Перейти к содержимому

ТЕРЕҢГЕ ТАРТҚАН ТАМЫРЫН

31 қаралым

​1942 жылдың күзі еді. Әлем Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр зардабын тартып, адамзат қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқан шақта Рамазан ата мен Биша ананың шаңырағына өмірдің шуақты сыйындай болып бір қыз дүниеге келді. Қуанышы қойнына сыймаған ата-ана сәбиінің нәзік те ибалы, ғұмыры ұзақ болуын тілеп, есімін Жәміш деп қойды. Жәміш жастайынан ақылына көркі сай, әдепті де еңбекқор болып бойжетті.

Уақыт өз арнасымен жылжып жатты. Сыдықбек әулетінде Қонай есімді сегіз қырлы, бір сырлы азамат ер жетіп, шаңырақ көтерер жасқа келді. Осы тұста әулеттің бас көтерер азаматы Атымтай бауыры Қонайдың отбасылы болуын ойлап, ел ішінен текті де тәрбиелі жар іздей бастайды. Сол кездері Шелек ауылында жақсы араласып жүрген Бақатайдың қарындасы Жәмішке назары түседі. Атымтай Жәміштің жеңгесі Күлан арқылы ағасы Бақатайға бойжеткенді Қонай інісіне жар етуге ниетті екенін білдіреді. Осылайша, екі жақ өзара келісіп, Қонай мен Жәміштің танысып, табысуына жол ашады.
1961 жылы ақ ниетпен отау құрған жас жұбайлар Кеген ауданына қарасты қасиетті Жалағаш ауылында жеке шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басты. Жас отбасының алғашқы қуанышы – тұңғыштары Қуаныш дүниеге келді. Алайда тағдырдың жазуы солай болды ма, сәби бұл дүниеде ұзақ тұрақтамай, періште күйінде шетінеп кетті. Бұл ауыр қасірет жас жұбайлардың жүрегіне жазылмас жара салды. Дегенмен олар жақсылықтан үміт үзбей, Алланың берген сабыры мен мейіріміне сүйенді. Бір-біріне демеу болып, болашаққа деген сенімдерін жоғалтпады. Көп ұзамай шаңыраққа шаттық қайта оралып, Гүлжан есімді қыздары дүниеге келді. Қонай мен Жәміш Жалағашта тұрып, адал еңбектерімен тұрмыс құрып, бақытты ғұмыр кешті. Жәміш ауылдық поштада жұмыс істесе, Қонай ұжымшарда еңбек етті.
Қонай мен Жәміштің шаңырағы кеңейіп, Гүлжан, Ұлжан, Болат, Дихан, Ерлан, Нұрлан, Тұрлан және Бақытжан есімді перзенттері дүниеге келеді. Өнегелі отбасы тату-тәтті ғұмыр кешеді. Жалағаш ауылында тұрған жылдары Қонай ата Тоғызбұлақ ауылында адал еңбек етіп, маңдай терімен ел құрметіне бөленді. Еңбектегі елеулі жетістіктері үшін кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал Жәміш ана пошта бөлімінде қызмет атқарып, отбасының берекесі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып, ел алдындағы міндетін қатар алып жүрді. Өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен жұрт сеніміне ие болып, ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды.
1976 жылы отбасы Шелек ауданына қарасты Нұра ауылына (бұрынғы Сөгеті қой кеңшары) қоныс аударды. Бұл мекен олар үшін жай ғана жаңа қоныс емес, бақ қонып, береке дарыған құтты шаңырақтың алтын бесігіне айналды. Осында әулеттің жалғасы болған Райхан, Рауан, Айжан, Дәурен және Айман дүниеге келіп, отбасының қуанышы мен шаттығын еселей түсті.
