Дәстүрлі қазақ қолөнері – тұрмыстық қажеттілікті өтеудің ғана құралы емес, ол халқымыздың дүниетанымын, эстетикалық талғамын, өмірлік философиясын және мәдени жадысын сақтап келген бірегей рухани мұра. Осындай киелі өнерді жаңа белеске көтерген көрнекті тұлғалардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, этнодизайнер, ұста Дәркембай Шоқпарұлы.
Дәркембай Шоқпарұлы – ұлттық қолөнердің ұмыт болған технологияларын қайта жаңғыртып, дәстүрлі шеберлік мектебін ғылыми тұрғыдан зерделеп, оны жаңа көркемдік деңгейге көтерген дара тұлға. Ұста шығармашылығы туралы көрнекті жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Мен нағыз өнерге адам атаулының неге тәнті болатынын жаңа түсіндім. Ол үшін Дәркембай бауырым, сенің алтын саусағың мен қанатты қиялыңа мың алғыс», – деп тебірене жазған еді. Бұл пікір шебердің тек кәсіби біліктілігін ғана емес, оның ұлттық өнер кеңістігіндегі қайталанбас шығармашылық құбылыс екенін де айқын аңғартады.
Қазақ мәдениеті мен дәстүрлі қолөнерінің қайта өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков те ұстаның еңбегіне жоғары баға берді. Ол шебердің жетекшілігімен көне технологиялар бойынша тері өңдеу, сүйек пен ағаш ою, металл құю, соғу, қалыптау, әрлеу секілді ұмыт бола бастаған кәсіп түрлерінің қайта жанданғанын ерекше атап көрсетіп, бүгінгі таңда кеңінен қолданылып жүрген торсық, саба сияқты дәстүрлі бұйымдардың тарихи технологиясының қайта жаңғыруын Дәркембай Шоқпарұлының есімімен байланыстырды.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданындағы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің экспозициясында сақталған жиһаздар топтамасы – шебердің шығармашылық кемелденген кезеңінің жарқын куәсі. 1980 жылдардың екінші жартысында дүниеге келген бұл бірегей туындылар көшпелі өркениеттің көркемдік дәстүрін қазіргі заманның дизайн тілімен сабақтастырып, қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің алтын қорынан лайықты орын алған құнды мәдени мұра ретінде бағаланады.
Музей экспозициясындағы бірегей туынды – ағаштан тұтас ойылып жасалған, пішіні жағынан арқар немесе қошқар бейнесін суреттейтін монументалды орындық. Оның көркемдік шешіміне талдау жасасақ, туындының арқалығы жануардың басы мен мүйізін пластикалық дәлдікпен көрсетсе, орындықтың бүйірлеріндегі терең орамды «қошқар мүйіз» оюлары динамика мен толыққандылық беріп тұрғанын көреміз. Шебер ағаштың табиғи құрылымын сақтай отырып, оның бетін мінсіз тегістеген. Ақселеу Сейдімбек жоғары бағалаған ұстаның сол «қанатты қиялы» осы орындықтың архитектоникасынан анық байқалады. Ал оның кәдесіне (қолданысына) келетін болсақ, көшпелілер ұғымында қошқар – құт-берекенің, молшылық пен қорғаушы рухтың (тотемнің) символы. Бұл жай ғана отыратын жиһаз емес, үйдің төріне қойылатын, шаңырақ иесінің мәртебесін айқындайтын, сыйлы қонақтарға арналған ғұрыптық нысан іспетті.
