Қазақ жеріне аяқ тіреп, байтақ елдің көшпелі өмірі мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін таңдана да тамсана жазған Батыс саяхатшылары аз емес. Олардың құнды еңбектері ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымымыз бен өмір салтымыздан өзгеше сыр шертеді. Бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, көшпенділер даласына табаны тиген чех легионері Индржих Дворжактың «Қазақтар арасында» атты еңбегі мазмұн байлығымен бірге заман шындығын айқын көрсеткен құнды тарихи дерек ретінде де жоғары бағаланады.
Айтулы еңбек авторы Индржих Дворжак 1876 жылдың 8 шілдесінде Рожмитал-под-Тршемшинем қаласында дүниеге келді. Дворжактар әулеті де қаладағы ықпалды отбасылардың бірі саналыпты. Ол 1897 жылы небәрі 21 жасында ұстаздық жолға түседі. Жас оқытушы 1901 жылдың басында Австро-Венгрия армиясындағы бір жылдық міндетті әскери қызметін өтеп оралған соң педагогикалық жолын жалғастырды. Осыдан кейін математика, геометрия және стенография пәндерін ресми түрде оқыту құқығына ие болды. Прагадағы мұғалімнің бейбіт өмірі 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда күрт өзгерді. Запастағы офицер ретінде Индржих Дворжак дереу Австро-Венгрия армиясының қатарына шақырылып, поручик шенінде 6-жаяу әскер полкіне жіберілді. Империя чехтарды өз мүддесі жолында соғысуға мәжбүрледі. И.Дворжактың майдандағы тағдыры ұзаққа созылмады. 1914 жылғы 30 тамызда Галиция шайқасы кезінде, Ополе қаласы маңындағы қақтығыстарда ол орыс әскеріне тұтқынға түседі. Чех халқының тәуелсіздігін аңсаған Дворжак тұтқынға түскен сәтін жеңіліс ретінде қабылдаған жоқ. Ол үшін бұл бөтен империяның мүддесі жолында соғысу міндетінен арылған кез еді. Кейін ол осы көңіл-күйін: «Австрия армиясымен мәңгілікке қош айтысқанымды ұққан сәт өмірімдегі ең бақытты мезеттердің бірі болды», – деп еске алады. Осылайша оның Сібірдегі ұзақ сапары басталды. Дворжак Ресей империясының ішкері аймағына – Барнаул қаласындағы әскери тұтқындар лагеріне жіберілді.
Дәл осы аласапыран кезеңде Индржих Дворжак Омбы қаласына келеді. Ол кезде Омбы ақтардың басты орталықтарының бірі болатын. Легион басшылығына түрлі ресурс, әсіресе көлік аса қажет еді. Сондықтан И.Дворжакқа жергілікті халықпен байланыс орнатып, чех әскері үшін жылқыларды жаппай сатып алу ісін ұйымдастыру міндеті жүктелді. Ол өз борышын арқалай жүріп, жергілікті халықтың өзіне беймәлім өмірі жайлы қалам тербей бастайды.
«Біз ешқашан әлжуаз, ерке қазақты көрген емеспіз. Ашық аспан астындағы еркін өмір оларды бала кезінен-ақ шынықтырып, шыңдайды. Олардың көру мен есту қабілеттері айрықша жетілген. Кең жазық далада олар жолаушының жүріс-тұрысынан не киіміндегі ұсақ белгілерден-ақ алыстан оның кім екенін дәл таниды. Үнсіз тыңдап, атты адамның қай бағытқа қарай келе жатқанын және қанша адам екенін айнытпай анықтай алады», – деп халқымыздың ежелден-ақ табиғаттың барлық құбылыстарымен үндесіп өмір сүргенін жазады. Ауа, су, жер, мал, өсімдік сияқты барлық табиғат нығметтерін Жаратушының сыйы деп бағалап, оларды ерекше қастерлегенін айтады.
