Алматы облысында тамыз конференциясы «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында өтті. Дәстүрлі жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов қатысты. Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов баяндама жасап, бүгінгі жаһандану дәуірінде өркениетті, интеллектуалды, бәсекеге қабілетті адал ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар қауымының алдында тұрған аса жауапты, әрі маңызды міндет екенін атап өтті. Әсіресе, мектепке дейінгі тәрбие – баланың алғашқы қадамына бағыт-бағдар беретін, өмірлік іргетасын қалайтын маңызды кезең болып табылатынын жеткізді.
Бүгінгі таңда облыста 1145 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 101-і мемлекеттік, 979-ы жекеменшік балабақша, 65-і мектеп жанындағы шағын орталық. Мектеп жасына дейінгі 95 085 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған. 16600 бүлдіршін мектепалды даярлық сыныбына барады.
Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім берумен 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 94,3 пайызды, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы 96,3 пайызды құрайды.
2025 жылдың маусым айынан бастап Қонаев қаласында 24 мектепке дейінгі ұйымдарда 2 951 орынға арналған ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды.
Ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы аясында Қонаев қаласы бойынша балабақшаға кезектіліктің 963 (67,39%) баладан бүгінгі күні 470-ке (48,8%) азайды. Сонымен қатар, балабақшаға бара алмай жүрген балалардың ата-аналарына көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру мақсатында 365 кеңес беру орталығы іске қосылса, «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7223 бала мектепке дейінгі даярлықтан өтті (2025 жылы 4788 бала). Биыл облыстың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы 298 отбасынан шыққан жекелеген санаттадағы 583 бала тегін тамақтанумен қамтылып отыр.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

