Көлік саны артқан қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларына себепші жайттардың бірі – жолды жаяу жүргіншілерге арнайы белгіленген жерінен емес, кез келген жерден кесіп өте шығатын азаматтардың көптігі. Мұндай әрекет жол-көлік оқиғасына, жарақат алуға немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан өз қауіпсіздігіңізді сақтау үшін және өзгелердің өміріне қауіп төндірмеу үшін жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтап, жолдың жүру бөлігін тек арнайы белгіленген орындарда – жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы, реттелетін қиылыстарда және бағдаршамның рұқсат беретін сигналы кезінде ғана кесіп өтіңіз.
Жол бос болып көрінгенімен, көлік құралының күтпеген жерден пайда болуы немесе жүргізушінің жол жағдайын дер кезінде бағалай алмауы қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні байқамай қалуы немесе көлікті уақытында тоқтатуға үлгермеуі ықтимал.
Полиция азаматтарды жолдан өту кезінде аса мұқият болуға шақырады. Жолды кесіп өтпес бұрын алдымен екі жаққа да қарап, көлік қозғалысының қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Жол үстінде ұялы телефонға алаңдамаңыз және құлаққап арқылы музыка тыңдап, телефонмен сөйлесу де қауіпті. Өйткені жолдан өткенде айналадағы жағдай бақылауыңызда болғаны абзал.
Әсіресе, қараңғы уақытта, жаңбыр немесе қар жауып тұрған кезде, тұман кезінде және көлік қозғалысы қарқынды жол учаскелерінде барынша сақ болу қажет.
Жолдағы қауіпсіздік әр адамның өзіне деген жауапкершілігінен басталады. Жол қозғалысы ережелерін сақтау арқылы сіз өз өміріңізді ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз.
Ө.БЕКЗАТ, Еңбекшіқазақ АПБ ҚҚБ бастығының орынбасары