Қонай ақсақал кеңшардың белді жүргізушілерінің бірі ретінде адал еңбегімен ел құрметіне бөленді. Ал Жәміш ана отбасының ұйытқысы болумен қатар, бүкіл ауыл ардақ тұтқан аяулы жанға айналды. Оның парасат-пайымы мен жүрек жылуы айналасына мейірім шуағын шашып, көпшілікке өнеге болды. Жәміш ананың жүрегінде бала күнінен аялап келген асыл арманы бар еді. Ол ұстаз болуды қалады. Тағдыр оған бұл арманын мамандық ретінде жүзеге асыруды бұйыртпаса да, ізгі мұраты ұрпақтары арқылы жалғасын тапты. Ұл-қыздарының барлығы орта мектепті үздік бітіріп, жоғары білім алып, әртүрлі салада ел игілігі жолында еңбек етті. Олардың бірқатары ұстаздық жолды таңдап, ана арманының ақиқатқа айналуына себеп болды. Қызы Райхан, немерелері Аружан, Бауыржан, Сағыныш және жиені Айгүл ғылым мен білім жолында табысты еңбек етіп, әулеттің мерейін үстем етіп келеді. Ал ұлдары, немере мен жиендері ауыл шаруашылығы, медицина журналистика және өзге де салаларда абыройлы қызмет атқарып, ел дамуына лайықты үлес қосуда.
Жәміш ананың ерекше парасаттылығы үлкен әулетті береке-бірлікке ұйыстыра білуінен көрінетін. Ол үш келіні Мира, Жанат және Розаны туған қыздарындай бауырына басып, білмегенін үйретіп, ақыл-парасаты мен мейірімін қатар дарытты. Кейін әулетке келін болып түскен Ұлданай, Райгүл және Ырысты да осы ізгі дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Жәміш ана келіндері үшін әрдайым өнегелі ене, әулеттің берекесін кіргізген шаңырақтың алтын қазығы болды. Асыл анамыз Кеңес өкіметі тұсында және тәуелсіз Қазақстан кезеңінде алтын құрсақты ана ретінде «Батыр ана» төсбелгісімен екі мәрте марапатталды. Ана тәлімін бойына сіңіріп өскен қыздары да бүгінде бір-бір шаңырақтың ұйытқысына айналған. Ал күйеубалалары Нұрмұханбет, Амангелді, Серік, Дәурен және Бақтияр үлкен әулеттің дарқан көңілі мен кең пейілін, Қонай ата мен Жәміш ананың тағылымды ақыл-өсиетін әрдайым зор ілтипатпен еске алып отырады.
Зейнетке шыққаннан кейін де Жәміш анамыз бен отағасы Қонай ақсақал қол қусырып отырмады. Кеңшардан үлесіне тиген азын-аулақ малын өсіріп, Алмалы жайлауын жайлап, Көкпектегі «Городок» қыстауында тынымсыз еңбек етті. Адал еңбектерімен жиған дәулетін ұрпағының игілігі мен болашағына арнады. Өмірінің соңына дейін тынымсыз еңбек етіп, бар жиған-тергенін балаларына теңдей бөліп беріп, ата-аналық парызы мен аманатын абыроймен орындады.
Уақыт керуені алға жылжи берді, 2022 жылдың қазан айында, 83 жасқа қараған шағында Жәміш анамыздың Құдай қосқан жары Қонай ақсақал мәңгілік мекеніне аттанды. Оның адал еңбегі мен асыл азаматтық болмысы ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Жәміш анамызды 60 жылдан аса бір шаңырақта бірге өмір сүріп, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, өмірлік серігі Қонай әкеміздің қазасы ойсыратып кетті. Жәміш анамыз өмірінің соңына дейін жарына деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласын жоғалтқан жоқ. Ол кісіні әрдайым «Қарқарадай әкелерің», «Қонекең» деп ерекше ілтипатпен еске алып отыратын. Бұл өмірлік жарына деген айнымас адалдық қана емес, кейінгі ұрпаққа үнсіз ұғындырған тағылымы мен қалдырған ұлы өнегесі еді.
Арада үш жыл өткенде 2025 жылдың тамыз айының соңғы күніне қараған кеште әзиз анамыз да жан дүниесі асыл жарына ұмтылғандай мәңгілік мекеніне аттанды. Алайда бұл өнегелі ғұмырдың үзіліп, ізсіз жоғалғанын білдірмейді. Бүгінде Қонай ата мен Жәміш анадан тараған ұл-қыздары, немере-шөберелері мен жиендері ата-ана аманатына адалдық танытып, алып бәйтеректің мәуелі бұтақтарындай жайқалып, өсіп-өніп келеді. Қонай әкеміз бен Жәміштің анамыздың жүріп өткен жолы – адал еңбек пен адамгершіліктің, береке мен бірліктің, сабыр мен шүкіршіліктің жарқын көрінісі. Қонай ақсақал мен Жәміш ананың жарқын бейнесі әрбір ұрпағының жүрегінде мәңгі сақталады.

Қонай әулеті