Кітаптың «Қазақтардың мінез-құлқы мен салт-дәстүрлері» атты бөлімінде: «Қазақтар арасында «Қонақ келсе, құт келер» деген сөз бар. Бұл мақал олардың тұрмысында толықтай жүзеге асады. Қонақжайлықтан бас тарту, шын мәнінде, киелі дәстүрмен ата-баба жолына қарсы шыққанмен тең, ал мұндай жағдай қазақ арасында іс жүзінде кездеспейді. Қонақ келген кезде құрметтеп, жылқы болмаса да, кемінде қой сойып күтеді. Ал қонақ қайтарда, оның дәрежесіне қарай ат мінгізіп немесе шапан жауып, шығарып салады. Қазақтар – адал да бейбітсүйгіш халық. Қонақты не жалпы таныс адамды қорлау немесе алдауға талпыну халық ұғымында кешірілмейтін қылмыс саналады», – деп қалам тербейді. Осылай автор қазақ қоғамында қонақ ерекше құрметке ие адам екенін, алыстан келген жолаушының мәртебесіне қарамай, оны төрге шығарып, ең дәмді асын алдына қойғанын айтады. Деректерге жүгінер болсақ, арғы-бергі заманда қазақ жерінде болған саяхатшылар, ғалымдар, елшілер қазақ ұлтының меймандос, сабырлы, момын, ешкімге жамандық, қаскөйлік жасамайтын халық екенін, қазақ елі ежелден бейбітшілік сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Бүгінде сол қасиетімізді әлем жұртышылығы жоғары бағалап, мемлекетімізді бейбітсүйгіш ел ретінде мойындайды.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, қазақ тарихында ел қорғаған атақты батырлармен бірге олардың тұлпарлары қатар айтылады. Әсіресе осындай сәйгүліктердің есімі эпостарда, тарихи жырларда, ел аузында және жер атауларында жиі кездеседі. Индржих Дворжак та қазақ жылқысы жайында тебірене қалам тербейді. «Қырдың жылқылары да біздің жылқылардан біршама өзгеше. Олар ұсағырақ, жүндері қалың әрі ұзын, көбінесе қарақоңыр не қап-қара болып келеді. Ақбоз аттар өте сирек кездеседі. Көбінесе жиренқоңыр немесе буырыл түстер жиі ұшырасады. Барлық жылқылардың құйрығы ұзын, жерге жетіп тұрады, ал көпшілігінің жалы қалың, ұзын әрі шын мәнінде көркем. Көбінесе тұтас бір үйірдің Ертіске қарай көңілді түрде жарыса шауып барып, су ішіп алған соң жағадағы құмға аунап жатқанын көруге болады. Мұндай жылқының қанша жүк көтере алатыны ақылға сыймайтын нәрсе. Бір ғана ат Ертіс жаққа ішінде қап-қап астық артылған салмағы едәуір арбаны тартып бара жатады. Жаяу жүруді ұнатпай, керісінше атқа мінуді жаны сүйетін қазақ айдаушысы болса, ойланбастан аттың жалын құшып, қос қапталына қамшысын сарт-сұрт жаудырған сәтте шаң бұрқыратып, дүбірімен бүкіл дала жаңғыра түседі», – дей келе, автор қазақ жылқысының қасиетін дәріптейді. Бұл тұста чех легионері қазақтың сән-салтанатының көркі де жылқы деген ойын айғақтайды. Оны оқып отырып ғасыр бұрын қазақ даласындағы ат үстіндегі ерлер елестесе, кейде әбзелінің әшекейі аппақ сүттей ай нұрына жарқырап, күмбір-күмбір күмбірлеген күліктер жегілген күймелі қазақы арбаларда аққу мойын, алма төс қазақ арулары Ертіс бойында кетіп бара жатқан шығар деген ойға шомасың.
Индржих Дворжактың «Қазақтар арасында» кітабында алты қанат ақ ордамызға да айрықша орын берілген. Оның жазуынша, киіз үйдің ішкі кеңістігі қазақ дүниетанымындағы ұлы ұғымдар бойынша орналастырылған. Есіктен кіргендегі оң жақ, төрде отырып қарағандағы сол жақ – үйдің «Оң жағы» деп аталады. Ол – ата-ананың орны. Сол жақ – тұрмыс құрмаған, үйленбеген ұл мен қыздың орны. Үй ортасы – ошақтың орны. Есіктен ошаққа дейінгі аралық – «Есік жақ», «Босаға жақ» деп аталады. Ошақтан төрге дейінгі аралық – «Төр» немесе «Төр жақ» делінеді. Ол тіпті үй ішіндегі жиһаздарды да көзден таса қалдырмайды. Соның бірі – сандық. «Сандықтар – қазақ отбасының бүкіл қазынасын сақтайтын орын. Олардың ішінде күнделікті тіршілікке қажетті ең басты заттар: киім-кешек, төсек жабындысы, қант пен шай сынды ас-ауқат жиналады. Ал сол сандықтардың жанына, төрт аяғы аласа, дөңгелек үстел қойылып, оның айналасына кілем үстіне малдас құрып отыру дәстүрге айналған», – деп қалам тербейді.
