Перейти к содержимому

Отаға қажетті отандық өнім

37 қаралым

Экономикада «Сұраныс ұсынысты тудырады» деген түсінік бар. Бұл – егер бір зат қоғамға қажет болса, міндетті түрде соны өндіріп, тұтынушыларға ұсынатындар табылады деген сөз. Осылайша жаңа өндіріс орындары ашылып, ел экономикасы даму жолына түседі.

Біз әңгіме еткелі отырған «RuMa Farm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылу тарихы да осыған ұқсас. Медицина саласында ұзақ жылдан бері хирург болып еңбек еткен Азат Маханбетжанов алдымен адам ағзасына ота жасаған жерді тігетін арнайы жіптерді алыс-жақын шетелдерден жеткізуді жолға қойған. Уақыт өте келе: «Осы медициналық тауарды неге өзімізде өндірмеске?» – деген шешімге келген. Осылайша бірге еңбек ететін әріптестерімен медициналық жіп өндіру кәсіпорнын ашуды қолға алады.
Нәтижесінде Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінен қажетті жер телімін алып, жұмыстарын бастап кетеді. Серіктестік 2015 жылдың мамыр айында алғашқы өнімдерін шығарып, отандық медицина саласына ұсына бастайды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарына арналған заманауи хирургиялық тігіс материалдарын әзірлеу, өндіру және жеткізу. Ондағы қызметкерлер сіңірілетін және сіңірілмейтін медициналық жіптердің көптеген түрі мен оларға қажетті инелерді өндіруге маманданған. Бүгінде толықтай өндіріс тізбегін қамтамасыз ететін цехтар, қойма ғимараттары, өнім сапасын бақылау орталығы, инженерлік және қосалқы құрылымдар жұмыс істеп тұр.
– Кәсіпорын құрылған сәттен бастап оның қызметі отандық өндірісті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және медициналық ұйым­дарды сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталды. Көпжылдық қызметі барысында кәсіпорын заманауи өндірістік инфрақұрылым қалыптастырып, өнім түрлерін кеңейтіп, жұмыс процесінің тиімділігін арттыруға қол жеткізді, – дейді өндіріс басшысы Алмат Зайдинов.
Айтса-айтқандай, «RuMa Farm» ЖШС бүгінде медициналық бұйымдардың жеке өндірісін дамытуға және денсаулық сақтау жүйесінің импорттық өнімге тәуелділігін төмендетуге үлес қосуда. Өндірістің дамуында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жүзеге асырылатын отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарды. Өнімге деген тұрақты сұраныстың болуы кәсіпорынға ұзақ мерзімді инвестицияны жоспарлауға, өндірісті жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта «RuMa Farm» ЖШС – медициналық бұйымдарды өндіретін тұрақты дамып келе жатқан отандық кәсіпорын. Кәсіпорынның өнімдері қауіпсіздік пен сапа көрсеткіштеріне ие. Биыл экспорттық бағытты дамы­туды бастап, өз өнімдерін Орта Азия елдеріне жеткізуге мүмкіндік алды. Бұл – компания үшін маңызды кезең. Өйткені олар шығаратын медициналық бұйымдар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті екенін растады. Алдағы уақытта «RuMa Farm» серіктестігі отаға қажетті дәкенің барлық түрін шығарып, оған деген қажеттілікті толықтай өтеуді жоспарлап отыр.
Бүгіндері кәсіпорында 59 адам еңбек етуде. Мамандардың көпшілігі осы төңіректегі Екпінді, Жауғашты, Исаев ауылдарынан қатынап жұмыс істеуде. Тұрақты жалақы мен әлеуметтік қолдаумен қамтылған тұрғындар отандық өнім шығаратын өндіріс орнының дамып, ұлғая түсуіне мүдделі.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы