзушылыққа бейімділігі артуы ықтимал. Ал буллингке куә болған балалар күш көрсетуге бейжай қарай бастайды немесе өздері де сондай әрекетке баруы мүмкін. Бұл жайт бүкіл мектеп ұжымының психологиялық ахуалына әсер етеді. Сондықтан мектепте оқушылар арасында өзара сыйластықты, эмпатияны және жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тренингтер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылғаны жөн. Мұндай шаралар балалардың бір-біріне құрметпен қарауына, қиын жағдайда қолдау көрсетуіне және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Өкінішке қарай, көптеген бала басынан өткерген қорлық туралы ешкімге айтпайды. Олар ата-анасының түсінбей қалуынан, сыныптастарының мазағына қалудан немесе жағдайдың одан әрі ушығып кетуінен қорқады. Сондықтан ересектердің баланың көңіл күйіндегі өзгерістерге бейжай қарамауы аса маңызды. Егер оқушы сабаққа барудан қашқақтаса, тұйықталып кетсе, достарымен араласуды доғарса немесе мектепке қатысты үрей байқатса, бұл буллингтің белгісі болуы мүмкін.
Мектеп – баланың білім алатын орны ғана емес, оның тұлға ретінде қалыптасатын ортасы. Сондықтан білім беру ұйымдарында өзара құрмет пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Мұғалімдер әрбір оқушының психологиялық жағдайына назар аударып, сыныптағы қарым-қатынасты бақылап отыруы қажет. Ал ата-аналар баласымен күн сайын ашық әңгімелесіп, оның мәселесіне құлақ асып, сенімді қарым-қатынас орнатуы тиіс.
Буллинг пен кибербуллинг – жай ғана балалар арасындағы келіспеушілік емес. Бұл – уақытында тоқтатылмаса, адамның бүкіл өміріне әсер ететін әлеуметтік мәселе. Сондықтан оған қарсы күрес тек мектептің немесе ата-ананың міндеті емес. Қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін, ойын еркін жеткізе алатын ортада ғана толыққанды дамып, болашағына нық қадам баса алады.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