Шынымен де, қазақ – киіз үйдің шеңберін тіршіліктің көзі, дүниенің кіндігі, өмірдің нүктесі деп қарайды. Сол нүктеге тіршілікті әкеліп орналастырса, оның айналасындағы, бірдей қашықтықтағы әралуан нүктені жанай өтетін сәуле сызықтары, өзі басталған нүктесінен тұйықталып келіп, дүниенің кіндігінде тұрған тіршілікті үйіріле айналып, сәуле шеңберін қалыптастырып тұрады. «Киіз үй – қазақтың өміріндегі ең басты, ең киелі орын. Мұны қазақтың ант бергенде өз үйін тілге тиек етуінен-ақ аңғаруға болады. Мысалы, чехтар «жанымен ант етемін» десе, қазақ «Киелі шаңырағымен ант етемін», «өз үйім – Құдайдың үйіндей» деп өзінің киіз үйін қасиетті мекенімен теңестіреді», – деп жазады Индржих Дворжак өз естелігінде. Осылай автор қазақ халқының күнделікті тұрмысын, дәстүрлі шаруашылығын, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, ұлттық дүниетанымы мен рухани құндылықтарын терең сипаттап, қазақ қоғамының сол кезеңдегі болмысын жан-жақты бейнелейді. Сондай-ақ еңбекте ұлтымыздың тілдік, этнографиялық және мәдени ерекшеліктеріне қатысты тың мәліметтер беріліп, ғылыми пайымдар жасайды.
Кітаптың айрықша құндылығын арттыра түсетін тағы бір қыры – онда ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірін бейнелейтін 20-дан астам сирек фотосуреттің жариялануы. Бұл фотоматериалдар – сол дәуірдегі қазақ даласының тыныс-тіршілігін, адамдардың келбетін, киім үлгісін, тұрмыстық ортасын және дәстүрлі мәдениетін көзбен көруге мүмкіндік беретін бірегей тарихи айғақтар.
И.Дворжак далада дәстүрлі көшпелі орта ғана емес, ондағы тарихи һәм саяси өзгерістерге де баса назар аударады. Әсіресе Алаш баласының азаттыққа ұмтылған бейнесі мен әлемдік өркениетке талпынған күрескерлік рухын әспеттейді. Кейін ол бұл әсерін өз кітабында ерекше сүйсініспен былай суреттейді: «Белгіленген уақытта алдымызға үш зиялы тұлға келді. Түр-тұлғасы қазақ екенін аңғартып тұрса да, олардың еуропаша киімі, мәдениеттілігі, сыпайы сөйлесуі мен қоғамдық этикетті еркін меңгергені бізге ерекше әсер етті. Олардың бірі – Алашорда Үкіметінің төрағасы, білікті заңгер Әлихан Бөкейханов болатын. Қасындағы екеуі – осы Үкіметтің мүшелері, Петербург университетін тәмамдаған Айдархан Тұрлыбайұлы мен Уәлитхан Танаш. Кейінірек бізге патша армиясының бұрынғы капитанын да таныстырды – ол да тегі қазақ, болмысынан тәртіп пен парасат есіп тұрған азамат еді». Осылай И.Дворжак Алаш қайраткерлерін терең білім алған, жан-жақты қалыптасқан әрі өз халқының мүддесін еуропалық деңгейде қорғай алатын биік интеллектуалдық орта ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, арадағы әңгімелер жай ресми кездесу шеңберінде қалмай, шынайы сенім мен өзара түсіністікке құрылған. Ресей империясының күйреуі тұсында аса ауыр саяси қысым жағдайында жүрген қазақ жетекшілері чех профессоры Отанының тәуелсіздік жолындағы күресіне ерекше ықылас танытқан. Сол кездесулердің бірінде Әлихан Бөкейханов азаттыққа ұмтылған екі халықтың тағдыры арасында тарихи ұқсастық бар екенін, империялық үстемдіктен құтылуға талпынған қазақ пен чех жұртының мұратын өзара сабақтастырған еді.
