15-20 тамыз аралығында Еңбекшіқазақ ауданы аумағында балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Назар аударыңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балалардың жол жүрісі қағидаларын сақтау деңгейін арттыру, сондай-ақ жүргізушілердің балаларға қатысты жолдағы жауапкершілігін күшейту.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларының сақталуына бақылауды күшейткен. Атап айтқанда, балалар көп жиналатын орындарда, білім беру ұйымдарының маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде, аулаларда, сондай-ақ көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, балалардың жолды жаяу жүргіншілер жолағы жоқ, белгіленбеген жерлерінен өтпеуі, жол белгілері мен бағдаршам талаптарын сақтауы, көлік құралдарының балаларды тасымалдау ережелерін орындауы бойынша полиция қызметкерлері ата-аналарға, жүргізушілерге және балаларға түсіндіріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертуде.
«Балалар жолда күтпеген әрекет жасауы мүмкін екенін әрдайым ескеріңіздер. Әсіресе, білім беру ұйымдарының, ойын алаңдарының, тұрғын үй аулаларының маңында және жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындаған кезде көлік жүргізушілері жылдамдықты төмендетіп, барынша мұқият болғаны жөн. Ата-аналар балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін күнделікті түсіндіріп отыруы маңызды. Сондай-ақ ересектер жол жүру қағидаларын сақтау арқылы балаларға үлгі көрсететінін де ұмытпаса екен. Ата-аналар, баланың жолдан тек белгіленген жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өтуін, бағдаршамның рұқсат беретін сигналына ғана қозғалуын және жол бойында ұялы телефонға алаңдамауын қадағалаңыздар!», – дейді Еңбекшіқазақ ауданы ПБ ЖПҚ қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны А.Айменов.
Баланың жол қауіпсіздігіне қатысты қарапайым ережелерді білуі оның өмірі мен денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Жолдағы бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға себепші болуы мүмкін екенін әркез есте ұстау маңызды.
Балалардың қауіпсіздігі – полиция қызметкерлерінің ғана емес, ата-аналардың, жүргізушілердің, педагогтердің және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
