Перейти к содержимому

Бауыржанмен жүздесу

27 қаралым

Көзі тірісінде аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлын бәріміз құрметтегенбіз. Сондай құрметті көзімен көргендердің ішінде естелік жазып қалдырғандар да баршылық. Естелікті оқи отырып, Баукеңнің нағыз батыр, ержүрек екенін де мойындайсың. Тіпті ұлтын сүйген азаматтығына қайран қалуға болады. Сондай естілікті Еңбекбай Махамбетов деген ағамыздың «Хантәңірі қойынауында» деген кітабынан кездестірдік.

Кітапта автор батыр Бауыржанды мектепте оқып жүргенде «Сталин жолы» газетінен оқығанын жазады. Оны ағасы Дәукен де оқыпты. Кейін ағасы А. Бектің «Арпалыс» деген кітабымен танысқанын, оны автор да ауыл болып оқығанын алға тартады. Одан кейін: «Ең қызығы – аты аңызға айналған алып батырды көзбен көру, сөзін де өз аузынан естудің өзі бір ғанибет», – десе, сондай сәт туып, батыр Бауыржанды 1965 жылы мамыр айында Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқып жүргенде көзбен көріп, сөйлеген сөзін жазыпты. Партия мектебі Жеңістің 20 жылдығына байланысты Баукеңмен кездесу өткізген. Бір топ қонақпен келген батыр төрге жайғасқаннан кейін күн тәртібінде екі баяндама болатындығын хабарлапты. Бірінші баяндамашы ұзақ сөйлейді. Жұртты шаршатқан баяндамашыны Баукең халықтан кешірім сұрап, әзер тоқтатты да:
– Зачем такую длиную шпаргалку, надо уважать публику. А это нам известно, – деп дауыстап алды. Жұрт полковник сөзін қолдады. Сөйтіп, екінші баяндама оқылмайтын болды. Бір мезетте Баукең:
– Ассалаумағалейкум! – деп биігірек текпішектен түсіп келе жатты. Жолай залда отырған бір ақсақалға қол беріп амандасты. Содан кейін:
– Извините, товарищи… Это мой первый учитель, менің бірінші ұстазым, – деді де әлгі қартты өзінің орнына апарып отырғызды.
Баукең сөзін одан әрі жалғады. Соғыс жылдарында ерлікпен соғысқан, қаһармандық көрсеткен, халықтардың қатарында орыс, украин, грузин, қазақ халықтарын атады. Шаршаңқырады ма екен, су ұрттап, шылымын тұтатты. Кәдуілгі баяғының хас батырлары сынды ешнәрседен сескеніп, секем алып тұрған жоқ. Нақ сөйлеп, тұжырымды ойлар тастайды, орнықты пікір айтып, мазмұнды ойлар толғайды. Кездесуде болған жайтты автор осылай баяндапты. Одан әрі естелікте: «Арада бір аптадай уақыт өтті. Бізді, мектеп тыңдаушыларын залда өтетін жиынға шақырды. «Не мәселе екен?» деп таңданып жатырмыз. Сөйтсек, түнеукүнгі мәжілісте сөйлеген Халық қаһарманы Бауыржанның қылықтары жайлы екен. Осы мектептің кафедра меңгерушілері М.Тимофеев пен С.Ткачев дегендер Қазақстан КП орталық комитетіне батыр ағамыз Бауыржанның үстінен ғайбат сөз айтып, шағым түсіреді. Сондағы айтқандары – Бауыржанның жұрт алдында қазақша сөйлеуі, баяндамаларды аяқтатпай, бел ортасында үзіп тастауы, Ткачевқа сөз бермеуі.
Залда негізінен қазақ, қырғыз жігіттері жиналған екенбіз. Әлгіндей қисынсыз сөздерді естігеннен кейін біз залды тастап, шығып кеттік. Кейін бұл әңгіме орталық комитетте де сөз болған көрінеді. Онымен біздің не жұмысымыз болсын?! Халқымыздың намысы үшін шыбын жанын шүберекке түйген, ана сүтін адал емген батыр ағамызды қай жерде жүрсек те «Біздің Баукең, Бауыржан батыр!» деп аспанға көтеріп, мақтанатынымызды жасырмақ емеспіз», – деп жазады автор.
Материалдың жалғасында Еңбекбай ағамыз Бауыржан Момышұлымен 1980 жылдың сәуір айында Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылында Жеңістің 35 жылдығына арналған мерекеде тағы кездескенін жазған. Ол жылдары Еңбекбай Махамбетов «Қастек» мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытының директоры болып жүріпті. Мерекелік шараға Баукеңмен бірге соғыс ардагері, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері Ермек Далабаев та қатысып, сөз сөйлеген. Оның сөзін Баукең сүйсіне тыңдап, ара-арасында «Міне, нағыз батыр осы Ермек Далабаев!» деп көкейден шыққан сөзіне риза болғандығын жазады. Бір айта кетерлік жайт, осы кездесуден төрт сурет кітапқа кірген екен. Бірақ суреттер басқа бетте. Екі сурет бір бетке түсіпті. Онда Бауыржан Момышұлы мен Еңбекбай Махамбетовтің қатар отырғаны, батырға ауыл адамдары құрмет көрсеткені байқалады. Баукеңнің қолында темекісі бар, Еңбекбай қонақтың таяғын ұстап түсіпті. Суреттің астыңғы жағында «Бауыржан Момышұлы Үңгіртасқа келгенде түскен сурет. 1981 жыл» деп жазылған. Екінші сурет Баукең мен Махамбетов қатар келе жатады. Үстерінде қыстық киім. Ал Баукеңді риза еткен соғыс ардагері Ермек Далабаев туралы біраз дерек осы кітаптың басқа беттерінде табылды. Ол кісі көп жыл кеңшарда еңбек етіп, ауылға өзіндік үлесін қосқан. 1980 жылы мамыр айында соғыстың 35 жылдығына байланысты Мәскеу мен Брест қаласында өткізілген кездесуге барып, Алматы қаласында құрылған 100-атқыштар бригадасының ардагерлерімен кездесіпті. Бұл кездесуге кеңшар директоры Еңбекбай Махамбетов Ермек Далабаевқа ұлы Қамбарға көмектесіп, Мәскеуде тұратын майдандас досы Василий Клубковты тауып, оның үйіне қонақ болып қайтуға жағдай жасағандығы айтылады. Кітаптағы үшінші мен төртінші суреттерде Үңгіртастағы кездесу көрсетілген. Онда Баукең бір топ адам арасында бір үлкен шенді әскери адаммен сөйлесіп тұрғанын көрсек, шеткі жағында Еңбекбай Махамбетовті байқаймыз. Төртінші суретте батыр зайыбы Жәмиләмен сахна төрінде отыр. Бұл төрт сурет бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған болуы мүмкін. Себебі кітап 2008 жылы жарық көріп, 200 данамен шығыпты. Кітаптағы батыр туралы естелік пен суреттер қашанда өзінің құндылығымен есте қалары сөзсіз. Біз естелікті оқи отырып, аты аңызға айналған батыр Баукеңді халық қалай құрметтегенін көреміз және суреттерінен батырдың келбеті мен болаттай шымыр тұлғасы жылдар өтсе де, биіктей беретінін байқаймыз.

Жексен Алпартегі,
журналист