Экспозицияның тағы бір құнды жәдігері – цилиндр пішінді, үстіңгі беті ағаш діңінің табиғи қабығымен (қыртысымен) аяқталған асадал. Ұста Дәркембай бұл туындысында классикалық төртбұрышты асадал пішінінен алшақтап, өзіндік жаңа іздеіске барған. Өзбекәлі Жәнібеков атап өткен керту, жону, металл соғу және құю секілді көне технологиялардың синтезі осы асадалдың бойынан табылады. Бұйымның көркемдік шешімі жылы ағаш пен суық металдың үндестігі арқылы ерекше сәулеттік сипатқа ие болған. Есігі мен бүйіріндегі соғылған темір топсалар мен бекіткіш орта ғасырлық жәдігерлерді еске түсіреді. Темір құрсаулардың ұштары S-тәрізді және спиральді «сыңар мүйіз» өрнектерімен аяқталып, бұйымның мығымдылығын пластикалық жеңілдікпен теңгеріп тұр. Бұл жиһаздың кәдесі де ерекше, өйткені асадал қазақ тұрмысында тамақ пен ыдыс-аяқ сақтайтын қасиетті жиһаз саналған.
Музей экспозициясындағы қалған туындылар Дәркембай Шоқпарұлының бионикалық бағыттағы (табиғаттың өз пішінін қолдану) ерекше қолтаңбасын көрсетеді. Шебер ағаш бездерін (кап), тамырларын және діңдерін өңдей отырып, табиғат жаратқан пішінді бұзбай, оған функциялық міндет жүктеген. Мәселен, биік арқалықты орындықты жасауда ағаш діңінің қисықтығы мен табиғи иінін шебер пайдаланып, адам денесінің анатомиясына ыңғайлы тірек жасаған. Бұл – 1980 жылдардағы қолөнердегі этно-минимализмнің озық үлгісі. Ал тұғырлы орындықтар мен дөңгелек үстелдердің ағаш діңінің көлденең кесіндісінен жасалған беттері өздерінің қайталанбас фактурасымен баурайды. Ағаштың шіріген, жарылған немесе безді жерлерін шебер ақау ретінде емес, туындының басты көркемдік артықшылығы ретінде көрсете білген. Үш немесе төрт аяқты тұғырлардың жасалуы бұйымдарға тұрақтылық пен ежелгі сақ-ғұн дәуірінің мәдениетіне тән архитектоника береді.
Уақыт шіркін заулап, бүгінде халық шебері, этнограф-ғалым Дәркембай Шоқпарұлының туғанына 80 жыл толып отырған айтулы кезеңге де келіп жеттік. Осы мерейтойлық белесте ұстаның қолжазбалары мен материалдық мұралары болашаққа жаңа сипатта қадам басуда. Бұл этно-жиһаздар бүгінгі таңда жай ғана өткен күннің экспонаты немесе мұрағаттық жәдігері емес, олар ұлттық брендімізді әлемдік деңгейде танытатын өміршең концепцияға айналды. Ұста Дәркембайдың туындылары болашақ сәулетшілер мен этнодизайнерлер үшін таптырмас академиялық үлгі, дайын шығармашылық формула ретінде қала бермек. Оның мұрасы алдағы уақытта да қазақ үй жиһаздарын модернизациялаудың басты қайнар көзі болып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық кодтың бұзылмас кепілі ретінде жететіні сөзсіз.
Ұста Дәркембай Шоқпарұлының бұл жиһаздары – «тірі ағаш» философиясының айқын көрінісі. Шебер материалды өзіне бағындыруға тырыспайды, керісінше, ағаштың ішкі жаны мен сырын ұғынып, оны сыртқа шығарады. Оның қолданған ашық қоңыр, терракот және табиғи ағаш түстері астына төселген қазақтың ашық түсті текеметтерімен (сырмақтарымен) контраст түзіп, интерьерде монументалдылық сыйлайды. Ұстаның 80 жылдық тойы аясында қайта зерделеніп отырған бұл туындылар тек ұлттық қолөнердің шедеврлері ғана емес, заманауи экологиялық өнердің отандық мәдениеттегі алғашқы үздік үлгілері, ұлттық дизайнды жаңа белеске көтерген және әр суретші армандайтын биік шыңның болашаққа жол тартқан айқын көрінісі секілді.
Мақпал Бұтабаева,
өнертанушы,
Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің қор сақтаушысы
Еңбекшіқазақ ауданы