И.Дворжак кітабында: «Соңғы рет Әлихан Бөкейхановпен жүздескеннен бері көп дүние өзгеріп кетті. Ол да, оның серіктері де сол уақыттан бері Ресейдің зұлмат шындығында адам жанына ауыр қажырлы сынақтарды бастан кешіріп келеді. Біз, өкінішке қарай, оларға нақты қолұшын соза алмаймыз, бірақ ең болмаса, олар біздің шынайы ілтипатымыз бен рухани тілектестігімізді сезінсе дейміз. Иә, бұл нақты көмек болмағанымен, жүректен туған, шарасыз күйде үмітпен өрілген жанашырлық қана шығар. Дегенмен біз бар ықыласымызбен әрі жеке тұлғаларға әрі тұтас қазақ халқына қайғының соңын жарық болашақ алмастырады деп сеніп, ақ тілегімізді арнаймыз», – деген жан тебіренісін жасырмайды. Бұл айтылғандар ұлт көсемінің өр мінезін ғана емес, сонымен қатар қазақтың тәуелсіздік аңсарын өзге халықтардың бостандық жолындағы күресімен үндестіре бағалай білген саяси даналығын да айқындайды.
Деректерге зер салсақ, Чехословак корпусының эвакуациясы бірнеше айға жалғасты. Легионерлер біртіндеп Владивостокқа қарай жылжыды. Сол жерден олар теңіз жолымен жер шарын айналып өтіп, 1918 жылдың қазанында тәуелсіздігін жариялаған Чехословакия Республикасына қайтарылды. Индржих Дворжактың легион құрамындағы қызметі 1920 жылдың 29 қарашасында аяқталды. Ол бұл кезде 12-атқыштар полкінің сапында еді. Осыдан кейін Дворжак әскери қызметтен босатылып, еліне оралды. Ауыр қайғы-қасіреттен соң Дворжак өзін толықтай еңбекке арнады. Ол Прагадағы Бірінші чех мемлекеттік реалды гимназиясына оралып, 1921 жылы «Қазақтар арасында» атты кітабын жарыққа шығарды. Бұл еңбек оның даладағы күрделі жылдарының рухани естелігіне айналды. Ал 2025 жылы қазіргі Чехия мен Словакияның мұрағат, кітапхана қорларынан жас ғалымдарымыз Дінмұхамед Байжұма мен Сұлтан Камалиден 1918–1920 жылдары, кешегі патшалық Ресей империясы кезінде Ресейде құрылған, жасақталған Чехословак корпусының Алашорда Үкіметімен арадағы қарым-қатынасы туралы материалдар тапты. Онда екі жақтың келіссөздері, сондай-ақ Алашорда Үкіметінің Чехословак корпусына большевиктерге қарсы соғыста екі мың жылқы беріп, қару-жарақпен көмектескені туралы деректер баяндалады. Биыл Дінмұхамед Байжұма мен Сұлтан Камалиден Индржих Дворжактың аталған еңбегін қазақ және орыс тілдеріне аударып, кітап етіп басып шығарды. Осылай арада ғасырдан астам уақыт өткенде тарихи әділеттің шеңбері қайта түйісті. Қазақ зерттеушілері Прага мен Пршибрам архивтерін ақтарып, Дворжакқа қатысты жеке құжаттарды, өмір жолының деректерін қайта қалпына келтірді.
«Кітапта бір ерекше сурет сақталған. Ол – қазақ елінің картасы. Біздің шекарамыз Кеңес Өкіметі құрылған кезде ғана пайда болды. Бірақ бұл кітап сол түсінікті кәдімгідей өзгертеді. Өйткені бұл кітапта қазақ жерінің 1918 жылғы негізгі шекарасы көрсетілген», – дейді зерттеуші Дінмұхамед Байжұма.
«Қазақтар арасында» атты еңбегінде автор қазақ халқының тілі және әдеби мұраларын сипаттайтын құнды этнографиялық деректерді, сондай-ақ Ресей империясы кезеңіндегі ауыр жағдайын қамтыған. Ғылыми бақылауларымен бірге автор чехословакиялық жауынгерлердің қазақтармен өзара байланысы туралы өз пайымын ортаға салады. «Индржих Дворжак қазақ қоғамынан терең адамгершілік қасиетті байқай білді. Ол көшпелі өмір салтын еуропалық тіршілікпен салыстыра отырып, дала өмірінің көркемдігін, дүниетанымдық тереңдігін дәл аңғарған. Осы қырынан қарағанда, бұл туынды тарихи жағдайлармен қазақ даласына тап болған чехословакиялық легионердің қазақ халқына және сол дәуірдегі ұлттық саяси басшылыққа білдірген ықыласы мен сый-құрметінің көрінісі деуге болады», – дейді кітап жайлы ой толғаған Қоғамдық дипломатиялық қор президенті Расул Ахметов. Қысқасы, «Қазақтар арасында» атты еңбек аласапыран кезеңнің әлі күнге дейін зерттелмей келген қырларын ашып, беймәлім тұстарын толықтыра түсетін құнды еңбек екені айдан анық.
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері